Ұлттық балаларды оңалту орталығы ашылған күннен қызметін медбикеден бастаған Райхан Рияшқызы бүгінде сол мекемедегі медбикелік іс бойынша басшылық қызметке жеткен. Жалпы, ол орталықтың өзінде 18 жыл жұмыс істеген.
Өзінің айтуынша, 38 жылдық жұмыс өтілінде ол екі жерде ғана жұмыс істеген. «Бірі – Омскідегі перинаталды орталықта, екінші жұмыс орным – осы жер, Ұлттық балаларды оңалту орталығы», - дейді Райхан Рияшқызы.
1986 жылы Омскідегі №4 медициналық училищеде білім алып, сол жақта 20 жылдай жұмыс істеген. 2007 жылы Астанаға қоныс аударады. Сол кезде дәрігер құрбысының арқасында орталықтағы «Болашақ» бөлімінің меңгерушісі Әсия Рашидқызымен танысу бұйырып, жұмысқа шақырылған.
Айтуынша, қазір ол кісі мұнда істемейді. Жекеменшік емханаға ауысып кеткен.
– Бос отырғанды ұнатпаймын, әйтеуір өзіме клиникалық жұмыс ұнайды. Алғаш келгенімде мекеме – балалардың республикалық оңалту орталығы деп аталды. «Болашақ» атты психо-неврологиялық бөлімде аға медбике болдым. Онда негізінен 3 жастан 5 жасқа дейінгі балалар емделеді.
2007 жылы орталықтың енді ашылған уақыты. «Болашақ» бөлімінде бар-жоғы 7 бала қабылдадық. Ерекше балаларды көп көрмегенбіз. Алғашында бізге олар қызық көрінді. Өздері кіп-кішкентай, сүп-сүйкімді еді. Оларды күтуге, қарауға қиналармыз деп қорықтық. Кейіннен үйреніп, өз баламыздай көрдік. Бауыр басқанымыз соншалық ерекшелігін қалыпты дүние ретінде қарадық, – дейді Райхан Рияшқызы.
2019 жылы ол клиникалық оңалту басқармасына аға медбикелік қызметке ауысады. Төрт жылдан кейін бас медбике, ал 2024 жылы медбикелер ісі бойынша басшысы, басқарма мүшесі болып тағайындалды.
– Отыра алмай жүрген бала отыра бастағанын, жүре алмаған бүлдіршінің еңбектей бастағанын не болмаса оның жасаған алғашқы қадамын байқағанда тынымсыз еңбегіміздің арқасы екенін түсінеміз. Кейбірі бізге келгенге дейін тамақты бөтелкеден ішсе, кейін қасық ұстап, ыдыстан ішуді үйренеді. Балалардың дамуына, сырқатынан айығуына пайдамыз тиіп жатқанын көріп, олардың қоғамда толыққанды қалыптасуына атсалысқанымызға қуанамыз. Медбикелердің жұмысы күтім көрсетумен ғана шектелмейді. Олар баланың дүкенге өзі барып, нан әкелуі немесе лифтімен өзі түсе алатындай әлеуметтендіруіне көмектеседі. Арасында аналарға балаларын қалай тамақтандыру керегін, не беруі керегі, оның қалай дұрыс тамақтандыру керегін үйретеді. Оған қоса, медбике – емделуші мен дәрігердің, дәрігер мен баланың, қыл аяғы бала мен ананың арасын байланыстыратын алтын көпір. Бала орталыққа түскенде уақытының көбін анасымен не болмаса дәрігермен емес, медбикемен өткізеді. Сондықтан олар балаға емнің қалай әсер еткені, оның көңіл күйіне немесе өзін-өзі ұстауына қарап-ақ байқайды, – деді ол.
Ақнұр деген емделушінің тұсауын Тұңғыш Президент кесті
Райхан Рияшқызының айтуынша, бүгінде Ұлттық балаларды оңалту орталығында жылына 4200 бала ем-дом қабылдайды. Жылына екі-үш рет еліміздің әр түкпірінен емделушілерді қабылдайтын апталықта әр бөлімге 320-ға жуық баладан түседі. Сонымен бірге үш күн бойы бірсәттік қабылдауымыз тағы бар. Оның бірінші күнінде 280-ге жуық бала келеді.
– Апталық кезінде еліміздің шалғайдағы елді мекендерінен емделушілер өте көп. Сол күндер – біз үшін ерекше күн. Олардың бәрін қабылдап, орналастыратын медбикелерге салмақ түседі.
Бастапқыда бір бөлімде 26 палата, оның әрқайсысына тек бір баладан орнығатын. Әр бөлменің өз әжетханасы, тоңазытқышы, балаға мен оның анасына арналған төсегіне дейін қамтылған. Кейін емделушілер саны көбейген соң әрбір бөлімге 52-55-ке дейін орналастырылды. Енді бір бөлмеде екі бала анасымен бірге орналасса, үшінші орын баланың өзіне арналады. Мысалы, «Балбұлақ» бөлімі – 12 жастан 18 жасқа дейінгі ересек балалардың тобы. Олардың бір палатасына үш баладан орналасса, екеуінің анасына орын есептелмеген. Сол себепті онда бала саны көбірек, оның саны – 67-ге жетеді, – дейді Райхан Рияшқызы.
Ем-домын алып, оңалтудан өткендердің арасында мамандарды іздеп келіп, ризашылығын білдіріп жататындар жоқ емес. Кішкене күнінен келген балалар 18 жасқа дейін бақыланады. Оған қоса, орталық сәуір айынан бастап 3 айлық, 6 айлық емізулі сәбилердің оңалуына көмектеспек.
– Біздің орталыққа жастайынан түскендер кәмелеттік жасқа толғанға дейін арагідік ем-домын алып тұрады. Көпшілігі көз алдымызда өсті. Кейбірімен әлі күнге дейін араласып, хабарласып тұрады. Ал олардың жетістігін көріп, біз қуанамыз. Мәселен, Ақнұр есімді қызымыз – ең алғашқы емделушіміз. Диагнозы – сал ауру, мүлдем жүре алмайтын. Өзі астаналық, бар-жоғы 7 жаста. Оның тұсауын орталықтың ашылуында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев кесті. Олардың бірге түскен суреті біздің мұрағатта әлі сақтаулы. Міне, сол Ақнұр бізде 17 жыл реабилитациядан өтті. Ақырында аяғына тұрып, жүріп кетті. Кейін оқуға түсіп, бітіргені бар. Өткен жылы тұрмысқа шығып, жұмыстағы әріптестер тойына да барып қайтты, – деді медбике ісі бойынша басшы.
Медбикелерге дәрігердің кейбір жүктемесі жүктелуі мүмкін
«Өміріміздің басым бөлігі жұмыста өтеді, ұжымдағы ауызбіршілік, татулық, сыйластық болуы тиіс», деген Райхан Рияшқызының қол астында 140 медицина қызметкері, 80-ге жуық санитар және 30-дай күтуші жұмыс істейді.
Оның пікірінше, орта деңгейдегі медицина қызметкерлердің өзі жеті түрлі сүзгіден өткізіліп, жұмысқа алынады. Мебикелердің біліктілігін арттыру мақсатында арнайы «жалпы білім беру» және «медбикелік істің қыр-сырын үйрететін» оқу бағдарламасына дейін әзірленген.
– Мәселен, жұмысқа жаңадан медбике келсе, оның жұмысын қадағалап, оған бас-көз болатын бас маманды бекітеміз. Медбикелік істі бастан-аяқ меңгеріп, оның ептілігі мен біліктілігіне көз жеткіземіз. Алда-жалда қандай да бір ісінің кем-кетігі байқалса, оған жетекшісі жауапты. Өйткені ол жас маманға дұрыс үйретпегеннің белгісі. Осындай олқылықтар болмас үшін біз оқу-тәрбиелік сектор ашып, әр бейсенбі сайын медбикелер оқытылады. Мысалы, қазір елімізде оңалту орталығы өте көп. Бірақ соның бәрін білікті медбике деп айтуға келе ме? Міне, осылардың біліктілігін арттыру керек. Оған қоса, медбикелердің оңалтудағы рөлін айшықтау мақсатында жаңа бағдарламаны қолға алмақпыз. Биыл Қазақстанның бүкіл аймағынан медбикелердің басын қосып, 10 адамнан тұратын екі топты оқыту жоспарда бар. Олар білім алып, оны тәжірибеде жетілдіріп, біліктілігін дәлелдесе, аймақтағы медбикелерге сабақ беріп, білген дүниесін үйрете алады. Медбикелік істі дамыту мақсатында басшымыз Ажар Ғиниятқызы бізге барлық мүмкіндікті берді, – дейді ол.
Райхан Рияшқызының бүгінде медбикелік іске талап қатты болмағандықтан, мамандардың әлсіз екенін мойындады.
– Студенттік кезде тәжірибеден өткенде талап өте қатты болды. Шынын айтқанда, жаныңды шығарып тұрып, бізді қуырып жіберетін. Соның арқасында жас болсам да әке-шешесінен шала туған балаға тікелей қан құюды, көктамырдың ішіне екпе салуды зонт арқылы тамақтандыруды білдім. Одан жаман болған жоқпын. Сол еңбегім мен біліктілігім мені осы дәрежеге әкелді. Неге ары қарай дәрігер болуды ойламағанымды білмеймін. Десе де, егер дәрігерлікке ұмтылсам менен жақсы дәрігер шығар еді, – деді Райхан Рияшқызы.