Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі «Медициналық қолдануға арналған дәрілік заттардың айналымының ерекшеліктерін белгілеу жөніндегі уақытша шаралар туралы» ЕЭК кеңесінің 2022 жылғы 10 маусымдағы №96 шешіміне мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының дәрілік препараттарды тіркеуді және дәрілік препараттардың тіркеу деректеріне өзгерістер енгізуді қоса алғанда, дәрілік заттар айналымының уақытша тәртібін белгілеу мерзімін 2027 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту туралы өзгеріс енгізді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Аталған шешім 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 30-бабына, 2014 жылғы 23 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде дәрілік заттардың айналымының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы Келісімнің 4, 7, 8 және 10-баптарына, сондай-ақ ЕЭК кеңесінің 2022 жылғы 17 наурыздағы №12 өкіміне сәйкес, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер халқының өмірі мен денсаулығын қорғау, Одақ шеңберінде дәрілік заттардың үздіксіз айналымын қамтамасыз ету мақсатында қабылданды.
Шешім 2025 жылғы 24 мамырда күшіне енеді және 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.