Қазақстан экономикасының қарқынды өсуі мен фискалдық саясаттағы өзгерістер аясында Ұлттық қордың қазіргі жағдайы мен болашағы алаңдаушылық тудырып отыр.
Қорға құрылымдық реформа қажет
240
оқылды

2025 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша қордың шығыны 2 трлн теңгеден асып, түсім көлемі бұл соманың жартысына да жетпеген. Бұл – тек ағымдағы қаржылық жағдай ғана емес, мемлекеттің ұзақмерзімді экономикалық тұрақтылығына қауіп төндіретін құрылымдық мәселе.

Қаржы министрлігінің дерек­те­ріне сүйенсек, 2025 жылғы 1 ма­мырға дейін Ұлттық қорға түс­кен түсім көлемі 854,9 млрд тең­ге­ні құраса, шығыстар 2,01 трлн тең­геге жеткен. Бұл  алынған қа­ра­жат көлемі түсімнен 2,3 есе ар­тық екенін білдіреді. Қаражаттың ба­сым бөлігі республикалық бюд­жетке берілген кепілдендірілген тра­нсферттер (1,6 трлн теңге) жә­­не нысаналы трансферттер (400 млрд теңге) ретінде жұмсалған. Ал қорды басқару мен аудитке 13,28 млрд теңге бөлінген.

Түсімнің негізгі көзі – мұ­най секторынан түскен ті­­ке­лей салықтар. Оның ішінде кор­­поративтік табыс салығы (428,96 млрд теңге), пайдалы қаз­ба­лар өндіру салығы (27,45 млрд тең­­ге), ренталық салық (72,48 млрд теңге) және өнім бөлісу бойын­ша ҚР үлесі (234,76 млрд тең­ге) бар. Алай­да бұл түсімдер бұ­рынғы жыл­дармен салыс­тыр­ған­да айтар­лық­тай азайған. 2025 жыл­ғы 1 ма­мыр­дағы жағдай бойын­ша қордың жал­пы көлемі 31,9 трлн теңгені құ­ра­ғанымен, бұл көрсеткіш сәуір­мен салыс­тыр­ғанда 340 млрд тең­геге төмен­де­ген. Бұл динамика қор актив­те­рі­нің біртіндеп сарқы­лып бара жат­қанын көрсетеді.

Қазақстан қаржыгерлер қауым­дастығы (ҚҚҚ) жанындағы ана­ли­тикалық орталықтың мәлі­ме­тін­ше, 2025 жылдың бірінші тоқса­нын­да Үкіметтің шығыстары кі­ріс­­тен 857 млрд теңгеге асып түсті. Экономикалық белсенділіктің 5,8%-ға жеделдеуі мен теңгенің әл­сіреуі аясында салықтық түсім­дер жалпы алғанда 4,8%-ға (5,8 трлн теңгеге) өскенімен, оның құ­ры­лымында теңсіздік байқалды. Сарапшылар бұл шығындардың қыс­қа мерзімде өсуі Ұлттық қор­дың жинақтау функциясын әлсі­ре­тіп, оның негізгі мақсатына – ке­лер ұрпаққа тұрақты қор қал­дыру­ға қауіп төндіріп отыр дейді.

Қауымдастық ұсынған тал­дауда, экономикалық өсім көрсет­кіш­тері жоғары болғанымен, мұ­най­ға салынатын салықтардан тү­­­­сетін кіріс көлемі былтырмен са­лыстырғанда 47 пайызға, яғни 547 млрд теңгеге қысқарған. Бұл мем­­­лекет кірісінің құрылымында мұ­най факторына деген тәуел­ді­лік­тің әлі де жоғары екенін көрсе­те­ді. Әсіресе, корпоративтік табыс са­лығы мен пайдалы қазбаларға қа­тысты төлемдердің азаюы мұ­най бағасының төмендеуінен туын­дап отыр. 2024 жылы мұнай­дың орташа бағасы 81,8 доллар болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 74,8 долларға дейін төмендеген. Сәуір айында Brent маркалы мұ­най бағасы тағы да құлдырап, бар­реліне 66,5 долларды құрады. Ма­мандардың айтуынша, бұл ши­кізаттық кірістерге сүйеніп отыр­ған ел үшін өте маңызды дабыл. Егер мұндай тенденция сақтала­тын болса, жыл соңына дейін Ұлт­тық қор кірісі айтарлықтай қыс­қаруы мүмкін.

Дегенмен салыстыра айт­қан­да, жергілікті бюджет­тер­дегі жағдай тұрақтырақ көрі­не­ді. Мұнда салықтық түсімдер 16 пайызға, республикалық бюд­жет­ке түсетін кірістер 20 пайызға арт­­ты. ҚҚС пен корпоративтік та­­быс салығы өсім көрсеткенімен, Ұлт­­тық қорға бағытталған түсім­дер керісінше төмендеген. Бұл мем­­лекет тарапынан көлеңкелі эко­­номиканы азайтуға бағыт­тал­ған шаралардың тиімділігін, са­лық әкімшілендірудің жақсаруын біл­діреді. Мәселен, 2024 жылы кө­­леңкелі экономиканың үлесі ЖІӨ-нің 17,5 пайызына дейін қыс­­­­қарды. Шағын және орта биз­нес субъектілерінің саны арт­қа­нымен, жалпы кірістің мемлекет қо­рына түсетін бөлігі төмен болып отыр.

ҚҚҚ есебінде жергілікті бюд­жеттер шығысының да артып отыр­ғаны айтылған. Мәселен, бі­лім беру саласына 217 млрд тең­ге, тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылыққа 100 млрд теңге, ал қар­жы активтерін сатып алуға 112 млрд теңге бағытталған. Бұл әлеу­мет­тік салаларға басымдық бері­ліп отырғанын көрсетеді, деген­мен сарапшылар мұндай шығын­дар­дың тиімділігі жайлы сұрақ туын­дайтынын алға тартып отыр. Со­нымен қатар республикалық бюд­жетте 857 миллиард теңгелік тап­шылық қалыптасқан. Үкімет бұл олқылықты жабу үшін ішкі жә­не сыртқы нарықтан 1,5 трлн тең­ге қарыз алды, алайда бұл жал­пы жоспарланған соманың тек 17,8 пайызына тең. 

Осы қаржылық теңсіздік мем­ле­кеттік қарыздың үнемі артуына әке­ліп отыр. Сарапшылардың сө­зін­ше, 2025 жылы мемлекеттік қа­рыз 37,2 трлн теңгеге жетіп, жал­пы ішкі өнімнің 24,7 пайызына тең болуы мүмкін. Мемлекеттік бо­рышты өтеуге кететін шығын­дар республикалық бюджеттің 9,3 пайызына дейін көтерілді, бұл  борыштық жүктеменің жылдам өсіп жатқанын көрсетеді.

Ал сарапшы Олжас Байділди­нов­тің пікірінше, қор кірістері азайып, трансферттер мен Үкімет қа­рызы артқан сайын оның тұ­рақ­тылығы төмендей түспек. Мұндай жағ­дайда Президент Тоқаев қой­ған 100 млрд доллар жинау мақ­са­ты­на жету қиындай түседі. Сон­дық­тан маман Ұлттық қор, БЖЗҚ жә­не «Самұрық-Қазына» қорын бі­ріктіріп, қағаз активтерді азай­тып, нақты инвестициялық жоба­лар­ға бағыттау қажет дейді. «Қа­зір­гі үш қордың жиынтық активтері қа­­ғаз міндеттемелерді есепке ал­ма­­ғанда шамамен 150 млрд дол­лар­ды құрайды. Бұл қаржыны бір орталықтан тиімді басқару елдің инвестициялық мүмкіндіктерін арт­тырып, экономикалық қауіп­сіз­дікті нығайтуға сеп болар еді», – дейді ол.

Ұлттық қордың қазіргі ахуа­лы – Қазақстанның ұзақ­мер­зімді экономикалық тұ­рақ­ты­лығына қатысты алаңдаушылық ту­ғызатын маңызды көрсеткіш. Жо­ғарыда айтылған мәселелерді ескерер болсақ, бюджет ереже­ле­рін қатаң сақтау, Ұлттық қорды тиім­ді басқару және нақты эко­но­микалық өсімге бағытталған ин­вестициялық саясат жүргізу  ал­да­ғы жылдардағы негізгі басымдық болу­ға тиіс.

Кәмила ДҮЙСЕН