Сыр халқына көп жылдан бері «Қызылордаوٴ – Ақтөбе» бағытындағы күрежолдың жыры мұңға айналды. Тар жолдың талай тағдырды күйреткені жасырын емес. Бірақ жол әлі кеңейтілген жоқ.
Күрежол күмілжітіп тұр
225
оқылды

 Бұған дейін өңірдегі өзектілігі жоғары жол мәселесін қаузағандар аз болмады. Естеріңізде болса, 2023 жылы Парламент Мәжілісінің Қызылорда облысынан сай­ланған депутаты Мархабат Жайымбетов Мәжілістің жалпы отырысында осы мәселеге орай депутаттық сауал жолдаған. 

Бұдан кейін Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр еліне жұмыс сапарымен келген сәтінде аймақты кесіп өтетін «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» көлік дәлізінің Ақтөбе облысына дейінгі бөлігінің екіжолақты болып сал­ын­­ғанына баса назар аударған еді. Нәтижесінде, Президент жолдың тым тар екенін айтып, Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярға нықтап тапсырғаны ел есінде. Алайда арада екі жылдан астам уақыт өтсе де күйі қашқан күрежолдан өзгеріс болмады. Күніне осы жолмен ерсілі-қарсылы қаты­най­тын жолаушылар жанын шүберекке түйіп жүрсе, құзырлы орындар тарапынан күрежолдың күйі бірде қаперде болса, енді бірде ұмыт қалып жатқаны байқалды.

Көлік демекші, мәліметке сәйкес, дәл осы жолмен бұған дейін тәулігіне 5-6 мың көлік жүрсе, соңғы жылдары олардың саны 10 мыңнан асып жығылады екен. Соның ішінде жеңіл және ауыр жүк көлік­терінің қатары артқаны айтылып жүр. Ал талапқа сәйкес, мұндай мөлшерде көлік қатынасы орын алатын жолдар кемінде төрт жолақты болуы тиіс. Осындай олқылықтың кесірінен жол-көлік оқиға­лары жиілеп, соңы қайғылы жағдайға соқ­тырып жатқан жайттар да аз емес. Елді алаңдатып отырғаны – осы мәселе. 

Жол құрылысы мамандарының пікіріне сәйкес, әу баста күрежолдың «Қызылорда – Ақтөбе» бағытындағы бұл бөлігі 4 жолақты болып жоспарланған екен. Бірақ қаржы үнемдеу мақсатында екіжолақтыға ауыс­тырылса керек. Бүгінде соның зардабын күрежолмен қатынаған жолаушылар мен автобанды жағалай қоныстанған ірілі-ұсақты елді мекен халқы тартып отыр. 

Негізінен, республика аумағындағы 96 мың шақырым автожолдың 3 420 шақырымы Қызылорда облысына тиесілі. Оның ішінде республикалық 1014,5, облыстық 555 және аудандық маң­­ыз­­дағы жол ұзындығы 1 849 шақырым­ын құрайды.

Цифрларды сөйлетсек, тіпті сұмдық. дерекке сәйкес, сәл ертелеу 2016 жылы дәл осы жолда 56 жол-көлік оқиғасы тір­келсе, 2019 жылы 71 жол апаты, ал 2022 жылы 99 жол апаты болғаны жария болды. 

Осы орайда күрежолда болған жайсыз жағдайлардың биылғы көрсеткіші де жаға ұстатады. Бұл тұрғыда бізге Қызылорда облысы Полиция департаментінің берген мәліметіне сәйкес, биылғы жылдың 4 айының қорытындысымен аталмыш жол бойында 25 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Соның салдарынан 16 адам қаза болса, 40 адам түрлі дене жарақатын алыпты. Бұл алғашқы 4 айдың қорытындысы екенін ескерсек, жыл соңына дейін бұл статистика өсуі мүмкін. 

Жалпы, былтырдан бері қаупі басым күре­жолды кеңейту жұмыстары 2024 жылы басталатыны сөз болып келеді. Алғашқыда жағымды хабар жолға жүрексіне шығатын әрбір жолаушыға үміт сыйлағаны анық. Бұл жайында жыл басында өткен брифингте Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бақыт Жахановтың да тілге тиек еткені ел есінде. 

Брифингте аталмыш жолдың 1-кезеңі бойынша жалпы құны 46,3 млрд теңге болатын Қызылорда қаласының айналма жолын салу жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытын­дысы алынғанын мәлімдеген болатын. Сондай-ақ 2-кезең бойынша Қызылорда – Сексеуіл аралығындағы автожолды ре­конс­трукциялау жобасы әзірленіп, техни­калық-экономикалық негіздемесі мемлекеттік сараптаманың қарауына жіберілгені жария болды. 

Негізінен, күрежол құрылысын жүр­гізу­де алдымен Қызылорда қаласы маңында айналма жол салу жоспарланған. Содан кейін Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі 464 шақырым жолды 1-санатқа ауыстыру көзделген. Осы орайда айта кететін жайт, аталмыш күрежолдың екі жағы қосжолақты болып, екі бағыттағы жолдың арасын 25 метрлік кеңістік бөліп тұратыны айтылды. Соған орай мамандар тарапынан елімізде тұңғыш рет жүзеге асырылғалы отырған жол салудың мұндай тәжірибесі жол апатының жиілеуін азай­туға сеп боларына сенім білдірген еді. 

Жоғарыда аталған мәліметтер негізінде жауапты саналатын Қызылорда облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына хабарласып, жол құрылысын білмекке тырыстық. Алайда аталмыш басқарма тарапынан жобаға тап­сырыс беруші «Қазавтожол» мекемесі екенін айтып, тиісті мәліметтерді сол жақ­тан беретінін мәлімдеді. Соған қара­ған­да Мемлекет басшысының тікелей назарындағы аталмыш жобаның нақты қашан қолға алынатыны биыл да беймәлім сияқты. Жауапты басқарманың екіұшты пікірі осыны аңғартқандай болды. 

Ал өз кезегінде «Қазавтожол» ҰҚ АҚ облыстық филиалы бастығының орын­басары Ерсайын Мұзафар аталмыш жоба­ға қатысты тиісті жұмыстар әлі де нақты­лану сатысында тұрғанын, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі мемлекеттік сараптаманың қарауында жатқанын мәлімдеді. Сараптама қорытын­дысы шыққаннан кейін ғана жоба төңірегінде нақты мәлімет бере алатынын жеткізді. 

Жалпы, қос өңірді жалғайтын күре­жолдың қазіргі ахуалы алаңдатарлық күй­де тұрғаны жасырын емес. Ең қиыны, әзірге жолаушылардың күрежолдағы қауіпсіздігіне ешкім кепіл бола алмайтыны өкінішті.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы