Куәгерлердің айтуынша, Әнуар жоғарыға ілініп қалған допты аламын деп қосалқы электрстансаның төбесіне шыққан. Сымға ілініп тұрған допты аламын деген сәтте баланы тоқ соғып, құлатқан.
– Кешкі 19:00-де үйден шығып кетті, әдеттегідей аулада балалармен ойнайды ғой. 19:20-да менің үлкен балама ауладағы балалар хабарласып, інісі құлап қалғанын, жедел жәрдем шақырғанын айтқан. Құлап қалды дегенді естіп, бәріміз шықтық. Сөйтсем, ұлым қап-қара болып өртеніп кеткен, денесінің сау жері жоқ. Жерде жатыр. Бірақ ол кезде ұлым тірі болды, – дейді қапыда ұлынан айырылып қалған Тұрсынгүл Бисекенова.
Тоққа соғылып қалған 9 жасар Әнуарды аулада жүрген ер адам құтқармақ болған. Ол дереу ілініп тұрған баланы жерге түсіріп, киімдерін шешіп, қолдан келгенді жасаған. Алайда қуаты 10 мың Вт тоқ баланың сау жерін қалдырмаған. Дереу жеткен жедел жәрдем жақын жердегі балалар ауруханасына апарған. Баланы шұғыл апаратқа қосқан. Дәрігерлер баланың өмірімен 2 тәулік күресті. Ауруханаға жеткен алғашқы күні баланың оң қолы мен аяғын кесіп тастаған. Ал екінші күні 22:30-да бала өліп кеткен.
– Балалар шулап, айқайлап жатқасын бардым. Мен досымды күтіп тұр едім. Ағашқа өрмелеп баланы түсіріп алдым. Мен оны өліп қалды деп ойладым. Бір кезде ол дыбыс берді. Дереу жедел жәрдемді, құтқарушыларды, полицияны шақырдым. Алдымен құтқарушылар келді, сосын полиция, сосын барып жедел жәрдем келді. Бар проблема – біздің үйдің ауласында балалар ойнайтын алаң жоқ. Сондықтан да балалар осылай далада ойнайды, – дейді Әнуарға алғаш көмек көрсеткен қала тұрғыны.
Бұл пікірді Әнуардың анасы да құптап отыр.
– Бірнеше жыл бұрын осы үйдің ауласына балалар ойнайтын алаң салды. Бірақ ол жерге ересек балаларды ойнатпайды. Әйелдер ұрсысып, кішкентай балалар ойнайды деп ересектерді жақындатпайды. Амал жоқ, ересек балалар осылай көрінген жерде доп ойнайды. Мына жерде доп ойнайтын тым құрығанда 4 метрлік тор құрып қоюға болады ғой, сонда доп ұшып кетпес еді. Не тым құрығанда мына электростансаны қоршап қоймаған. Егер ол қоршалғанда балалар бармас еді ғой, – дейді Тұрсынгүл Бисекенова.
Ең өкініштісі, баланың тоққа соғылуы БҚО-дағы алғашқы жағдай емес. Осыдан үш жыл бұрын Жаңақала ауданында 4 жасар Алпамыс тоққа соғылып қалған болатын. Қазір баланың екі қолы жоқ. Мектепке бара алмайды, үйден оқиды. Ал 9 жастағы Әнуардың өліміне қатысты полиция қылмыстық істі тергеуді бастағанын мәлімдеді.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА, Батыс Қазақстан облысы