Биыл Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы мен Бауыржан Момышұлының «Қолбасшының күнделігі» атты кітабы өзбек тіліне аударылады. Бұл туралы Өзбекстан Жазушылар одағына қарасты Қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы Тұрсынәлі Ахметов мәлім етті.
Қос кітап өзбек тіліне аударылады
234
оқылды

– Өзбекстандағы қазақ жазушылары өздерінің төл туындыларын жазумен қатар, көркем аударма саласына да ерекше көңіл бөледі. Атап айтқанда, бүгінде қазақ батыры Бауыржан Момышұлының «Қолбасшының күнделігі» атты кітабын өзбек тіліне аударып, оны басып шығару бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Еңбек таяуда жарық көреді деген сенімдеміз. Тиісінше, өзбекстандық оқырман Бауыржан Момышұлының әдеби мұрасымен танысады, – деді Тұрсынәлі Ахметов.

Сонымен қатар биыл Өзбекстанда Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы аталып өтеді. Оның аясында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын өзбек тіліне тәржіма жасау жоспарланып отыр.

– Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын кең көлемде атап өту көзделген. Бұл бағыттағы іс-шаралар өңірлерде басталып та кетті. Ұлы Абайдың шығармашылығына арналған конференциялар, кештер мен жыр мүшәйралары өтіп жатыр. Бәріміз білетіндей, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы әдебиетке құбылыс әкелді. Кезінде бұл еңбек өзбек тіліне аударылған. Дегенмен биыл осы кітапты өзбек тіліне қайта тәржіма жасап, оған жаңаша ренк беруді жоспарлап отырмыз. Жуырда бұл жұмыстардың нәтижесін жариялаймыз, – деп мәлімдеді Т.Ахметов.

 

Сымбат Камешова, 

Мақсұт Нәрікбаев атындағы университеттің 3-курс студенті