Бұл кеште жылдар бойы, шығармашылық жолымен қалыптасқан камералық туындылары орындалды.
Кеш барысында орындалған шығармаларды Төлеген Мұхамеджанов жекеменшік еңбегі ретінде қабылдамай, қазақ халқының еңбегі ретінде санайды.
– Бұл тек қана менің өнерім емес. Қазақ халқының мұрасы ретінде қабылдаймын. Өйткені ол шығармалар бір күн емес, бір жыл емес, көптеген жыл өмір сүріп келе жатыр. Сондықтан уақыттан алынған, сараптамасы бар. Концертті өткізуіме де осы себепкер болды, – дейді композитор.
Төлеген Мұхамеджановтың авторлық кеші Германияның Дюссельдорф қаласында өтуінің өзіндік себебі бар. Бетховен, Малер, Вагнер сияқты ұлылардың ізі қалған бұл ел камералық музыканың отаны саналады. Неміс халқы Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаеваны жақсы таниды. Ол композитордың авторлық кешінде ішкі жан дүниені ашуға мүмкіндік беретін жанрдағы сопраноны орындады.
Патша көңіл тыңдарманға фортепианолық трио, квинтет, сондай-ақ Ли Бай өлеңдеріне жазылған вокалдық цикл ұсынылды. Сондай-ақ композитордың авторлық кеші қазақтың ұлттық сарыны мен Еуропаның композиция бойынша техникасы үйлескен камералық шығармаларымен ерекшеленді.
– Қазақ композиторының шығармалары орындалған концертке алғаш рет келіп отырмын. Кейбір мелодияны тыңдап, балалық шаққа оралғандай сезімде болып тұрмын. Көпшілікке авторлық кеш өте ұнады. Мұны көрерменнің ыстық ықласынан байқауға болады, – дейді германиялық көрермен.
Төлеген Мұхамеджанов – көптеген музыкалық шығарманың авторы. Ол өнері арқылы әлемде болып жатқан қарулы қақтығыстарға, зорлық-зомбылыққа қарсы үн қатқысы келеді. Бүгінде тынымсыз еңбегі мен жан-жақты ізденісінің арқасында оның есімі әлемдегі үздік композиторлармен қатар аталады.