– Лудомания – үлкен қасірет, емделетін дерт, бірақ статистикаға қарасақ, елімізде 400 мың азамат осы зұлматқа тәуелді екен. 400 мың адамның артында отбасы тұр, бұл – біздің халық үшін ауыр қасірет. 2023 жылы шығармашылық ұжым осы тақырыпты ұсынған кезде сарапшылар кеңесінің барлық мүшесі қуана қолдады. Себебі бұл қоғамда бар проблема, оны көрсетуіміз керек. Құмаройыннан аулақ болу керектігін елге жеткізу қажет. Бұл тақырып – біздің орталық қолдайтын басты бағыттардың бірі, – деді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.
Лудоманнан жақсы ана шыға ма?
Фильмнің бас кейіпкері – Жұлдыз. Ол бәс тігуге құмар, оның үстіне кейіпкер ішімдікке тәуелді болады. Әйелдің жалғыз ұлы бар, тағдыры шытырман, ұлынан айырылғысы келмейді, бірақ тәуелділіктен арыла алмайды. Осылайша, күрес ұзаққа созылады. Таразының бір басында баласы, екінші басында ойынқұмарлық тұрады.
– Фильмнің сценарийі 2 жыл бұрын қолыма тиді. Бұл – маңызды тақырып, яғни ойынқұмарлық күн тәртібіндегі мәселенің бірі, екіншіден бас кейіпкер – әйел. Мұндай жағдай – біздің қоғамда сирек кездесетін жайт. Сондықтан бұл картинаны қуана қабыл алдым. Фильм барлық аудиторияға арналған, отбасымен бірге көруге де болады. Кейбіреулер фильмді көріп, өзін танып, шешім қабылдауы мүмкін. Фильм сценарийін жазу, танысу барысында Қазақстанда құмар-
ойынға әуес жандардың көп екенін білдік. Себебі ойын, бәс тігу қолжетімді, оның үстіне ашық жарнамалайды, ал әр ойынның артында адам тағдыры тұр. Сондай-ақ лудоманиядан арылу, оңалту қиын әрі ұзақ процесс. Біз картинада басты кейіпкер арқылы сол проблеманы көрсетуге тырыстық, – деді фильм режиссері Алдияр Байракимов жабық көрсетілім барысында.
Түсірілім бір айға созылған және фильм Астанада, Бурабай, Щучьеде түсірілген. Бас кейіпкердің рөлін актриса Гузель Жан ойнайды.
– Фильмде басты рөлді сомдау үшін кастингтен бірнеше рет өттім және үміткерлер көп болды. Бұл картина маған кәсіби тәжірибеден бөлек, өмірлік сабақ болды. Лудоманның кейпін кешкендей болдым және ойынқұмар еместігіме тәубә еттім. Мен өзім Германияда тұрамын, Қазақстанға осы фильмге түсуге келдім, түсірілім тобы ауқымды жұмыс істеді және ұйымшыл. Түсірілім өте қызықты өтті, жазда масаға да таландық, қыста -40 градус аязда камерамыз қатып қалды, боран болып жолда қалдық. Бұл фильмнің тағы бір ерекшелігі, тәуелділік проблемасы туралы туындыларда көбіне ер адамдардың тағдыры бейнеленеді, ал әйелдің құмаройынға басқа да жат қылыққа тәуелді болуы мүлдем бөлек жайт. Себебі әйел – отбасының берекесі, әйел бұзылса, отбасының құты кетеді, – дейді басты рөлді сомдаған әртіс Гузель Жан.
Кинотуындыда қазақ-орыс тілі аралас өрбиді және аудармасы қатар жүреді. Сондай-ақ авторлар фильмді көруді 14 жастан жоғары аудиторияға ұсынып отыр.
– Кино толығымен көңілімнен шықты. Шынымды айтсам, отандық киноларды көргенде тұшынып шыққаным сирек. Кино қоғамдағы көп проблеманы қозғады. Бас кейіпкердің ұстамды ойынына, режиссердің шешіміне, шығармашылық топқа алғыс айтамын. Кинода тек лудомания ғана емес, нашақорлық сынды қоғамдағы бірнеше проблеманы көрсетеді. Сондай дертке шалдыққан адамның ішкі психологиясын, отбасындағы жағдайды ашып айтты. Бірақ өмірде ойынқұмарлардың барлығы кинодағыдай бақытты болып жатқан жоқ. Әлі де осы жанрдағы киноларды түсіре беру керек. Көрермен ойланатын осындай киноларды көруге тиіс, – дейді кино көрсетілімінен кейін актер Нартай Сауданбекұлы.
Лудоманиямен күресу мақсатында былтыр шілдеде де ойын бизнесі мен лотерея бойынша заңнамаларға түзетулер енгізілді. Жалпы, 8 кодекс пен 14 заңға 150-ге жуық түзету енгізілді. Бірақ ойынқұмарлық статистикасы сонда да азаяр емес.
Қоғамға ой салатын туынды қажет
Әлемде қоғамға ықпал етіп, сананы өзгертуде, құқықтық реформаларға, әлеуметтік қозғалыстарға немесе қоғамдық пікірдің өзгеруіне түрткі болған кинолар аз емес. Атап айтсақ, 2019 жылы Америкада түсірілген Uncut Gems фильмі құмаройындардың адамның психикасына, қарым-қатынасына және өмір сүру сапасына қалай әсер ететінін нақты әрі шынайы көрсетеді. Көп көрермен бұл фильмнен кейін құмар ойындарға тәуелділіктің шын мәніндегі ауырлығын түсінген. Ал Канада да Owning Mahowny киносынан кейін құмаройындарға қатысты кеңінен қоғамдық талқылаулар өткен. Бұл туынды лудоманияның адамның өмірін толық бақылауға ала алатынын көрсетті.
Жалпы, қоғамдағы проблеманы кино түрінде халыққа жеткізу әлемде бұрыннан бар үрдіс. Соның арқасында саяси шиеленістер де азайған. Мысалы, 1966 жылы режиссер Гилло Понтекорво түсірген The Battle of Algiers фильмі Солтүстік Африкадағы француз үкіметіне қарсы Алжир соғысы кезінде көтерілісшілердің әрекетіне негізделген. Францияның Алжирдегі отарлау саясатына қарсы халық қозғалысын көрсетеді. Көп елдерде революциялық қозғалыстарға шабыт беріп, кейбір үкіметтер фильмді көрсетуге тыйым салды. Тіпті АҚШ пен Израильдің әскери шенеуніктері бұл фильмді көтеріліс пен қарсыласу стратегияларын зерттеу үшін көрген. Міне, осындай шынайы қоғамдық мәні бар туындылар халық санасын оятуға бірден-бір әсер етуші құрал. Мұндай фильмдер сананы сілкінтіп, заңдар мен саясатты өзгертуге себепкер бола алады.
Көктем ҚАРҚЫН