Несібесін жерден айырған ағайын үшін алақандай жердің өзі – құт көзі. Бабын тапсаң, байлық жерде деп байыптайтын оңтүстік жұртшылығы үшін жерден асқан құндылық жоқ.
Республика халқының он пайызы шоғырланған Түркістан облысында жер мәселесі өте өзекті ресурс екені белгілі. Ресми статистика облыс халқының 76 пайызға жуығы ауыл тұрғындары екенін көрсетеді. Облыстың жалпы жер көлемі 11,6 млн гектарды құраса, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің үлесі 4,3 млн гектар болып отыр. Егістік алып жатқан аймақтың көлемі 966 мың гектар болып белгіленсе, жайылымдардың үлесі – 3,1 мың гектар. Облыстағы 841 елді мекен тұрғындарының басым бөлігінің тұрмысы аграрлық сала және мал шаруашылығымен тікелей байланысты.
Түркістан облысының прокуратурасы жыл басынан бері кадастрлық құны 2 млрд теңгеден асатын жердің мемлекетке қайтарылғанын хабарлады. Қадағалау органы жер телімдерін заңсыз беру, тіркеу және оларды мемлекет меншігінен шығаруға қатысты заңбұзушылықтарды анықтады.
Мәселен, Сауран ауданында жалған құжаттар негізінде 2 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері жеке тұлғаларға рәсімделіп, кейін нысаналы мақсаты кәсіпкерлікке өзгертілген. Заңсыз әрекеттер салдарынан мемлекетке 320 миллион теңге шығын келтіріліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Төлеби ауданында жер комиссиясының шешімінсіз жер учаскелерін заңсыз беру, нысаналы мақсатын өзгерту, жалға беру мерзімін ұзарту бойынша 23 факті анықталған. Аталған ауданда 39 жер телімі жекеменшікке беріліп, кейін заңмен белгіленген мерзімде игерілмей қалған.
Аталған фактілер бойынша прокурорлық қадағалау актілері енгізіліп, материалдар прокуратураның Бақылау-тексеру басқармасына тіркеліп, іс жүргізу шешімдерін қабылдау үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне берілген.
Сонымен бірге ауыл адамының күнделікті тұрмысындағы жердің маңызын ескерген «АMANAT» партиясы, заңсыз жекешеленіп кеткен немесе ортақ игілікке жұмсалмай, пайдаланусыз тұрған жерлерді мемлекет қорына қайтаруда қайратты жұмысын жалғастырып келеді. Түпкі мақсат – ауыл тұрғындарының мүддесін қорғап, жердегі үлесін түгендеу, алтын бесік ауылдарымыздың тұрмысын түзеп, адал еңбегі бар, жерге маңдай тері сіңген шаруаларға қолайлы жағдай жасау.
«Жер аманаты» жобасымен Түркістан облысында соңғы үш жылда 1 млн 438 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Жоба алғаш қолданысқа енгізілген 2022 жылы Түркістан облысы бойынша 1 млн 34 мың гектар жер қайтарылса, 2023 жылы мемлекет қорына қайтарылған жердің үлесі 333,5 мың гектарға жетті. Ал 2024 жылы мемлекет меншігіне қайтқан жердің көлемі 70,9 мың гектар болып, жылдық жоспар 41 пайызға артығымен орындалды. 2025 жылы «Жер аманаты» жобасымен 40,8 мың гектар жер қайтарылады деп межеленсе, бірінші тоқсанда оның 10,4 мың гектары қайтарылды.
Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен жер мәселесі өте өткір көтеріліп жатқан Қазығұрт ауданында 2024 жылы Парламент Мәжілісінің депутаттары Бақытжан Базарбек, Жанарбек Әшімжан, Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов сынды «Жер аманаты» республикалық комиссиясы өкілдерінің облыстық және аудандық мәслихат депутаттарымен, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен және тұрғындармен кездесуі өткізіліп, заңсыз берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселелері бойынша құқықтық кеңестер беріліп, әдістемелік көмек көрсетілді.
Осы кездесудің нәтижесінде облыстық «Жер аманаты» комиссиясы мен облыстық партия филиалының ықпалымен соңғы 15 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан Қазығұрт ауданы, Алтынтөбе ауылдық округіне қарасты – 15,6 мың гектар, Қарабау ауылдық округіне тиесілі – 4,4 мың гектар, барлығы 20 мың гектар жер ауыл тұрғындарының ортақ игілігіне қайтарылды.
Бұл тұрғыда Алтынтөбе аулының тұрғыны Қосанбай Қалыбеков халық 15 жыл бойы сарыла күткен мәселенің оң шешілгеніне ризашылығын білдірді. «Халық өздеріне тиесілі жерден пай үлесін алып, егін салу, мал жаю мүмкіндігіне ие болды. Көп жылдар бойы көтерген мәселеміздің жолын тауып, қоғамға пайдалы шешім қабылдағаны үшін Жер аманаты комиссиясының мүшелеріне айтар алғысымыз шексіз», – деді қария.
Назгүл НАЗАРБЕК, Түркістан облысы