Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдап, азаматтық қорғаныс мәселелері жөніндегі заңды екінші оқылымда қабылдады. Сонымен қатар Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын құру туралы шартқа өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.
Жасанды интеллект заңмен реттелмек
319
оқылды

«Жасанды интеллект туралы» заң жобасы авторларының бірі, жұмыс тобының жетекшісі Екатерина Смышляева түзетулер туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, құжаттарды Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мәжіліс депутаттары әзірлеген.

– Жасанды интеллектінің дамуы үлкен мүм­­кіндіктермен де, елеулі тәуекелдермен де жү­­ре­ді. Осы салада құқықтық реттеудің болма­уы басты мәселенің бірі болып қала береді, – деді депутат.

Екатерина Смышляева заң жобасының маңызды бөлігі ұлттық жасанды интеллект плат­формасы екенін айтты. Бұл – жасанды интеллект өнімдерін әзірлеу мен қолдануға арналған бірыңғай инфрақұрылым. Платформа арқылы жасанды интеллект модельдерін оқыту үшін деректер кітап­ханалары әзірлеушілерге қолжетімді болады.

Осы саладағы қоғамдық қатынастардың барлық қатысушысының құқықтары мен міндеттері де нақты белгіленген. ЖИ жүйелерінің ие­лері өз жүйе­лерін пайдалану шарттарын бел­гілеп, құқықтарын қорғай алады және тәуе­кел­дерді басқара алады. Ал пайдаланушылар жеке деректерін қорғауға, ЖИ жүйелерінің жұмысы туралы хабардар болуға және автоматтандырылған шешімдерге қарсылық білдіруге құқылы болады.

«Жасанды интеллект туралы» заң жобасында қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген. ЖИ жүйелері тәуекел деңгейіне қарай ең төменгіден жоғарыға дейін жіктеледі. Қауіптілігі жоғары жүйелер маңызды ақпараттық және коммуникация­лық инфрақұрылым ретінде жіктеледі. Сондай-ақ көмекшілерге, жартылай автономды жүйелерге және толық автономды алгоритмдерге бөледі. Соңғысына Қазақстан Республикасы аумағында тыйым салынады.

Талқылау қорытындысы бойынша Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бүгін аса маңызды және дер кезінде әзірленген заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданғанын атап өтті. Жасанды интеллект – қазіргі әлемде зор маңызы мен басымдығы бар сала. 

– Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне басымдық беріп отыр. Таяуда өткен Ұлттық құрылтай отырысында еліміз үшін осы саланы дамытудың маңыздылығын тағы да атап өткені бекер емес. Бүгінде жасанды интеллект өнімдерін қолдану қарқынды дамып жатқанына қарамастан, тек санаулы елдер ғана оның толыққанды дамуына құқықтық негіз жасай алды. Бұл ретте біздің депутаттарымыз халықаралық үздік тәжірибелерді ескере отырып, осы заң жобасын әзірледі, – деді Мәжіліс Спикері.

Ерлан Қошанов екінші оқылымға дейін жалпы отырыс барысында көтерілген мәселенің бәрін мұқият зерделеп, даму мен қауіпсіздік арасындағы ақылға қонымды тепе-теңдікті табу қажеттігін айтты. 

Сонымен қатар бүгін азаматтық қорғау мәселелері туралы заң екінші оқылымда қабылданды. Жұмыс тобының жетекшісі Аян Зейнуллин заңнамалық өзгерістер қызметкерлердің мәртебесін көтеру арқылы азаматтық қорғаныс жүйесін нығайту, адам саны көп нысандарды пайдалануға қабылдау кезінде өртке қарсы бақылауды қалпына келтіру, сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін қарастыратынын жеткізді.

– Екінші оқылымға дайындық барысында құжатқа депутаттар тарапынан жаңа нормалар енгізілді. Олардың қатарында өрт салдарынан үшінші тұлғаларға зиян келтірілген жағдайда адам жаппай жиналатын объектілер иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру, жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штаб құру және оның қызмет тәртібін айқындау және басқалар кіреді, – деді А.Зейнуллин.

Түзетулердің жеке блогы азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған. Заңнамалық деңгейде мұқтаж қызметкерлерге тұрғын үй төлемдерін алу және қызметтік тұрғын үйді жекешелендіру, сондай-ақ көтерме жәрдемақыларын алу, қызметтік ауысым кезінде отбасы мүшелерінің көшуі мен жол жүру шығындарын өтеу құқығы бекітілген.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында депутаттар өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды күшейту стандарттарын әзірледі. Енді қауіпті өндірістік объектілерді, оның ішінде шахталарды, карьерлерді, қатты пайдалы қазбаларды өңдеу зауыттарын және басқаларды тексеру бұрын Кәсіпкерлік кодекс аясында қолданыста болған шектеулерсіз жүргізілетін болады. Маңызды жаңалық – тексеруді дайындау мерзімін қысқарту. Енді ол хабарлама алынғаннан кейін 24 сағат ішінде жүргізіледі. 

Мәжіліс 2009 жылғы 9 маусымдағы Еуразия­лық тұрақтандыру және даму қорын құру туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады. Оны депутаттарға Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил таныстырды. Жұмыс тобының жетекшісі Ирина Смирнова түзетулер қорды тәуелсіз халықаралық ұйымға айналдыруға бағытталғанын айтты. Сондай-ақ оның Еуразия­лық даму банкімен институционалдық байланысы тоқтатылады. Бұл тек басқару тұрғысынан ғана маңызды емес, заң бөлімі тәуекелдерді азайтып, қорға халықаралық серіктестермен тәуелсіз қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Жобаларды жүзеге асыруда ұлттық валюталарды пайдалану кеңейіп, сенім жарналары мен техникалық көмек қолжетімді болады. Бұл қордың құралдар жинағын айтарлықтай кеңейтеді.

 

М.Жасын