Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бір топ депутатпен бірге Ұлттық ғарыш орталығына барып, ғарыш аппараттарын шығаратын Құрастыру-сынау кешенінің қызметімен танысты. Кездесуде ғарыш саласын дамытуға арналған жобаларды іске асыру барысы және оларды дамыту перспективалары талқыланды.
Ұлттық ғарыш орталығының қызметімен танысты
211
оқылды

Мәулен Әшімбаев атап өткендей, Қазақстан үшін ғарыш саласын дамыту мемлекеттің егемендігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы стратегиялық маңызға ие. Сондықтан Мемлекет басшысы бұл бағытқа үнемі баса мән беріп келеді.

Сенат Төрағасы ғарыш саласындағы жұмысты жетілдіру үшін кадр тапшылығын шешуге, білім беру сапасын арттыруға, ұлттық спутниктік бағдарламаны дамытуға, жобаларды коммерцияландыруға және басқа да маңызды мәселелерге ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті.

Өз кезегінде, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев сенаторларға аталған саланы ілгерілету мақсатымен қолға алынған жұмыстар жөнінде айтып берді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков Ұлттық ғарыш орталығының алдағы кезеңге арналған жоспарлары мен жобаларына тоқталды. Іс-шарада ҚР ЦДИАӨМ Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов «Байқоңыр» ғарыш айлағының ұшыру қызметтері мен даму келешегі туралы баяндады. Сондай-ақ кездесу барысында Жерді қашықтықтан зондтаудың және спутниктік байланыс пен хабар таратудың ғарыштық жүйесіне қатысты мәселелер сөз болды.

Сонымен қатар депутаттар спутникті сынауға арнал­ған акустикалық камера, электромагниттік үйлесімділік камерасы, шағын және үлкен термовакуумдық камера сияқ­ты ғарыш аппараттарын шығаратын Құрастыру-сынау кешенінің учаскелеріне барды және Жерді қа­шықтықтан зондтаудың спутниктік топтамасы өндірісінің таныстырылымына қатысты.