Осы ретте Данабек Исабеков Қазақстан осы мысалдарды ескере отырып, оларды ұлттық ерекшеліктерге бейімдеу арқылы импортқа тәуелділікті азайтып, елдің фармацевтикалық қауіпсіздігін нығайтуы қажет екенін айтты.
Қазақстанда ішкі нарықтағы отандық дәрі-дәрмектің үлесі небәрі 14,5% – Данабек Исабеков
535
оқылды

Қазақстанда дәрі-дәрмектің 80 пайызы шетелден жеткізіледі. Мұндай тәуелділік денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығына қауіп төндіріп отыр. «AMANAT» партиясының депутаты Данабек Исабеков Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары  Ермек Көшербаевқа отандық дәрі-дәрмек өндірісінің жай-күйіне қатысты депутаттық сауал жолдап, нақты шаралар қабылдауды талап етті, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Осы ретте депутат «AMANAT» партиясы өз сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасында 2023 жылы отандық дәрі-дәрмектер үлесін 33%-ға, ал 2024 жылы 35%-ға дейін арттыруды мақсат етіп қойғанын атап өтті.

- Алайда Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2023 жылдың қорытындысы бойынша, ішкі нарықтағы отандық препараттардың үлесі небәрі 14,5%-ды құрады.

Сонымен қатар «ФармМедИндустрия Казахстана» қауымдастығының алдын ала болжамы бойынша, 2024 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіштің орындалуы тек 13% деңгейінде болмақ.

Бұл жоспарланған көрсеткіштерден айтарлықтай артта қалып отырғанын көрсетіп, фармацевтикалық саланы дамытуға деген көзқарасты қайта қарау және жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін айғақтайды.

Отандық дәрі-дәрмектер үлесінің төмен болуына негізгі себептер ретінде өндірістік қуаттың шектеулігі, импорттық шикізатқа жоғары тәуелділік, ғылыми-зерттеулерді қаржыландырудың жеткіліксіздігі, сондай-ақ жаңа препараттарды сертификаттау мен тіркеудегі қиындықтар атап өтіледі.

Сонымен қатар Қазақстандағы 43 фармацевтикалық кәсіпорынның тек 26-сы ғана GMP (Good Manufacturing Practice) халықаралық стандарттарына сай келеді, бұл қалған 17 кәсіпорынның шетелдік өндірушілермен бәсекелесу мүмкіндігін шектейді.

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, ұлттық фармацевтиканы табысты дамыту мемлекеттік қолдаудың белсенділігімен тікелей байланысты. Мысалы, Ресейде импортты алмастыру бағдарламасының арқасында отандық дәрі-дәрмектердің үлесі 64%-ға жетсе, Беларусьте дәріханаларда сатылатын препараттардың шамамен  55%-ын отандық өнімдер құрайды, – деп нақтылады депутат.

Осы ретте Данабек Исабеков Қазақстан осы мысалдарды ескере отырып, оларды ұлттық ерекшеліктерге бейімдеу арқылы импортқа тәуелділікті азайтып, елдің фармацевтикалық қауіпсіздігін нығайтуы қажет екенін айтты.

– Сондай-ақ сайлауалды міндеттемелер халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттырумен тікелей байланысты екенін ескерсек, ішкі нарықты қолжетімді бағадағы отандық препараттармен қамтамасыз ету үшін жоспарланған көрсеткішке қол жеткізудің нақты шешімдері қабылдануы қажет.

Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасын және «AMANAT» партиясының сайлауалды міндеттемелерін орындауда кідіріс болмас үшін отандық дәрі-дәрмек өндірісінің үлесін арттыруға қатысты көрсеткіштің орындалу барысы туралы толық ақпарат беруді сұраймыз, – деді Исабеков.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.