Қазақстандық кәсіпорындар арзан әрі сапасы күмән тудыратын импортпен бәсекелесіп, өнімді сертификаттауға жұмсалатын шығынды өз мойнына алуға мәжбүр болып отыр. Бұл жайында «AMANAT» партиясы жанындағы Аграрлық сектор мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің отырысында отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселесін талқылау барысында айтылды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Мемлекеттік органдар, қауымдастықтар мен азық-түлік өндірушілері қатысқан жиынды ашқан Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов Қайта өңдеу кәсіпорындары қауымдастықтарының альянсымен бірлесіп, қазақстандық өндірушілерге мемлекеттік қолдау шараларын әзірлеудің маңыздылығына тоқталды.
«Қазіргі таңда заңнамаға енгізілетін өзгерістер Үкіметтің қарауында. Бұл түзетулер талқыланған кезде мемлекеттік органдар негізсіз бас тартулармен шектелмей, заңнаманы жетілдіруге нақты ұсыныстар енгізсе дейміз. Отандық өндірушілерді қолдау тетіктерін жетілдіру – бірінші кезектегі міндет», – деді ол.
Өз кезегінде Салалық одақтар альянсының үйлестірушісі Андрей Кукушкин шекарада санитарлық және ветеринарлық бақылауды күшейту қажеттігін айтты. Оның пікірінше, санитарлық талаптарды қатаңдатпай және бақылаушы органдардың жауапкершілігін арттырмай, елімізге келетін өнімнің қауіпсіздігіне кепілдік беру мүмкін емес. Ол сонымен қатар қосымша зертханалық тексерулер енгізіп, жеткізу арналарын цифрлық бақылауға алуды ұсынды.
«Бұл өте маңызды. Себебі нарықтағы өнімнің 40%-ға жуығы көлеңкелі жолмен келеді. Бұл – отандық өндірушілер үшін әділетсіз бәсекелестік», – деді ол.
Отырыс барысында қазақстандық компаниялардың сыртқы нарыққа шығу жолында кездесетін кедергілер де талқыланды. Өнімді халықаралық сертификаттауға кететін шығын экспорттаушылар үшін үлкен тосқауыл болып отыр.
Техникалық реттеу және метрология комитетінің Мемлекеттік бақылау басқармасының басшысы Динара Жайлаубаева бұл мәселеге қатысты министрлікке кәсіпорындардан өтініштер жиі түсетінін айтты.
«Мұндай шығындарды қолданыстағы қолдау бағдарламалары арқылы, мысалы, QazIndustry операторы арқылы ішінара өтеу тетігін қарастыру қажет деп санаймыз», – деді ол.
Бизнес өкілдері министрліктің бұл бастамасын қолдады.
«Қазір парадокс жағдай туындап отыр: кәсіпорындарға «экспортқа шығыңдар» дейді, бірақ дайындық жұмыстарының барлық шығыны бизнестің мойнына жүктеледі. Нәтижесінде, кейбір компаниялар шетелдік серіктестермен келіссөз жүргізуден бас тартып жатыр. Себебі аудит, сертификаттау және құжаттарды бейімдеу шығындарын көтеруге шамалары жетпейді», – деді А.Кукушкин.
Сауалнамаға қатысқан компаниялардың 70%-дан астамы ЕАЭО немесе ЕО елдеріне өнім шығарудан бас тартқанын айтты. Себебі – сертификат алудың бағасы тым қымбат. Бұл шығындар өнім түрі мен нарығына байланысты 5 миллионнан 30 миллион теңгеге дейін жетеді. Қолдау шараларының нақтылығын арттыру үшін шығындарды өтеудің нақты критерийлері ұсынылды.
«Үш негізгі факторды ескеруді ұсынамыз: нақты экспорттың расталуы, яғни сыртқы сауда келісімшартының немесе расталған жеткізілімнің болуы; өнімнің кем дегенде 50 пайызы Қазақстанда өндірілген болуы тиіс; жалған компанияларды болдырмау үшін индустриялық сертификаттау бағдарламасына қатысуы», – деді Д.Жайлаубаева.
Нұржан Әшімбетов бұл ұсынысты қолдап, Қаржы министрлігі және Стратегиялық жоспарлау агенттігімен бірлесіп, ұсыныстарды қысқа мерзімде пысықтауды тапсырды. Сондай-ақ бұл шараларды «Қазақстанда жасалған» бағдарламасы сияқты мемлекеттік бағдарламалармен үйлестіру ұсынылды. Бұл мәселелер тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етуге бағытталған.