– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялауы – еліміздегі кәсіби білім беру мен еңбек нарығын дамытудың жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды қадам. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, техникалық және кәсіптік білім жүйесін жаңғырту арқылы жастарды нақты еңбекке тартудың тиімді тетігі болмақ.
1. Жұмыстар және жұмысшы кәсіптердің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығы ескірді. Қазіргі уақытта елімізде қолданыстағы Жұмыстар және жұмысшы кәсіптердің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығы 1990 жылдардағы өндіріс құрылымы және кәсіп түрлеріне арналған. Алайда қазіргі замандағы еңбек шарты мүлде басқа талаптар қоюда. Industry 4.0 аясында автоматтандырылған жүйелер, робототехника, логистика, цифрлық өндіріс процестері секілді жаңа мамандықтар қалыптасып, дамыды. Бірақ бұл анықтамалық оларға сай біліктілік шектерін, лауазымдық міндеттер мен жалақы деңгейлерін нақтыламайды. Соның салдарынан жұмысшылардың нақты атқарған еңбегі мен жалақысы арасында алшақтық туындауда.
Сонымен бірге, жұмыс берушілер бұл құжаттың ескіруін сылтауратып, еңбек қатынастарын формалды түрде ғана рәсімдеп, жұмысшы құқығын айналып өтуде. Мұндай жағдайлар әсіресе құрылыс, ауыл шаруашылығы, өндіріс және қызмет көрсету салаларында жиі кездеседі. Бұл – еңбек адамының қадірін түсіреді. Мысалы, өндірісте 3D модельдеумен жұмыс істейтін техник маман және слесарь еңбегінің ауырлығына сайкес зерделенуі қажет.
2. Колледждердегі білім беру бағдарламаларын жұмыс берушілермен бірлесіп қайта құру қажет.
Кәсіптік және техникалық білім беру жүйесі бүгінде нарық сұранысына толық жауап бере алмайды. Көптеген колледждерде оқыту бағдарламалары ескі әдіспен құрылып, өндірістегі нақты жағдайларға сай келмейді. Бұл түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігін төмендетеді. Елімізде 800-ден астам колледж жұмыс істейді. Алайда, World Bank және OECD зерттеулеріне сәйкес, Қазақстандағы ТжКБ жүйесінің 60%-ға жуығы еңбек нарығының нақты сұранысынан алшақ. Бағдарламалар жаңартылмаған, өндірістік тәжірибе қысқа мерзімді, ал оқытушылардың басым бөлігі жаңа технологиялармен жұмыс жасауға жеткіліксіз. Сонымен бірге, жасыл экономиканы дамыту жөніндегі тұжырымдама (2050) және цифрлық Қазақстан стратегиясы аясында жұмысшы мамандықтарына энергия тиімділігі, қалдықтарды басқару, қайта өңдеу технологиялары, цифрлық логистика, ERP жүйелерімен жұмыс істеу мүлде жаңа құзыреттер қажет, – дейді депутат Мұқаш Ескендіров.
Осыған байланысты Жұлдыз Сүлейменова салалық ерекшеліктерді ескеріп, жұмыс берушілер мен кәсіподақтардың, салалық сарапшылардың қатысуымен жаңа анықтамалық әзірлеу қажеттігін айтты.
– БТБА-ны толықтай жаңарту қажет. Ол үшін салалық ерекшеліктер ескеріліп, жұмыс берушілер мен кәсіподақтардың, салалық сарапшылардың қатысуымен жаңа анықтамалық әзірлеу қажет. Заманауи кәсіптер мен құзыреттерді (мысалы, дрон операторлары, техниктер, автоматтандырылған жүйе операторлары, логистика мамандары және т.б.) толық енгізу – әділ еңбек қатынастарының кепілі. Халықаралық стандарттар мен ЕуроОдақтың ESCO жүйесі (European Skills, Competences, Qualifications and Occupations) негізінде жаңа кәсіп түрлерін саралайтын Ұлттық біліктілік шеңбері ескерілуі шарт. Құжат электронды форматқа көшіріліп, жұмыс берушілер мен кадр мамандарына ыңғайлы құрал ретінде ұсынылуы тиіс.
Екіншіден, колледждер жұмыс берушілермен тұрақты әріптестік орнатуы тиіс. Оқыту бағдарламалары жаңартылып, өндірістік тәжірибе мен дуалды оқыту кеңінен енгізілуі қажет. Сонымен қатар, әр мамандық бойынша цифрлық сауаттылық пен экологиялық жауапкершілік дағдыларын қалыптастыратын модульдер енгізілуі тиіс. Колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші аналитикалық зерделенуі қажет. Колледж түлектерін кәсіби қайта даярлауға кететін мемлекеттік шығындар есептелуі өзекті.
Үшіншіден, жұмыс берушілерді дуалды оқытуға оқу бағдарламасын әзірлеуге міндетті түрде тарту қажет. Цифрлық және «жасыл» құзыреттер барлық техникалық мамандықтарға енгізілуі тиіс. Әр колледжде технологиялық серіктестермен (зауыттар, ІТ-компаниялар, агрофирмалар) бірлескен оқу-өндірістік лабораториялар құрылуы тиіс, – деді ол.
Олардың айтуынша, осы екі бағыт бойынша нақты өзгерістер енгізу – жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, еңбек құқықтарын қорғаудың, кәсіби білім мен өндіріс арасындағы алшақтықты жоюдың негізгі жолы. Сонымен қатар, бұл шаралар жастардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын арттырып, ұлттық экономикамыздың негізі – еңбек адамына лайықты жағдай жасауға ықпал етеді деп сенеді.