Мәжіліс депутаттары "Жасанды интеллект туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов жаңа заң жобасының өте маңызды екенін әрі дер кезінде әзірленгенін атап өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Мәжіліс Төрағасының айтуынша, жасанды интеллект – қазіргі әлемде зор маңызы мен басымдығы бар сала. Оның дамуы адам өміріндегі денсаулық сақтау мен білім беруден бастап – өнеркәсіп пен көлік саласына дейінгі барлық бағытына терең әсер етеді.
– Бұл үрдіс болашақта тек күшейе түсері сөзсіз. Сондықтан біз де осы заманауи өзгерістерден қалып қоймай, ілесе білуіміз қажет.
Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне басымдық беріп отыр.
Таяуда өткен Ұлттық құрылтай отырысында еліміз үшін осы саланы дамытудың маңыздылығын тағы да атап өткені бекер емес.
Бүгінде жасанды интеллект өнімдерін қолдану қарқынды дамып жатқанына қарамастан, тек санаулы елдер ғана оның толыққанды дамуына құқықтық негіз жасай алды. Бұл ретте біздің депутаттарымыз халықаралық үздік тәжірибелерді ескере отырып, осы заң жобасын әзірледі.
Заң жобасын қабылдау арқылы, біріншіден, біз мемлекеттік органдардың құзыретін бекітеміз.
Екіншіден, инвесторлар мен IT өнімдерін әзірлеушілер үшін нақты «ойын ережелерін» анықтаймыз.
Үшіншіден, біз жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге қолайлы жағдай жасаймыз.
Бұл экономика мен бизнестің барлық саласының дамуына серпін береді.
Ең бастысы, осы бағытта азаматтарымыздың құқығы мен мүддесін қорғауды қамтамасыз етеміз, – деді Мәжіліс Төрағасы.
Сөз соңында Ерлан Қошанов екінші оқылымға дейін осы көтерілген мәселенің бәрін мұқият зерделеп, даму мен қауіпсіздік арасындағы ақылға қонымды тепе-теңдікті табу қажет екенін айтты.