Көптен бері көрінбей кеткен отандық әнші сахнаға қайта оралды.
"Сахнаға деген сағыныш кетпейді": Отандық әнші өнер жолына қайта келгенін айтты
сурет парақшасынан алынды
255
оқылды

Отандық әнші Алтынай Төлембетова  араға жылдар салып, өнерге қайта оралды. Халыққа «Сарын» тобы арқылы  танылған ол бүгінде жеке әнші ретінде қалыптасуды  қолға алып отыр. Әншінің өнерден алыстауына не себеп? «Ринго» тобының бұрынғы мүшесі Данияр Өтегеннен бөлек кетудің сыры неде? Әншілердің дуэті неліктен бұзылды? «Айқын» тілшісі осы сұрақтарға жауап алған болатын. 

Алтынай Төлембетова бірнеше жыл «Сарын» тобында ән шырқады. Тыңдармандар Алтынай мен «ринголық» Данияр Өтегеннің дуэтін жақсы қабылдаған. Бірақ бұл  топ өз миссиясын аяқтап, Алтынай  жеке  әнші ретінде бағын сынауда. 

«Үлкен сахнадан алыстап кетуімнің себебі бар. Әрбір қыз баласы секілді, мен де отбасын құрып, ана, жар атануды қаладым. Алла сол арманыма жеткізіп, жақсы жар  жолығып, екі балапанды  дүниеге әкелген жайым бар. Декреттегі аналарға  жұмысты алып жүру қиын ғой?! Сол секілді, менің де өнер жолындағы сапарым уақытша тоқтады. Десе де, түбі қайта ораларыма, қайтадан жаңа әндер шығаратыныма сендім. Жолдасым да қолдады. Балаларым аяққа тұрып қалған соң, жақындарымның демеуімен, сахнаға қайта оралдым. Бұл жолы  «Сарын» тобының мүшесі ретінде емес, жеке әнші ретінде халықты қуантпақшымын», - дейді Алтынай. 

Әнші ару топта ән айту мен жекелей ән шырқаудың айырмашылығы да, өзіндік қиындықтары да барын жасырған жоқ.

«Сарын» тобы – менің өнердегі тұсауымды кескен жоба. Бұл топтан мен үлкен тәжірибе жинадым, халыққа танылдым, сахнаға нық қадам баастым. Осы  топқа топ етіп түсе қалғаным жоқ, 17 жасымда кастингтен өтіп, әділетті түрде таңдалдым. Аталған ұжымға, Данияр Өтеген ағамызға алғысым шексіз. Бағыт-бағдар  беріп, сахнаның қыр-сырын  үйретті.    Ол кісімен ән шырқағанда, бір-бірімізді айтпай-ақ түсінетін едік. Әрине, топта ән айтып, кейін жеке орындаушы болудың айырмашылығы бар. Топта қасыңдағы әріптестеріңе деген сенім болады, ән жазарда, ән таңдарда үнемі ақылдасып, бірігіп істейсің жұмысты. Ал жеке әнші болған соң, барлық жауапкершілікті де өзіңе алуға тура келеді. Данияр ағамен арада ешбір кикілжің, ұрыс-керіс болған жоқ.  Өте ізетті адамдар ретінде, бір-бірімізге сәттілік тілеп, қоштастық», - дейді Алтынай Төлембетова. 

Бүгінде Алтынай той иелерінен көп шақырту алады және өзінің сұранысқа ие әнші екендігін де жасырмайды. 

«Шыны керек, тойға шақырту көп аламын. Әсіресе, ұзату тойыларына сұраныс көп. Ұзатылатын күні, өміріндегі ең маңызды сәтте қалыңдықтардың мені таңдайтыны қуантады. Сол себепті, жұмысымды өте тиянақты және жауапкершілікпен атқаруға тырысамын. Тойға шығатын бағаға да мен араласпайды екем. Оған жауапты адамдар бар. Ал ең негізгі қолдаушым, демеушім әрі жол сілтеушім – ол менің құдай қосқан жарым. Ол ешқашан бетімді кері қайтарған емес, ешқашан «жоқ» деп айтпайды маған. Тіпті, мен өзіме сенбей, абдырап қалған сәттерде сол қиындықтан алып шығатын да  - жолдасым. Екеуміз бір командамыз десем, артық емес», - дейді Алтынай.