Жаздың басталуымен аулаларда, тротуарларда және ғимараттардың жанында жиналатын терек мамығынан өрт қаупі күрт артады.
Төтенше жағдайлар министрлігі терек мамығының қауіптілігі туралы ескерту жариялады
Фото: gov.kz
1,506
оқылды

Қазақстан ТЖМ терек мамығының қауіптілігі туралы ескертеді,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Терек мамығы тез тұтанғыш, тіпті кездейсоқ лақтырған сіріңке немесе темекі тұқылдары өртке әкелуі мүмкін.

Мамықты өртеу ерекше қауіп төндіреді, оны балалар ойын ретінде қабылдайды. Көбінесе өрт тез таралып, машиналарға, ғимараттарға және тұрғын үйлерге ауысады.

ТЖМ кеңес береді: Егер сіз біреудің мамықты өртеп жатқанын көрсеңіз, өтіп кетпей тоқтап, түсіндіріңіз, қажет болған жағдайда құтқарушыларды шақырыңыз.

Балалармен сөйлесіңіз – «отпен ойнау» қайғылы жағдайға  әкелуі мүмкін екенін түсіндіріңіз.

Үйлердің, гараждардың, дүкендердің айналасын жиналған мамықтан тазартыңыз. Су төгіңіз, өртемеңіз!

Қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз: рұқсат етілмеген жерлерде темекі шекпеңіз, құрғақ жерлер мен мамықтың жанында ашық от жақпаңыз. Өртті сөндіруден оның алдын алу оңайырақ. Бейжай қарамаңыз, терек мамығы бірнеше секунд ішінде өртке ұласып, оның зияны орасан зор болуы мүмкін. Өзіңізге, жақындарыңызға және айналаңыздағыларға қамқор болыңыз!, - делінген министрліктің хабарламасында.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.