Семей қаласының №2 соты екі қала тұрғынын қаржы пирамидасын ұйымдастырып, оған қатысқан 26 азаматқа жалпы сомасы 20 млн теңге залал келтіргені үшін кінәлі деп таныды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
2023 жылғы қыркүйек пен қазан айлары аралығында аталған адамдар Семей қаласындағы компания кеңсесінде кездесулер мен семинарлар өткізген. Олар жаңа қатысушыларды тіркеумен, компания жүйесінде аккаунттар жасаумен және WhatsApp мессенджері арқылы үгіт-насихат материалдарын таратумен айналысқан. Бұл қызмет азаматтарды электронды валютаға инвестиция салуға және бонус алу жөнінде уәде беріп, жүйеге тартуға бағытталған.
- Сот үкімімен кінәлілердің біріне 4 жыл, екіншісіне 3 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, екеуіне де 2 жылға қаржылық қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы берілді. Залалдың бір бөлігі өтелді. Сот барысында мемлекеттік айыптаушы айыпталушылардың кінәсін толық дәлелдеді, – делінген ақпаратта.
Үкім заңды күшіне енді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.