Шынында индустрия әлдеқайда ауқымды әрі салмақты. Бүкіл Голливуд пен Болливуд, «Айфонның» жаңа серияларының шығарылуы, жалпы бүкіл интеллектуалдық жаңашылдықтар мен гаджеттер осы салаға жатады. Ел Президентінің өзі баса мән беріп отырған индустрия Қазақстанда қалай дамып жатыр? Биыл нендей өзгерістер болмақ?
Кино мен музыка кері тартып тұр
Елде 10 мыңға жуық жеке кәсіпкер компьютерлік ойындар мен бағдарламалық қамтылым, софт жасайды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегінше, 2024 жылы креативті индустрия (КИ) салаларында 143,6 мыңнан астам адам еңбек етті (жыл сайын бұл санды 5% арттырып, 2029 жылы 174 546 адамға жеткізу жоспарланған).
Осы санатқа қатысты елде 45,5 мың кәсіпкерлік субъектісі тіркелген (Үкіметтің саладағы кәсіпкерлік субъектілерінің санын да жыл сайын 5%-ға көбейтіп, 2029 жылы 55 305-ке жеткізу жоспары бар). Олардың жартысынан астамы Алматы мен Астанада шоғырланған. 70%-ы – дара кәсіпкер, яғни шағын бизнес.
«Барлық компаниялар мен жеке кәсіпкерлердің үштен бірі – 12,7 мыңы ұлттық қолөнер түрлерімен айналысады. Қазақстандық КИ-дегі екінші ең кең таралған қызмет түрі – ІТ мен компьютерлік ойындар: 9,8 мың жеке кәсіпкер мен заңды тұлға соған тартылған. Үшінші орында сәулет-архитектура мен сән орналасты: 7,6 мың компания мен жеке кәсіпкер шұғылданады. Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің ең аз саны мәдени мұра сегментіне (39), кітапхана мен музейлер (33) секторына тиесілі», – делінген Ұлттық статистика бюросының арнайы зерттеуінде.
Кино мен анимация қанша дәріптелгенімен, көшбасшылық шыңға көтерілмеді, барлық көрсеткіште кері тартып, көш соңында салпақтап келеді. Экспорты төмен, кәсіпкерлікті дамытудағы үлесі де мардымсыз: салада небәрі 2 095 компания мен дара кәсіпкер еңбек етеді.
Музыканың да адымы ашылар емес: диджей, продюсер Imanbek, әнші Димаш, рэпер Jah Khalib сияқты бірлі-жарым өренін әлемдік сахнаға ілгерілете алғанымен, отандық КИ-дің бұл саласы кітапхананың жанында, рейтинг соңындағы жұпыны бұрышта жайғасты. Бұл салада небәрі 64 заңды тұлға, 387 дара кәсіпкер тіркелген. Салықшылардан сұрасаңыз, олар бұл саланың қалпымен көлеңкеде екеніне назаланады.
Креативті индустрияны дамытуға Үкімет Мемлекет басшысының 2021 жылғы Жолдауындағы тапсырмасымен кейінгі жылдары ғана баса мән бере бастады. Үкіметтің 2021 жылғы 30 қарашадағы №860 қаулысымен бекітілген «Креативті индустрияларды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасы» жүзеге асырылып жатыр.
Креатив валюталық табыс әкеледі
Ұлттық статорганның мәліметінше, 2024 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында отандық КИ шетелдік нарықтарға экспортынан 84,1 млн доллар (шамамен 42 миллиард теңге) табыс тапты. 2023 жылмен (94,8 млн доллар) салыстырғанда экспорты 11,3%-ға құлдырады. Әйткенмен, зерттеуде айтылғандай, үш жылдық динамикада оң тренд байқалады: 2,3 есе өсім бар. Өйткені 2021 жылғы табысы – 37,3 млн, ал 2022 жылы – 56,4 миллион доллар болған. Мәдениет министрлігі креативті өнімдер мен қызметтердің экспортын жыл сайын 5%-ға ұлғайтып, 2029 жылы – 116 млн долларға жеткізбек.
Қазақстандық креативті индустрия тауарларының экспорттық құрылымы әр алуан, тіпті естіген жанды шамалы айран-асыр етеді. Еліміз бұл салада өзге елдерге кітаптарды, халық қолөнері мен зергерлік өнерінің өнімдерін, музыкалық аспаптарды, сондай-ақ ішіне видео жазылған немесе жазылмаған жартылай өткізгішті жеткізгіштерді, яғни түрлі компакт-дискілерді, құлпытастарға арналған тастарды, жүк тасымалдауға арналған ағаш жәшіктерін экспорттайды. Ресейлік басылымдар онымен «200 жүгі» де тасылатынын, сондықтан сұраныс жоғары екенін хабарлады.
Өз зерттеуінде ұлттық статбюро сала көшбасшысының – ІТ өнімдердің экспортын қоспады. Онсыз КИ тауарлары экспортының құны бойынша ең үлкен үлеске – 41,4%-ына үш доңғалақты велосипедтер, самокаттар, педальді автомобилдер, доңғалақты ойыншықтар мен қуыршақтар ие. Бұл өнімдер солтүстік көршінің нарығында үлкен сұраныс тапты. Табысы 2021 жылдан бері 31,4 есе артты.
– Өткен жылы Қазақстан бір ғана Ресейге осындай тауарлардың 1,5 мың тоннасын жүктеп, одан 34,9 млн доллар табысқа кенелді. Алайда екі ел арасындағы тауарайналым туралы кедендік статистикадан тауардың нақты қай елде жасалғанын анықтау мүмкін болмады. Бұл өнімдер Қазақстанда емес, Қытайда жасалып, ары қарай РФ-қа экспортталуы ықтимал. Себебі Қазақстанның өзі осы тауарларды одан ондаған есе көп тасиды: 2024 жылы 34,6 мың тоннасын импорттады. Сонымен бірге елімізде «Балдырған» үш доңғалақты велосипедін жасайтын кәсіпорындар бар, – деді Finprom.kz сарапшылары.
Экспорттық құны жөнінен екінші орынға зергерлік индустрия шықты. Былтыр 12,8 млн доллардың өнімін шетелге өткізе алды, бұл үш жыл бұрынғыдан бірден 2 есе кем. Неге бұлай құлдырады? 2021 жылы Швейцария Қазақстаннан 22,6 млн доллардың зергерлік бұйымдарын сатып алу туралы мәміле жасасыпты. Егер жыл сайын тұрақты сатып алып тұрғанда, көрсеткіш бұлай құламас еді. Өкінішке қарай, бұл бір ретпен шектелген.
КИ тауарлары экспортында үшінші тұғырға ағаш шеберлері қолынан шыққан әртүрлі бұйым орналасты. 10,9 миллион доллар тұратын өнімі халықаралық нарыққа жеткізілді. Нәтижесінде, экспорттық валюталық табысын 2021 жылға қарағанда 11,8 еседей арттыра алды. Ондыққа сондай-ақ сағаттар (5,6 млн доллар немесе экспорттық құнының үшжылдық өсімі – 625,9 есе), жәшіктер, қораптар, торлар, себеттер, құтылар (бұл қатарға жоғарыда айтылған ағаш жәшіктер де жататын көрінеді, экспорты – 4 млн, өсімі – 8,7 есе), кілемдер (3,7 млн, 3,7 есе), тоқылмаған материалдар (2,1 млн, 13,1%), құлпытастарға арналған тастар (2,1 млн, 2,1 есе), дайын тоқыма-мата өнімдері, басқасы кірді.
Озықтарға ұмтылған озады
БҰҰ сауда және даму конференциясының (UNCTAD) 2024 жылғы креативті индустрияның дамуына қатысты есебінде айтылғандай, Қазақстан бұл салада өзгелерден қатты қалып келеді. Көш басында Жапония тұр. БҰҰ креативті индустрияны ең қарқынды өсуші саланың бірі деп бағалады. Әлемдік ауқымда оның үлесі жаһандық ЖІӨ-нің 3,1%-ына тең. 2030 жылға қарай әлемдік экономикадағы еншісі 10%-ға жетеді.
Есепте біраз елдің осы биік межеге жақын қалғаны атап өтіледі. Жапонияда ЖІӨ-дегі үлесі 7%-дан асқан. «Күншығыс елі» мұндай жоғары деңгейге ІТ және компьютерлік сервистерді белсенді өрістету арқасында қол жеткізді. Кино, K-pop пен эстрада, сән және басқа трендтерімен төрткүл дүниеге танылған Оңтүстік Кореяда бұл көрсеткіш 5,6%-ды, алпауыт Америкада – 5,3%-ды, көрші Қытайда 5,1%-ды құрады.
Дүниежүзінде КИ саласының тауарлары мен қызметтерінің экспорты 2,1 триллион долларға жетті. Яғни, шалқыған тұтас теңіз – өнерлі болсаң, тасқындаған қаржыдан көсіп ала бер. Табысы жөнінен бірінші орында, әрине ІТ өнімдер тұр. Әртүрлі қосымшалар мен компьютерлік бағдарламалар, жасанды интеллект секторда 41% үлес иеленді. Бес жылда кірісі 2 есе артып, 569 млрд долларға жетті. Одан кейін қолөнер және дизайнерлік өнімдер орналасты: экспорты 539 млрд долларды құраған. Бұған сондай-ақ зергерлік, тері-былғары, тоқыма-мата өнеркәсібі және өзге тауарлар қосылады.
UNCTAD дерегінше, Қазақстан әзірге аутсайдер санатында: 2024 жылы КИ-дің экономикаға үлесі бар-жоғы 1% болды. Мәдениет министрлігі 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 2%-ға ғана жеткізуді жоспарлап отыр. Осы мақсатта жыл басында секторды қолдауға бағытталған жеке заң қабылданды. Салықтық ынталандыру шаралары енгізілді.
Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, IT саланы дамытуда белсенді жұмыс қолға алынды. «IT компаниялардың саны 18 мыңнан асты, соңғы үш жылда 16%-ға өсті. Осы кезеңде IT мамандардың орташа айлық жалақысы 54%-ға көбейіп, 673 мың теңгеге жетті. Яғни, мұнда білікті кадрларға деген сұраныс жоғары. IT саласындағы жұмыспен қамтылғандар саны да 12%-ға өсіп, 187 мың адамға жетті», – деді Ж.Мәдиев.
Astana Hub халықаралық технопаркі 1,5 мыңнан астам қатысушыны біріктіреді. Арасында 1 102 жергілікті және 437 шетелдік компания бар. Қатысушылардың жалпы табысы 1,2 трлн теңгені құрап, соңғы бес жылда 31 есе өсті. Министрдің айтуынша, стартаптар мен IT индустриясын дамытудың барлық бағдарламасы аймақтық IT-хабтарда қолжетімді. Өңірлік хабтар индустрияны дамытудың маңызды драйверіне айналды. Бұл ауыл-аймақтағы тума таланттарды ашуға және инновациялық экожүйені құруға ықпал етеді.
– Ұлттық инновациялық жүйенің «бірыңғай терезесі» құрылды. IT мамандарға, инноваторларға және ғылыми қайраткерлерге арналған мемлекеттік қолдау шарасының көбі соған шығарылды. Мобильді қосымшасы да бар. Портал мемлекеттік қолдау шараларын бөлудің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді. Оны жыл сайын жарты миллиондай адам пайдаланады. Портал еGOV-қа ұқсас бірыңғай терезеге айналады, – деді министр Мәдиев.
Экспорт миллиард межесіне жетеді
Президенттің тапсырмасымен Tech Orda бағдарламасы іске қосылды. Ол жекеменшік IT мектептерді ынталандыру арқылы 2023-2025 жылдары 20 мың IT маман даярлауға бағытталған-тын. Соңғы үш жылда 82 мыңдай IT маман дайындалыпты. Жекеменшік IT мектептер 16 мыңнан астам маман шығарды. Оның арқасында жастар өз бойында бұйығы жатқан дарындарын ашып, бұрын таңдаған мамандығын ауыстырған. Мысалы, заңгерлікке оқыған Ләззат Хаджимуратова бағдарламаға қатысқаннан кейін электрондық коммерция саласында әзірлеуші болып қызметке тұрды. Дәрігер Алдияр Құлтуманов те кәсіби бағытын өзгертуге ұйғарды: ол әзірлеуші-junior frontend мансабын бастады.
Қазақстанның IT өнімдерінің экспорт көлемі 2023 жылы 529 млн долларға жетті. 2024 жылы одан асты. Мемлекет басшысы 2026 жылға қарай 1 миллиард доллар межесіне жету міндетін қойды. Бүгінде отандық IT қызметтері 86 елге экспортталады. Бұл цифрлық шешімдерге жоғары сұранысты барын және бәсекеге қабілеттілігін паш етсе керек. Мәселен, қазақстандық eGov электронды үкіметін Тәжікстан, Того, Сьерра-Леоне сияқты бірнеше ел өзінде ендірді. Қазақстандық IT-шілер негізінен мобильді қосымша мен сервистер жасайды. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева креативті индустрияның өркенін өсіру үшін арнайы жобалық кеңсе жұмыс істейтінін жеткізді.
– Бүгінде Қазақстандағы КИ экономикалық қызметтің 43 жіктеуішін қамтитын 12 бағыттан тұрады. Онымен айналысатын бизнес субъектілерінің саны 45,5 мыңнан асады. Жыл басында Президент креативті индустрияны қолдауға бағытталған заңға қол қойды. Заңнамалық түзетулер институционалдық негіздерді қалыптастыру, инфрақұрылымды дамыту және басым салаларды қолдау шаралары секілді үш негізгі бағытқа шоғырланған. Мұның сыртында түзетулердің екінші пакеті әзірленіп, Мәжілісте қаралу үстінде, – деді А.Балаева.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы наурызда қол қойған Бюджет кодексіне өзгерістер аясында «Сәтті Жұлдыз» сатқан лотерея билеттері табысының 3%-ы КИ-ді дамытуға, Креативті индустрияларды дамыту қорына бағытталады. Саланы қуатты демеуге қаражат пайда болады.
Биыл әкімдерге де креативті индустрияны дамыту бойынша құзыр берілді. 2024 жылы Global Innovation Index (Жаһандық инновация индексі) рейтингінде Қазақстан «Креативті тауарлар мен қызметтер» көрсеткішінде 93-орыннан 65-орынға көтерілген екен. Десек те, табысы көл-көсір бұл индустрияны өркендету үшін жасалуға тиіс жұмыс жетерлік. Ол үшін керекті қаражат та, құзырет те, мүмкіндік те беріліп отыр.
Айхан ШӘРІП