Бүгінде балталап отын жарып, шелектеп көмір тасып жүрген тұрғындардың қатары сирек. Бұл үрдіс қала маңындағы кенттерді былай қойғанда, шалғайдағы ауылдарда да жиі байқалады.
Дерекке жүгінсек, бүгінде өңірлік сызба аясында 157 елді мекен көгілдір отынға қосылып, 1,2 млн адам табиғи отынмен қамтылыпты. Ал бұл облыстағы жалпы халықтың 77 пайызын құрайды деген сөз. Атап айтқанда, былтыр 17 ауыл газбен қамтылды. Ал осы жылдың соңына дейін газдандыру деңгейін 59,5 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр екен. Яғни, тағы 169 елді мекенге көгілдір отын жекізілмек. Бұл мақсатта биыл жаңа жобаларды іске асыруға 6,7 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылды. Тағы 1,4 млрд теңгесі жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауға бағытталды.
Қазіргі сәтте газдандыру жұмыстары Қонаев, Балқаш, Жамбыл және Іле аудандарында жүргізіліп жатыр. Ал өңірді газдандыру 2030 жылға дейін толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл тұрмыстық жағдайларды жақсартуға ғана емес, сонымен қатар экологияға жүктемені азайтуға, экономикалық өсуге және ауылдық жерлерге инвестициялар тартуға жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Шалғай ауылдарды газдандырудың арқасында тұрғындардың тұрмыстық мәселелері шешімін табатыны сөзсіз. Мысалы, жақында Жамбыл ауданындағы Қазыбек бек ауылында газ тарату желісі іске қосылды. Бұл жай ғана инфрақұрылымдық жоба емес, бұл мыңдаған адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға жасалған қадам болды. Осы құрылыстың ашылуына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаевтың айтуынша, тұрғындарды тұрақты газбен жабдықтау – бұл тек жайлылық қана емес, ауыл экономикасының жарқын болашағына ықпал етеді.
– Шалғайдағы шағын ауылға газдың келуі шағын бизнесті дамытуға, өндіріс ашуға, инвестиция тартуға мүмкіндік туғызады. Бұл – тұрақты өсу мен жұмыспен қамтуға бағытталған қадам. Бұл газ желісі Қазыбек бек ауылынан бөлек, тағы да бес ауылды қамтиды, – дейді облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаев.
Жалпы, газ құбырларын жүргізу жұмыстары 2023 жылдың желтоқсанында басталып, 2024 жылдың соңында аяқталды. Негізінен, кесте бойынша құрылысқа 26 ай берілген болатын. Жұмыс жоспарланған уақыттан да ерте аяқталды. Жобаның жалпы құны 4,2 млрд теңгені құрады.
Айтпақшы, бүгінде аймақта бірнеше бағытта газ тасымалдайтын ірі магистралды газ құбырлары жұмыс істейді. Ол қатарда «Алматы – Талдықорған», «Алматы – Байсерке – Талғар», «Алматы – Байсерке-Талғардың» 2-ші желісі, «Байсерке – Қапшағай», «Ташкент – Бішкек – Алматы» газ құбыры желісі және өңір аумағынан өтетін «Қазақстан – Қытай» құбыр желісі бар. Сондай-ақ «ғасыр жобасы» атанған «Шелек – Кеген – Нарынқол» бағытындағы табиғи газ тарту желісінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
Алматы облысы