Премьер-министр Олжас Бектенов химия және металлургия салаларында жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құруға бағытталған ірі өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Өңдеуші салалар жаңғыртылады
178
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, экспортқа бағдарланған өндірісті қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев бүгінде жалпы инвес­тиция көлемі шамамен $10 млрд және 8,7 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашатын 5 ірі бастама жүзеге асырылып жатқанын баян­дады. Оның бірі – Абай облысында қуаттылығы 300 мың тонна катодты мыс балқыту зауыты. Зауыт жұмыс істеп тұрған Бозшакөл, Ақтоғай және Шығыстүстімет кен орындарынан концентраттарды өңдеуге арналған. Екінші жоба – Қарағанды облысында Qarmet АҚ өндіріс көлемін арттыра отырып машина және автомобиль жасау кәсіпорындары үшін өнімнің жаңа түрлерін шығару арқылы ауқымды жаңғырту бағдарламасын іске асыруда. 2028 жылға дейін жыл сайын 9 млн тоннаға дейін көмір өндіруді, 5 млн тоннаға дейін темір кені концентраты мен болат өндіруді қамтамасыз ету жоспарлануда. Ал Қостанай облысында «ССКӨБ» АҚ базасында қуаты жылына 2 млн тонна ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыт салу жоспарлануда. Кәсіпорын металлургияда экологиялық таза технологияларды енгізу үшін тірек нысанына айналады. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында «Сатимола» кен орны базасында калий хлоридін шығару бойынша байыту-өндірістік кешен салу жобасы іске асырылып жатыр. 

«Осы секторлардағы жаңа жобалар құны жоғары өнім шығаруға, заманауи технологияларды енгізуге және бәсекеге қабілетті кластерлерді қалыптастыруға бағытталған индустриялық өсудің берік тұғырына айналуы тиіс. Олардың айналасында шағын және орта бизнес кәсіпорындары, сервистік компаниялар, логистикалық орталықтар және заманауи инфрақұрылым белсенді түрде дамуы керек»,  деп атап өтті Олжас Бектенов.

М.ЖАСЫН