Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафоны басталды.
«Ұлы дала жорығы» бастау алды
389
оқылды

Ол 14 мамырға дейін жалғасады. «AMANAT» партиясының қолдауымен Алматы облысы әкімдігі және Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырған бес күндік ат жарысында Қазақстанның 13 өңірінен, сондай-ақ Ресей, ОАР, Мажарстан, Иран және Қырғызстаннан келген қатысушылар бас қосты.

Марафон бағыты Қазақстанның көрікті де тарихи маңызы бар аумақтары – Алматы облысының Балқаш, Жамбыл және Іле аудандары арқылы өтеді. Шабандоздар Алматы – Өскемен тас жолының бойындағы Бақанас көпірінен бастау алып, Қонаев қаласының «Қарлы­ғаш» шағынауданында мәреге жетеді. Шетелдік қонақтар үшін этно­ауылдар, фотоаймақтар және интерактивті алаңдар ұйымдастырылған. Осылайша, «Ұлы дала жорығы» жай ғана жарыс емес, халықтар арасындағы мәдени алмасу мен достықтың алаңына айналып отыр.

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек марафонның өтуі – Қазақстанның өз тарихына адалдығы мен әлемге ашықтығын білдіретінін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спортты дамыту және мәдени мұраны ілгерілету мәселесін жіті назарда ұстайды. «Ұлы дала жорығы» – әртүрлі мемлекеттің спортшылары бас қосқан Ұлы дала төсіндегі көшпелілер өркениетінің лайықты жалғасы. Бұл жоба әлемге еліміздің бай тарихи мұрасын, ұл­ттық рухын және қонақжайлығын дәріптейді. «AMANAT» партиясының саяси тұғырнамасында дәстүрлі құнды­лықтарды насихаттауға, соның ішінде ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Бүгінде партия ұлттық құн­ды­лықтарды, салт-дәстүрді және ғасыр­дан ғасырға жалғасқан тарлан тарихты жүйелі түрде ілгерілетуде. Соның ішінде осы «Ұлы дала жорығы» марафоны да бар», – деді ол.

Марафон – тек спорттық жарыс қана емес, ауқымды мәдени оқиға. Оның негізгі элементтерінің бірі – асылтұқымды жылқылар көрмесі болды. Бұл көрмеде қазақстандық ерекше жылқы тұқымдары таныстырылды. Іс-шара қонақтары ұлттық қолөнер жәрмеңкесіне де қатысты: еліміздің түкпір-түкпірінен келген шебер­лер халықтық өнер туындыларын ұсынып, дәстүрлі мәдениеттің байлығымен бөлісті.

«Марафон бағыты – бұл жай ғана спорттық қашықтық емес. Бұл – еліміздің тарих беттері мен табиғи ескерткіштері арқылы өтетін жол. Қатысушылар әлемдегі ең ірі су айдындарының бірі – Балқаш көлі­нің, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның Бүкіл­әлемдік мұралар тізіміне енген Қ­ара­мерген қалашығының маңынан өтеді. Іле ауданында ерекше маңызға ие Тамғалы тас петроглиф­тері – қазақ жерінің рухани мұрасын бейнелейтін бірегей жартастағы суреттер де марафон бағытын қамтитын болады», – деді JORYQ ат спорты федерациясының президенті Бақыт­жан Тұрлыбеков.

Ұйымдастырушылар марафон Қазақ­станның халықаралық имиджін нығайтуға, өңірлік экономиканы дамытуға және Алматы облысын негізгі туристік орталық­тардың бірі ретінде ілгерілетуге үлес қосатынына сенімді.

Командалар бес күн ішінде күніне 100 шақырымнан жүруге тиіс. Әр 50 ша­қыр­ым сайын қатысушылар мен жыл­қыларға демалыс ұйымдастырылады. Олардың жағдайын тәжірибелі ветеринар­лар қадағалап отырады. Әр команданың жүру уақыты әртүрлі: алғашқы команда таңғы сағат 07:00-де жолға шығады, ал қал­ғандары әр 2 минут сайын жолға аттанады. Соңғы команда 07:36-да жолға шығуға тиіс. Жеребе тарту кезінде команда­лардың нөмірі анықталды. Командалар бір-бірімен жарыспайды, себебі олардың әрқайсысының жүру уақыты әртүрлі. Бар­лық қашықтықты ең аз уақытта ба­ғын­дырған команда жеңімпаз атанады.

Елнар ЕЛТАЙ