Салық кодексіне енгізілетін түзетулер аясында ойын бизнесі субъектілеріне салынатын салықтар көлемі артып, саладағы көлеңкелі айналымдарды азайтуға бағытталған ережелер қабылданбақ. Кодекс жобасын әзірлеу барысында «AMANAT» партиясы фракциясының жұмыс тобы енгізілетін түзетулердің ойын бизнесін реттеудегі тиімділігімен қатар, олардың жалпы экономикалық ықпалын да ескере отырып жұмыс жүргізді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым толығырақ айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Депутаттың айтуынша, Қазақстан бұған дейін де лудоманиямен күрес аясында мемлекеттік қызметшілерге, әскери қызметкерлерге және кәмелетке толмаған азаматтарға ойын бизнесіне қатысуға тыйым салған болатын. Ендігі кезекте букмекерлік кеңселерді Face ID арқылы тіркеу, ставкаларды бақылау, кірістерді ашық көрсету және салық жүйесін нақтылау секілді жаңа ережелер ұсынылып отыр.
– Ойын бизнесіне салынатын салықты барынша арттыру керек деген пікірлер айтылды. Алайда әр нарықтың өз шегі бар. Егер ол шектен асып кетсе, салықтың өзі тиімді болмай қалуы мүмкін, – деді Айдос Сарым.
Оның сөзінше, кейінгі жылдары жұмыс істеп тұрған казинолардың саны азайғанымен, салығын төлеп, жұмысын заңды жүргізіп отырған кәсіпкерлер бар және оларға қойылатын талаптар да күшейген. Сонымен қатар жаңа казинолар ашу жоспары да қарастырылып жатыр. Бұл, әсіресе, Қытаймен шекаралас аймақтарға қатысты. Депутат осылайша, Шыңжаң аймағынан келетін туристер легін тиімді пайдалану қажет екенін айтып өтті.
– Былтыр Шыңжаң аймағына ішкі Қытайдан 44 млн турист келген. Солардың бір пайыз халқы біздің казиноға келіп, ақшасын қалдырып кетсе – ол бізге түсетін салық. Бізде мұнай да, газ да жоқ. Сондықтан туризм мен сервистік бағыттағы бизнесті дамыту маңызды. Егер бір казино жүз-екі жүз адамға жұмыс беріп, салық төлеп отырса, ол да экономика үшін маңызды үлес, – деді ол.
Депутаттың айтуынша, ойын бизнесінің көлеңкелі жағын жою үшін фишкаларға цифрлық чип енгізу, ставкалардың әрқайсысынан салық алу сияқты шаралар енгізіледі.
– Салықтың ең көп артқаны – корпоративтік салықтар. Казиноның иелері толыққанды салықтарын төлеуі керек. Екіншіден, ойын ойнаймын деген азаматқа Конституцияға сәйкес шектеу қоя алмаймыз. Бірақ ресми заңды мекеме болмаса, заңсыз контрабандалар ақша салуы мүмкін. Ол жерде ешқандай бақылау жоқ. Айналып келгенде ұйымдасқан қылмыстық топтың қаржысын толтыратын жүйеге айналып кетеді. Бұған жол беруге болмайды. Лотереяға, казиноға тыйым салған елдер бар. Бірақ тыйым салу мәселені шешпейді. Бастысы – бақылауда ұстап отыру, әрбір мүмкіндігін пайдаланып, салық алу, – деді Айдос Сарым.
Оның пікірінше, ойын бизнесіне толық тыйым салу популистік шешім болар еді. Себебі спорт саласының негізгі демеушісі – букмекерлік кеңселер.
– Бокс пен футбол секілді спорт түрлерінде ставкалар – ойынның ажырамас бөлігіне айналды. Егер букмекерлердің бәрін жауып тастасақ, спортқа қаржы құйылмай қалады. Бастысы – олар салық төлеп, заң аясында жұмыс істеуі керек, – деді депутат.
Салық кодексінің аясында қабылданғалы отырған ойын бизнесіне қатысты түзетулер саланы ашық етіп, салық түсімдерін арттыруға және көлеңкелі экономикамен күресті күшейтуге мүмкіндік бермек.