Ақтөбе қаласында болған адамдарды кепілге алу және екі адамды өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Тергеу барысында күдікті өз танысымен жанжалдасып, кейін үйіне заңсыз кіріп, оның анасын және өгей әкесін өлтіргені, ал жәбірленушіні кепілге алғаны анықталды.
«Арлан» арнайы бөлімшесінің жедел әрекеттерінің нәтижесінде жәбірленуші босатылып, күдікті оқиға орнында ұсталған еді.
Облыс прокуратурасы істі ерекше бақылауға алып, процестік прокурорлар тобы тағайындалды.
– Күдіктіге Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 1,3,5 тармақтары ("екi немесе одан көп адамды өлтіру"), 126-бабы 2-бөлігінің 3,4 тармақтары ("өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдану арқылы заңсыз бостандығынан айыру") және 107-бабы 1-бөлігі ("денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру"), яғни екі немесе одан көп адамды аса қатыгездікпен өлтіру, сондай-ақ күш қолдану арқылы бостандығынан заңсыз айыру баптары бойынша айып тағылды, – делінген ақпаратта.
Сотта мемлекеттік айыптауды процестік прокурор қолдайтын болады.
Еске сала кетейік, 13 қаңтар күні кешкі уақытта Ақтөбеде белгісіз ер адам бөтеннің үйіне басып кіріп, үш адамды кепілге алған. Салдарынан екі адам көз жұмып, бір адам ауыр жарақат алған болатын.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.