Шәкәрім Құдайбердіұлының әнін алғаш жариялаған ғалым

Шәкәрім Құдайбердіұлының әнін алғаш жариялаған ғалым
Шәкәрім Құдайбердіұлы ақталған уақытта ақынның әндеріне, нотасы мен мәтініне арналған «Аманат» жинағы бір төбе.

Талиға Бекқожина – қазақ этномузыкасының алтын арқауын сақтап, ғылыми жүйеге түсірген ірі тұлғалардың бірі. Ол өзінің бүкіл саналы ғұмырын халық музыкасын жинауға, нотаға түсіруге, зерделеуге арнады. Ұлтқа және оның музыкасына деген ерекше сүйіспеншілік оны қиын да күрделі ғылыми жолға жетеледі. Замандастары оны тек ғалым ретінде емес, қазақ әнінің нәзік сырын жүрегімен сезіне білген шынайы өнер иесі ретінде бағалады.

Талиға Бекқожина (1919-1995) Семей қаласында дүниеге келген. Бала күнінен музыкаға бейім болған деседі. Әкесі Бекқожа Семейдегі ірі көпестердің бірі болған. Талиғаның жиені Ш. Абдрахманованың жазуынша, 1928 жылы бар мүлік кәмпескеленіп, отағасы барсакелмеске айдалады. Балалары мектепке қабылданбай, аналары Сағадат сауат ашу міндетін өз мойнына алады.

 

AMP

Шамамен 15 жасында Педагогика техникумына (бүгінгі М. Әуезов атындағы колледж) оқуға түсіп, білімін шыңдайды. 1936 жылы Мәскеуден дарында балаларды іріктеуге арнайы топ келіп, Талиғаның талабын көреді. Сол жылдың жазында Мәскеу консерваториясына түсіп, операның қыр-сырын меңгеріп, опера әншісі болады. Соғыс жылдары Алматыға келіп, өнерін жалғастырады. Ол кәсіби әнші ретінде «Амангүл», «Райхан» фильмдерінде ән орындап, Опера театры мен Қазақфилармонияда қызмет істейді. 20 жылға тең уақыт әнші ретінде үлкен-кіші концерттерге қатысып жүреді. Дегенмен түрлі кедергілерге тап болып (жиені Ш.Абдрахманованың жазуынша), мамандығын біржолата ауыстыруға шешім қабылдайды. 

1958 жылы (кей деректерде 1961) Алматы консерваториясының музыкатану мамандығына түседі. Жетекшісі – атақты ғалым Иосиф Дубовский. Осылайша, әртіс ретінде мансабын тоқтатып, ғылымды таңдап, біржолата күрделі жолға бет алған екен. Деректерге қарасақ, Т. Бекқожақызы музыкатану мамандығын таңдаған жылдан бастап музыкалық-фольклорлық экспедицияларға қатысып, ел ішіндегі көне әндер мен күйлерді таспаға жазып, қағазға түсіре бастады. 

Музыкатанушы Г. Омарованың айтуынша, оның басты ерекшелігі – әндерді ноталау кезінде халықтық стильді, әуендік иірімді, ырғақты дәл сақтау.

Т. Бекқожинаның еңбегі   тәжірибелік жұмыстармен ғана шектелмеді. Ол этномузыкатану саласының негізін қалаушылардың бірі болды. 1960-1980 жылдары аралығында ол Қазақстанның әр аймағына, соның ішінде Шығыс, Батыс, Оңтүстік, Солтүстік өңірлерге, сондай-ақ Өзбекстан, Түрікменстан, Қарақалпақстан, Ресейдегі қазақ диаспораларына да арнайы барады. Ондағы мақсаты – сирек кездесетін музыкалық үлгілерді жинау, фольклордың ұмыт болған түрлерін қалпына келтіру. Әсіресе, ол зерттеген жоқтау әндер, эпикалық жыр үлгілері, хат-өлеңдер қазақтың тарихи санасы мен рухани болмысын танытатын баға жетпес мұраға айналды.

«Халық әндерін жинау бар да, оны зерттеу, халық арасында насихаттау, ән әуендерінің ерекшеліктерін түсіндіру бар. Талиға өзінің шығармашылық жұмысында мұның бәрін жан-жақты ескеріп отырған. Халық музыкасының әрбір жанрына байсалды үңіліп, әрқайсысының өзіне тән сипатын ашуға күш салған… Зерттеуші осылай халық музыкасының жанрларына арнайы тоқталып, оларға ғылыми негізделген анықтамалар береді», – деп жазады журналист, филология ғылымдарының кандидаты Сапабек Әсіпов.

Оның «200 қазақ әні» (1972 жыл), «Қазына» (1979), «Аманат» (1986) атты жинақтары бүгінгі күні де өзектілігін жойған жоқ. Бұл еңбектерде халықтың көне мұралары ғылыми талдаудан өтіп, музыкалық тілмен сөйлейді. Әсіресе,  Шәкәрім Құдайбердіұлы ақталған уақытта ақынның әндеріне, нотасы мен мәтініне арналған «Аманат» жинағы бір төбе.

Т.Бекқожина 100-ге жуық аса ғылыми және көпшілікке арналған мақала жазып, қазақ музыкасына қатысты «ақтаңдақтарды» толтыруға зор үлес қосты. Оның ғылыми-зерттеу жұмыстары кейінгі буын этномузыкатанушыларға бағыт-бағдар болып отыр.

Талиға Бекқожинаның ең басты мұрасы – «Қазына». Бұл – халықтың жадында сақталған музыкалық үлгілердің нақты, дәл нұсқаларын қамтитын алтын қор. Жинақтарда жазылған әндер мен күйлер магниттік таспаларға, нота жазбасына түсірілген. Осы мұра – қазақ музыкасының тұтас дәуірлік болмысын сақтап қалған асыл дүние.

Бүгінде Т. Бекқожинаның еңбегі тек өткенді дәріптеу емес, болашаққа аманат. Оның жазып алған деректері, зерттеулері болмаса, кейбір жанрлар – көне жоқтаулар, хат-өлеңдер, қара өлеңнің көне түрлері, эпикалық жырдың сирек үлгілері мүлде ұмыт болар еді. Оның жинаған фольклорлық жазбалары – біздің дәстүрлі мәдениетіміздің тамыры. Ғалым көзі тірісінде-ақ үлкен еңбек атқарды, ал өмірден өткен соң ол қалдырған рухани мұра толассыз зерттеліп келеді.

Қазақ этномузыкатануы  ұлттың үндік жадын сақтайтын сала. Ал сол жадтың естен шықпауына, буыннан-буынға жетуіне бір адам бар болмысымен еңбек етті десек, ол – Талиға Бекқожина. Оның өмірі мен шығармашылығы ғылымға адалдықтың, ұлттық мұраға жан-тәнімен берілудің нағыз үлгісі деп білеміз.

Рүстем НҮРКЕНОВ, музыка зерттеушісі