Әлгі қыз әкімдікке тиесілі көлікке шина, телефон, смарт-сағатты несиеге алып, әкімге сыйлап отырған.
"Қазір қамауда отыр": Қарағандыда ауыл әкімі қыз зорлады деген күдікке ілінді
istockphoto.com
884
оқылды

Қарағандылық ерлі-зайыпты қызын Шет ауданы Ақшатау ауылының әкімі Нұрлан Сейілбеков зорлады деп айыптап отыр,  деп хабарлайды Аikyn.kz сайты Сmn.kz-ке сілтеме жасап.

Енді олар қол астында істеген 23 жастағы қызын экс-әкімнің ұрып-соғып, зорлағанын дәлелдемек. Қарағандылық ерлі-зайыптының айтуынша, олар күдіктінің отбасымен дос болып, жақын араласқан. Бірақ әлі күнге дейін зейнеткер ерлі-зайыпты істің дұрыс қаралып жатпағанына шағымдануда. 

– Біз ішкі істер органдарында 25 жылдан астам жұмыс істеп, сол жақтан зейнетке шыққанбыз. Ақшатау ауылының әкімі Нұрлан Сейілбеков – біздің отбасылық досымыз. Ол 2023 жылдың 17 қыркүйегінде ауыл әкімі болды. Дәл сол кезде қызымыз Е.А.Бөкетов атындағы университетті "қоғаммен байланыс" мамандығы бойынша грантқа түскен оқуын бітіріп келген. Отбасылық досымыз Нұрлан Сейілбеков қызымызды "Дипломмен – ауылға" бағдарламасы бойынша жұмысқа шақырып, көтерме ақы мен қызметтік үй беретінін уәде етті. Біз келістік. Сөйтіп, Айтолқынның кандидатурасын Шет ауданының әкімдігі де мақұлдаған. Нұрлан Сейілбеков қызымызға әкесіндей болып кеткен адам. Ойымызда ештеңе жоқ, содан Ақшатау ауылынан қызымызға үйді жалға алып бердік. Демалыс күндері қызымыз өз көлігімен үйге келіп тұрды, – дейді қыздың әке-шешесі.

2024 жылдың ақпан айында Айтолқын үйге келіп, анасына жүкті екенін айтқан. Сөйтіп, әке-шешесін болашақ жарымен таныстыратын болған.

Ерлі-зайыптының айтуынша, әлгі аралықта отбасылық достары Нұрлан Сейілбеков жігіттің жайын тексеріп, оның қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын, қарызы барын айтқан. Айтолқынның оған шықпауына көндірген. Күйзелістің салдарынан қыз түсік тастады.

– 3 мамыр күні қызым Ақшатау ауылында жүргенде келінім хабарласып, “Айтолқынды ауыл әкімі сабап тастады” деді. Қызым ағасына хабарласып, көмек сұрап, әкіммен қарым-қатынас қалай басталғанын толық айтып берген. Сөйтсе олардың қарым-қатынасы былтыр қаңтар айында басталған. Ауылға бір топ ер адам іссапармен келіп, сол үйдің бір бөлмесіне тоқтаған. Сол кезде әкім ер-азаматтың бірі қыздың бөлмесіне кіріп кетпесін деген оймен онда өзі қонған. Түнде әкім Айтолқынды зорлап, ұрып-соққан,  – деді ата-анасы.

Айтолқынның әке-шешесі оның осыдан кейін үнемі банкке барып, әкімдікке тиесілі көлікке шина, телефон, смарт-сағатты несиеге алып, әкімге сыйлағанын айтты. 

Ата-анасының айтуынша, полиция ауыл әкімінің ісіне немқұрайлы қарап отыр.

"Біз полицияда жұмыс істегенбіз, тәжірибеміз бар. Құқық қорғау органдарының қалай жұмыс істеу керегін жақсы білеміз. Қазір полиция істі созып, әкімге бәрін “реттеп” алуға уақыт беріп отыр.  Зорлау ісі бойынша арызды әйел тергеуші қабылдауы керек болатын. Алайда аудандық полиция бөлімінде әйел тергеуші жоқ деп, қызымызды ер адам тергеді. Ол тергеуге кірген үш ретінде де жылап шықты. Бөлім басшысы Әсет Құрманғалиев жоқ деп, полиция басшысымен жолықтырмады. Қызымды ұрып-соғу таңғы сағат 06:00-да болған, ал әкімді полиция бөліміне кешкі сағат 18:00-де кеш батқанда әкелді. Оған қоса, әкім қолына кісен салынбаған. Іс бойынша күдікті қонаққа келгендей полиция ғимаратында тайраңдап жүр", – дейді ата-анасы.

Полиция мәліметінше, Шет ауданында тұратын 23 жастағы қыздың арызы негізінде қылмыстық іс қозғалған. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Ал әкімге соттың санкциясымен үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған екен.