– Бүгінгі сайыста әлемнің әр түкпірінен қаншама мықты балуандары бас қосып, бағын сынады. Барынша алтын алуға тырыстым, бірақ бұйырмады. Алайда оған бола жігеріміз құм болмады, сағымыз сынбады. Әлі де еңбек етеміз, тоқтамаймыз. Бұйырса, болашақта алтын алқа нәсіп етер. Қолымыздан келгенін бәрін істейміз, – дейді Талғат Орынбасар.
Айтуынша, ол қарсыласының күресінен шыға алмай қалған.
– Артынан еріп соның күресімен күресіп кеттім. Жарыстан кейін аға бапкермен бірге белдесуді қайталап бірнеше рет көріп, зерттедік. Қарсыласымның күресімен күресіп кетіппін. Алдағы уақытта өзіміздің қателікті түзейміз. Алдыда әлем чемпионаты күтіп тұр. Бізде 60 келі бойынша бәскелесті өте қатты. Кіл мықтылар мен кіл жүйріктер жиналған. Жаттықтырушылардың жауабын күтеміз, таңдау жасайтын солар. Егер оған іліксек, алдағы жарыста орын алуға тырысамыз. Өзімізді көрсетуге барымызды саламыз, – деді Grand Slam турнирінің қола жүлдегері.
Талғат Орынбасардың спортқа келуіне әкесі түрткі болған. Оның айтуынша, әкесі де кезінде боз кілемде күрескен.
– Менің әкем кезінде самбо күресінде күрескен, кейіннен бапкер болды. Сол себепті біз кішкентайымыздан татамидің үстінде өстік. Соол себепті де спортқа келгеніме еш өкінбеймін. Әр спортшының арманы чемпионы атану. Сондықтан Елдос Сметов ағамыздың жолы бізге бұйырсын деп тілейміз, – дейді Талғат Орынбасар.
Айта кетейік, Талғаттың бұл – Grand Slam сериясындағы алғашқы жарысы, осы жүлденің оның спорттық жолында маңызы да зор.