– Екі күннен бері дзюдоның әдемі әдістерін көрдік. Спортшы ретінде күрескеннен кейін оның бәрі маған таныс. Жақсы белдесулер, қарсыласты алып ұрып құлатудың өзі спортшының шеберлігін көрсетеді. Соның арқасында дзюдоның спорт ішіндегі әдемі түрі екенін тағы да дәлелдеді. Бүгінгі жарысқа әлемнің 49 елінен келген спортшылардың осалы жоқ. Десе де, өзім үшін соның ішінде ең мықты команда – Қазақстанның құрамасы. Біз емес, шетелдік спортшылардың бізден үйренері көп, – дейді Жансай Смағұлов.
Оның айтуынша, дзюдодан бұрын да осындай ауқымды жарыстар жиі өтетін. Қазір интернет заманында бұл сайыстардың насихатталуы кеңінен таралуда.
– Қазір бүкіл әлем дзюдомен айналысуда. Мысалы, Сауд Арабиясы, Эмират секілді елдің бәрі шетелден жақсы мамандарды алып, қарқынды даму үстінде. Сондықтан дзюдо ілгері дамып жатыр деуге болады. Алдағы 5-10 жылда дзюдо бұдан да биік шыңды бағындыратынына сенемін, – дейді Жансай Смағұлов.
Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушысы Олимпиададан кейін дзюдоға жастардың жаппай бет бұрып, қызығушылығы артқанын мойындады.
– Бүгінде қай дзюдо секциясына барсаңыз, жаттығуға жазылудың өзінде қаншама жастарың кезекте тұр. Әрине, жастардың спортқа, соның ішінде дзюдоға қызығушылығы арта түскеніне қуанамыз. Оған бірден-бір себеп – Елдос Сметов, Ғұсман Қырғызбаев. Міне, солардың Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырынан көрінуі бізге ғана емес, Қазақстандағы дзюдоның дамуына, өрісінің кеңге жайылуына әсер етті. Өйткені осыдан кейін ата-аналар балаларын жаппай дзюдоға әкелсе, екіншіден, жасөспірімдер арасында осы спорт түріне қызығушылығы артты. Шыны керек, әуелде біз сол жеңіс тұғырына жететінімізге сеніңкіремедік. Бірақ Елдос Сметов сол белесті алуға болатынын дәлелдеді. Егер тұғырлы дайындалса, шыңдалса, алар асудың биігі болмайтынын көрсетті. Бұл дегеніміз – әрбір спортшының жүрегінде үміт отын маздатты, – деді ол.
Айтар болсақ, Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында Qazaqstan barysy Grand Slam турнирінің үшінші күні өтіп жатыр.