Quartz сайтында жарияланған хабарламаға сүйенген Aikyn.kz, миллиардердің адал еңбегімен жинаған байлығын таратып беру себебін түсіндіреді.
Гейтс қоры 2045 жылға дейін 200 миллиард долларды жаһандық аурулармен күреске жұмсайтын болады. Фото focus.de сайтынан алынды
Билл Гейтс жуырда өзінің банк шоты келесі 20 жылда мүлде басқа көрініс алатынын айтты. Егер бәрі жоспарға сай жүзеге асса, қазіргі шамамен 114 миллиард долларлық байлығы нөлге жақындайтын болады. Оның себебі қандай?
Гейтс бейсенбі (8 мамыр) күні өзінің блогында жариялаған жазбасында байлығының 99%-ын өзінің қайырымдылық қорына беру жоспары жедел іске асырылатынын хабарлады. Бұл қор бұл қаржыны жаһандық аурулармен күреске жұмсайтын болады. Жоспар бойынша 2045 жылы 31 желтоқсанда Гейтс қоры толық жабылады. Оның миссиясы: бар қаржыны дәл қазір пайдалану – өйткені әлемге көмек дәл қазір көбірек қажет болып тұр.
Нақты қанша сома жұмсалатыны нарықтағы жағдай мен инфляцияға байланысты болғанымен, Билл Гейтс: «Қор қазіргі уақыттан бастап 2045 жылға дейін 200 миллиард доллардан астам қаржы жұмсайды деп күтемін», – деді.
Microsoft-тың негізін қалаушылардың бірі бұл шешімді әлемде болып жатқан шұғыл мәселелердің артуымен байланыстырып отыр. Бұған дейін Гейтс қоры ЖИТС/АҚТҚ, полиомиелит, туберкулез және безгекпен күресте, сондай-ақ балаларды вакцинациялау арқылы олардың денсаулығын жақсарту бағытында айтарлықтай жетістіктерге жетті.
Билл Гейтс: «Мен қайтыс болғанда, адамдар «ол бай күйінде қайтыс болды» деген сөз айтпауы тиіс». Фото root-nation.com сайтынан алынды
Миллиардер Гейтс өмірінің жаңа кезеңіне аяқ басуда: ол биыл күзде 70 жасқа толады.
«Мен қайтыс болғанда, адамдар мен туралы түрлі пікір айтатын болады, бірақ олардың арасында «ол бай күйінде қайтыс болды» деген сөз болмауы тиіс. Адамдарға көмектесе алатын ресурстарды сақтап отыруға болмайды. Өйткені шешімін күтіп тұрған тым көп маңызды мәселе бар», – деп жазды ол өз блогында.
Қорды бастапқыда Гейтс қайтыс болғаннан кейін жиырма жылдан соң жабу жоспарланған еді. Алайда енді ол басқарма мүшелерімен бірге бұл үдерісті жеделдетіп, қайырымдылық көлемін екі есеге арттырып, ықпал ету қарқынын күшейтуді көздеп отыр.
Қор қаражаты жаһандық денсаулық сақтау, білім беру, кедейлікпен күреске және климаттық инновацияларға бағытталады. Гейтс басқарма мүшелерімен кездесуден кейін:
«Біз қазір қордың мақсаттарына қысқа мерзім ішінде жетуге болатынына сенеміз. Әсіресе негізгі инвестицияларға күш сала отырып, серіктестеріміздің сенімділігін күшейтеміз», – деді.
Бірақ барлық қайырымдылыққа қарамастан, Гейтс өзінің қаржылық жағдайына алаңдамайтынын айтты. «Маған бәрібір жайлы болады», – дейді ол. Гейтс басқа миллиардерлер де оның жолын қуатынына үміттенеді.
Миллиардердің бұл тәсілі бүгінде «Гейтс әдісі» деп аталып жүр. Бұл – ауруларды жоюға бағытталған ғылымды қаржыландырып, үкіметтерге халықты вакцинациялауға көмектесу, процестерді тиімді ету үшін деректер мен технологияны пайдалану тәсілі.
Билл Гейтс: «Гейтс қорының миссиясы әлі де сол күйінде. Адамның қай жерде туғаны оның өмірлік мүмкіндіктерін шектемеуі тиіс. Мен біздің келесі кезеңіміздің әрбір адамға салауатты әрі жемісті өмір сүруге мүмкіндік беретін болашаққа жақындататынына сенемін», – деп жазды.
Гейтс қорының қызметі енді үш нақты мақсатқа бағынатын болады:
Бірінші, ешбір ана мен бала алдын алуға болатын себептерден қайтыс болмауы тиіс;
Екіншіден, әлем қауіпті жұқпалы ауруларды жеңуі керек;
Үшінші, жүздеген миллион адам кедейліктен арылу тиіс.
Қазақ еліндегі миллиардерлер байлығын халықтың несібесін ұрлап жинады. Олар Билл Гейтс сияқты жомарттықты ерікті түрде ешқашан жасамайды. Фото okko.tv сайтынан алынды
Халықтың несібесін ұрлаған қазақ миллиардерлері бұндай қадамға неге бармайды?
Билл Гейтс өз еңбегі мен ақыл-парасатының арқасында жинаған байлығын адамзат игілігіне жұмсауды жүрек қалауы бойынша шешіп отыр. Ал қазақ еліндегі миллиардерлер байлығын халықтың несібесін ұрлап жинады. Сондықтан олар бұндай жомарттықты ерікті түрде ешқашан жасамайды.
«Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң шеңберінде қудалау арқылы ғана елдің қазынасын қайтару мүмкін екені байқалды. Соның өзінде заңсыз иемденген капиталын мемлекетке, халыққа қайтаруға «жасанды миллиардерлер» құлықсыз екенін көрсетуде. Бұл – адал жолмен келген байлық пен жемқорлық арқылы жиналған капиталдың басты айырмашылығы.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.