Айтуынша, базар маңынан кептірілген балық сатып алып, оны жегеннен кейін денсаулығы күрт нашарлаған.
Балық жеп, аяқ-қолынан айырылған әйел басынан өткен оқиғасын айтып берді (видео)
Фото: видеодан кадр
1,557
оқылды

Бота Бураханова журналист Жанар Байсемізге сұхбат беріп, басынан өткен оқиғасын баяндады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Айтуынша, ол базар маңынан кептірілген балық сатып алып, оны жегеннен кейін денсаулығы күрт нашарлаған. Бота Бураханова ол күнді ауыр күрсініспен еске алды.

«2024 жылы балаларымды алып, базарға барған болатынмын. Қақталған балықты көріп, қатты қызығып кеттім. Ақтөбеде. Үйге әкеліп, балаларыма да бермей, өзім жеп қойдым. Алладан белгі болды ма, қалғанын ешкім жемесін деп, тығып қойған едім. Таңғы үштен бастап денем қатты қызып жатты. Құсқым келді. Су ішсем, азға қабылдамады.  Ертеңінде де дене қызуым көтеріліп, құса бастадым. Бастапқыда аса мән берген жоқпын. Бірақ жағдайым күннен-күнге қиындай берді. Бір кезде аяқ-қолдарым жұмыс істемей қалды. Ақыры жан сақтау бөліміне түстім. Ол жақта есім кіресілі-шығасылы болып, сандырақтай бердім. Дәрігерлер «өмірі қиын, шыдамайды» деп, туыстарыма үміттің аз екенін ескерткен екен»,  дейді ол.

Ботаның айтуынша, аяқ-қолының көгеріп, қап-қара болып кеткені соншалық, дәрігерлер тамыр таппай, мойны арқылы плазма мен наркоз беруге мәжбүр болған. «Мені тек анамның дұғасы аман алып қалды» дейді Бота. Анасы ол кезде Египетте жүрген екен. Қызын ес-түссіз күйде жатқанын естіген соң, шұғыл елге оралған. 

«Анам ауруханаға келгенде дәрігерлер оған да үміт жоқ деп айтыпты. Бірақ анам мұнымен келіспей, дәрігерлермен ұрысқан. Жанынан зәмзәм суын алып келіп, сонымен мені жуындырып, үздіксіз дұға ете беріпті. Анам сол кезде мені қолынан шығармай, өмір үшін күресті»,  дейді Бота.

 Ботаға отандық дәрігерлер көмектесе алмаған соң, туыстары оны шұғыл түрде Түркияға жеткізеді. 

«Түркияда алақанымды аман алып қалу үшін ішімнен тері кесіп алып, сол жерге тігіп берді. Ал аяқтарыма 11 сағат бойы ота жасалды. Өкінішке қарай, шіри бастағандықтан, оларды кесуге тура келді»,  дейді Бота. 

Бота Бурханова қазір оңалту кезеңінде. Өмірі өзгергеніне қарамастан, шүкіршілік етуді ұмытқан емес.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.