Соңғы жылдары бұл тақырыпқа жиі қалам тартып жүрген тарихшы Дина Игсатова мен Зәуреш Сақтағанованың жазбаларынан 1941-1945 жылдардағы соғысқа қатысқан Қазақстан әйелдері туралы деректерді кездестіруге болады.
Батыр қыздардың қатарында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімі жиі аталады. Әлия мен Мәншүк туралы тарихи деректер де көп, тіпті көркем фильм де түсірілді.
Майданға аттанған қыздарымыз түрлі әскери құрамада қызмет етті. Бірі ұшқыш, енді бірі радист болса, енді бірі танкист, партизан, барлаушылар қатарында болды. Батыр қыздар туралы тарихшы Дина Игсатова «1941-1945 жылдары соғысқа қатысқан Қазақстан әйелдері» атты еңбегін жазды. Бұл ғылыми жинақ Динара Асановамен бірігіп дайындалған. Қан майданға аттанған қазақ қыздарының қатарында ұшақ механигі Дәмелі Жәкеева, зенитті артиллерия расчетінің командирі Ақлима Ақжолова, танкист қыздар Күлкен Тоқбергенова, Жамал Байтасова, пулеметші Жәмила Бейсенбаева, зенитші Ажар Оразғалиева, десантшылар Қалзия Асанова, барлаушы Жәмила Сәлімовалар бар.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы, тарихшы Сабырхан Смағұловпен өз еркімен ұрысқа сұранып шыққан аруларымыздың үлесі көп болғанын алға тартады.
Оның айтуынша, соғыстың алғашқы күндерінен бастап майданға сұранып, әскери комиссариатқа хат жазған қазақ қыздары өте көп. Мысалы, Қарағандының әскери комиссариатына соғысқа қатысуға өтініш жазған арулар саны 10 мыңнан асқан екен. Ал Семей қаласы бойынша соғыстың алғашқы күндерінің өзінде-ақ 3 000 өтініш түскені айтылады. Сонымен қатар Алматы қаласының сол кездегі тек Фрунзе ауданы бойынша 112 өтініш тіркелген. Майданға аттанған әйелдер мен қыздардың көбі медсанбаттар мен госпитальда борышын өтеген. Қазақ арулары түрлі әскери құрамада болып, ерен ерлік үлгісін көрсетті. Қолдарына қару алып майданға аттанған, шығыстың қос жұлдызы атанған Әлия мен Мәншүк те қазақ даңқын әлемге паш етті. Авиация саласын меңгерген Хиуаз Доспанова Кеңес Одағының Батыры Марина Рожкова басқарған әйелдер авиациясының құрамында авиация штурманы болып, 300-ден астам мәрте әуеге көтеріліп, ерен ерлік көрсетті. Жаудың үрейін ұшыратыны соншалық, оларды немістер «Түнгі мыстандар» атағанын білеміз. Басқа да әскери ұшқыштарымен қатар жаудың казармаларын, блендаждарын, қару-жарақ қоймаларын атқылап талқандады. Кеңес Одағы кезінде ол кісінің ерлігі өз дәрежесіне сай бағаланған жоқ. Осы себепті 2004 жылы Президент Жарлығымен Хиуаз Доспановаға «Халық қаһарманы» атағы берілді. Сонымен, Ленинград майданында қалалық радиостанция бастығы болған Сапарбекова Жауһария Насырқызы да асқан ерлігімен көзге түскен. 1942 жылы Қазақстанда құрылған 34 жеке әйелдер ротасының 300-ге тарта қыз-келіншегі Корск түбіндегі шайқасқа қатысып, бірнеше марапатқа ие болған.
Тарихшы Дина Игсатова өзінің бір зерттеуінде, брондалған танкі әскерилері қатарына да қазақ әйелдері кіргенін тілге тиек етеді. Олардың кейбіреулері радиотелефонистер, кейбірі пулеметші болыпты. Тек бір экипаж толығымен қыздардан тұрған. Ол Қазақстаннан келген қыздар құрамасы еді. Олар: Жамал Байтасова, Күлкен Тоқбергенова, Күлжәмила Талқанбаева, Жәмила Бейсенбаевалар болатын.
«Ерлігі үшін» медалін алған кіші сержант Жамал Байтасованы бөлімшедегілердің бәрі құрмет тұтты. Өз ісінің шебері, көңілді Жамал ұрыста қашанда төзімділіктің үлгісін көрсетті. Соғыста қазақ қыздарының көрсеткен ерлігі өте көп. Бір Күлжәмиланың өзі жаудың бес атыс нүктесін жойған. Батыр қыздар туралы ақпараттар толық емес. Өйткені олар Литва жерінде қайтыс болған» деп жазады Дина Игсатова. Тарихшының айтуынша, Литва жерінде тарихи құжаттардың көбі әлі құпия сақтаулы.
Ғалым кітабының бір тарауын мәскеулік қазақ қызы Алтыншаш Нұрғазиноваға арнаған екен. Ол 1924 жылы Мәскеуде туған, 1941 жылы Мәскеу қаласындағы Сталин аудандық әскери бөліміне барып, сол жерден алты айлық курсқа аттанған. Кейін орталықта, Воронеж, Украина майданында соғысқан. Алғашында 8-гвардиялық дивизияның 235-і атқыштар полкінің 1-батальонының комсомол ұйымдастырушысы болды. Бірнеше рет ауыр жарақаттанып, госпитальға түседі. 1944 жылдың шілде айынан бастап 70 атқыштар дивизиясының 207-і атқыштар полкінің 2 батальоны сапында болды.
Қан майданға аттанған қыздардың бірі – Сара Сартбаева. Ол туралы тарихшы Жұмабай Доспановтың зерттеу еңбектерінен кездестіруге болады. Семейде туған қыз соғысқа Ашхабадтан аттанған. Медицина қызметінің лейтенанты атанған. Там-тұм деректер ғана болмаса, басқа көлемді дүние таба алмадық.
Қазақтың батыр қызы Халида Маманова туралы да қызықты деректер көп. Оның тегі атақты Маман әулетіне қатысты екені белгілі. Заманында ең бай, бақуатты әулет саналған Маман байдың ұрпағының да даңқы аспандап тұрған еді. Бір кездері «Қазақ» газеті тоқтап қалмауы үшін қаржылай қолдау көрсеткен де осы әулет болатын. Тұңғыш қазақ романына бәйге жариялаған да Маман әулетінің ұрпақтары еді. Мамания мектебінің негізін салған бұл әулет туралы көптеп жаза беруге болады.
Журналист Қарагөз Серікқызы Халида Маманова туралы жазбасында: «Ол 1942 жылдың ақпанында соғысқа аттанады. Медицина институтын бітірген әр түлекке берілуі тиіс кіші лейтенант шені Халида Мамановаға бұйырмады. Тіпті, соғыс даласында медбике болып жұмыс істеуге де рұқсат етілмеді. Себебі ол «бай тұқымы», сенімсіз элемент саналады. Сөйтіп, Халида соғыс даласында бейіт пен окоп қазу жұмысына жегіледі. Міне, осы уақытта Халида Маманова Сталинге хат жазады. Хаттың мазмұны «Халық жауы» болсам, айыпкерлер ротасына жіберіңіз. Тірі қалсам, менен және туыстарымнан бүкіл айыпты алып тастаңыз» дегенге саятын. Осылайша, Халида айыпкерлер батальоны – штрафбатқа кетеді» дейді.
Ғазиза Момынова – Батыс Қазақстанда дүниеге келген. Алматыдан соғысқа аттанған қазақ қызы. 391 атқыштар дивизиясының 473 дербес медициналық-санитарлық батальонында болған. 1943 жылы «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Жұмабай Доспанов өз энциклопедиясында Ғазиза Момынова деп алса, кей деректерде Роза Момынова деп те жазылып жүр.
Шығыс Қазақстаннан әскер қатарына шақырылған батыр қыздардың бірі – Баян Байғожина. Ол майданға аттанғанда бар-жоғы 18 жаста болыпты. Беларусь, Литва, Польша жерін азат етуге қатысқан. Гинденбург іргесіндегі қатты ұрыста жараланғанына қарамастан, ерлік көрсетіп, табандылық танытқан. Өкінішке қарай, жеңіске 12 күн қалғанда ерлікпен қаза табады. Оның денесі Гинденбург қаласында жерленген.
Мәриям Сырлыбаева да соғыс басталған жылы Алматы медицина институтын бітіріп шыққан екен. Ол қазақтың ұлттық 100-ші атқыштар бригадасының медсанротасына ординатор болып барып, бригадамен бірге майдан шебіне аттанған. Калинин майданына қатысқан. Оған әскери медицина қызметінің капитаны атағы берілген. Әскери дәрігер Мәриям Сырлыбаева Невель түбінен бастап, Польшаның Спот қаласына дейін барған. Брест қамалын алуға атсалысып, Торн, Тухель қалаларын азат ету соғыстарына қатысқан батыр қыздардың бірі.
Пулемет ұстаған, ұшақ тізгіндеген, жаралы жауынгерге көмек көрсеткен, майдан даласында байланыс орнатқан қазақ қыздарының ерлігі – ел есінде қалуға лайық. Талай уақыт өтсе де олардың өмір жолы әлі терең зерттелмей келеді. Жеке тағдырларындағы сан қилы оқиғалар бір емес, бірнеше көлемді еңбектің өзегіне айналар еді. Бірақ, өкінішке қарай уақыт өткен сайын кей деректер ұмыт қалып, кей құжаттар әлі күнге дейін құпия күйінде сақтаулы. Бұл – тарих алдындағы қарызымыз. Ұлт батырларының бейнесін ашу – болашақтың еншісінде.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ