Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) жаңа кезеңге аяқ басқалы тұр.
Гүлдара Нұрымова, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі: МӘМС жүйесін  түбегейлі өзгерту қажет
675
оқылды

Қоғамда қызу талқыланып жатқан бұл өзгерістер – денсаулық сақтау саласындағы ұзақмерзімді реформалардың бір бөлігі. Жуырда Мәжіліс ­депутаттары жаңа заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдап, халықтың медициналық көмекке қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстарды талқылаған еді. Реформа аясында медициналық көмек пакеттерінің құрылымы қайта қаралып, қаржыландыру жүйесіне де өзгерістер енгізіл­­­мек. Бұл жаңалықтар, әсіресе халықтың осал топтары мен МӘМС жүйесіне қатыспаған азаматтар үшін ерекше маңыз­ды. Осы және өзге де маңызды мәселелер бойынша Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Гүлдара Нұрымовамен сұхбаттастық. Ол реформаның негізгі бағыттары, жаңа тетіктердің маңызы мен қоғам үшін ықтимал салдары туралы кеңінен айтып берді.

– Гүлдара Алданышқызы, елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру жүйесіне ауқымды реформа жасалып жатыр. Мәжілісте талқыланған бұл заң жобасына қандай өзгерістер енгізілмек?

– Заң жобасы Денсаулық сақтау ми­нистрлігімен Мемлекет басшысының әлеу­меттік медициналық сақтандыру жү­йесін одан әрі жетілдіру жөніндегі Жол­дауын іске асыру мақсатында әзір­ленді. Заң жобасында мынадай негізгі бағыттар көзделген:

Біріншіден, медициналық көмектің бірыңғай пакетін құру, бұл кепілден­дірілген көлем мен МӘМС аясындағы көмекті нақты бөліп көрсетуді көздейді. Сонымен қатар алғашқы медико-сани­тарлық көмек қызметтерін тегін медици­налық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) пакетінен МӘМС пакетіне ауыстыру жоспарлануда.

Екіншіден, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаржылық тұрақ­ты­лығын қамтамасыз ету. Бұл үшін жар­наларды есептеу кезінде қолданылатын айлық кірістің жоғарғы шегін арттыру, сондай-ақ жеңілдік санатындағы аза­маттар үшін мемлекет жарналарын рес­публикалық бюджеттен кезең-кезеңмен арттыру ұсынылады.

Үшінші бағыт – МӘМС жүйесіне сақтандырылмаған халықты тарту. Бұл ретте жұмыссыздар мен әлеуметтік жа­ғынан дағдарыстық, шұғыл жағдайдағы азаматтар үшін жарналарды жергілікті бюджет есебінен төлеу қарастырылған.

Жалпы, біз сақтандыру моделіне кө­шуіміз керек. Бұл дегеніміз, белгілі бір базалық көмекті мемлекет өз мойнына алады, ал қалғаны сақтандыру арқылы жүзеге асырылады. Бұл модель азамат­тарды сақтандырылған мәртебе алуға ынталандырады деп күтілуде.

– Салаға қазіргідей ауқымды реформа жүргізуге не түрткі болды? 

– 2020 жылы МӘМС енгізілгеннен кейін денсаулық сақтау жүйесіне қосым­ша қаржы келіп түсті. Бұл оң нәтиже береді деп күттік. Бірақ, өкінішке қарай, олай болмады. Неліктен деген сұрақ әлі де жауапсыз қалып отыр. Мұнда ішкі және сыртқы факторлар әсер етті.

Қаржыландырудың шектеулі болуына байланысты кейбір қызмет түрлеріне қолжетімділік шектелді. Бұл халық та­рапы­нан да, медицина қызметкерлері тарапынан да орынды сын туғызды. Бұдан бөлек, медициналық ұйымдардың өздері де кредиторлық қарыздың артуы­мен қиын жағдайға тап болды. Сондықтан жүйені түбегейлі өзгерту қажет деп есептейміз.

Тағы бір айта кетерлік маңызды мә­селе – медициналық ұйымдарды қар­жыландырудың жыл сайын кешеуілдеуі. Былтыр қаржыландыру тек маусым айында басталған болатын. Мысалы, 2024 жылы республикалық бюджеттің Ден­саулық сақтау министрлігі алдындағы бе­решегі 212 миллиард теңгені құрады. Бұл жағдай медициналық көмектің қол­жетімділігіне, сапасына және уақы­тылы көрсетілуіне теріс әсер етеді. Ал та­рифтер әлі де төмен деңгейде қалып отыр.

Сондай-ақ заң жобасы аясында де­путаттар тарапынан жемқорлық құқық­бұзушылықтардың, әсіресе қор тарапы­нан лобби жасау, қосарлы қаржыландыру, лицензиясы мен рұқсат құжаттары жоқ жеткізушілерге қаражат бөлу сияқты заң­сыз әрекеттерге жол бермеу мақсатында қор қызметін бақылау мен ашықтығын күшейту жөніндегі ұсыныстар қарасты­рылды. Бұл жағдайдың себебі – барлық қаржы бөлу, мониторинг және бақылау функцияларының бір қолда шоғырла­нуында жатыр. Мұнда мүдделер қақты­ғысы анық байқалады. Сондықтан де­путаттар бақылау функцияларын және жосықсыз мекемелерді жауапкершілікке тарту, соның ішінде айыппұл салу құ­зыретін Фармацевтикалық және меди­циналық бақылау комитетіне беру жө­нінде нормалар ұсынды.

Ал айқын әрі оң нәтижеге тек цифр­ландыру және бағдарламалардың инте­грациясы толық аяқталған жағдайда ғана қол жеткізуге болады.

– Медициналық көмектің базалық кепілдік пакеті аясында қандай қызмет түрлерін сақтау ұсынылып отыр?

– Жаңа заң жобасына сәйкес, ал­ғашқы медициналық-санитариялық кө­мек (АМСК) қызметтерін толықтай мін­детті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру (МӘМС) пакеті аясында көрсету ұсынылған. Бұл реформа медициналық қызмет сапасын арттырып, тиімділігін күшейтуге бағытталған. Алайда оның сақтандырылмаған азаматтарға тигізетін ықтимал кері әсерлері де жоқ емес. Егер бұл көмек тек сақтандырылған азамат­тарға ғана қолжетімді болса, онда МӘМС жүйесіне енбеген азаматтар емханалар мен отбасылық дәрігерлік амбулатория­ларда қарапайым, күнделікті қажет ме­дициналық қызметтерді ала алмай қалуы мүмкін.

Осы мәселені ескере отырып, Мәжі­ліс депутаттары алғашқы медициналық-санитариялық көмектің бірқатар базалық қызметтерін мемлекеттік тегін меди­циналық көмектің кепілдік берілген кө­лемі (ТМККК) шеңберінде сақтау қажет деген ұсыныс енгізді. Бұл – халықтың денсаулығын қорғаудағы қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Атап айтқанда, кепілдік берілген пакетке медициналық көмекке алғаш рет жүгіну, алдын ала тексеру (профилактика), бастапқы диагностика, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар 8 ауру түрін емдеу қызметтері енеді.

Бұл ауруларға қатерлі ісік (онко­ло­гия), туберкулез, ВИЧ/СПИД, гепатит және басқа да инфекциялық және созылмалы сырқаттар кіреді. Мұндай ауру­лармен күрес – мемлекет үшін стра­тегиялық міндеттердің бірі. Осыған бай­ланысты, бұл аурулардың нақты тізбесін уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін болады. Осылайша, ұсынылған өзгерістер халықтың әлсіз топтарын медициналық көмектен шет қалдырмай, қолжетімділікті сақтауға мүмкіндік береді.

– Еңбекке жарамды азаматтар мен жұмыс берушілер үшін жарналарды есептеу шегін ұлғайту нормасы әлеуметтік әділеттілік тұрғысынан қалай негізделеді? 

– Алғашқы ұсынылған заң жобасында жұмыс берушілер мен жұмыскерлер үшін МӘМС жарнасының шекті мөлшерін 10 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) 50 АЕК-ке дейін көтеру көзделген болатын. Алайда бұл бастама қоғамда алаңдау­шылық тудырып, азаматтардың әлеумет­тік жағдайына қосымша салмақ түсіруі мүмкін деген пікірлер айтылды. Осыған байланысты Мәжіліс депутаттары бұл шекті мөлшерді қайта қарастырып, жұ­мыс берушілер үшін – 40 АЕК, ал жұ­мыс­керлер үшін 20 АЕК көлемінде бекітуді ұсынды. Бұл шешім еңбекақы қорына түсетін жүктемені біршама жеңілдетіп, бизнестің де, азаматтардың да мүдделерін ескеруге бағытталған. Осылайша, жүйе­нің тиімділігін арттыру мақсатында жар­на төлеу тәртібін реттейтін және сақ­тан­дыру жүйесіне қатысушылар санын ұл­ғайтуға ықпал ететін бірқатар ынталан­дырушы нормалар енгізілді. 

Сонымен қатар депутаттар маңызды нормалардың бірін ұсынды. Оған сәйкес егер азамат соңғы 5 жыл ішінде жарна төлеген болса, онда ол жұмыссыз қалған күннен бастап 6 ай бойы сақтандырылған болып есептеледі.

– Жүйеге сақтандырылмаған азамат­тарды тарту мақсатында қандай ұсыныстар мен іс-шаралар қарастырылып отыр?

– Бұл – қазіргі таңда елдің денсаулық сақтау саласындағы өзекті әрі шешімін қажет ететін маңызды мәселенің бірі. Бүгінде МӘМС жүйесіне 16,7 миллион адам қамтылған. Олардың ішінде 12 мил­лионға жуығы – жеңілдікке ие санаттағы азаматтар. Демек, бұл топтағы азаматтар үшін жарнаны мемлекет өз мойнына алып отыр. Ал қалған 4,7 миллионы – өз бе­тінше жарна төлеп, жүйеде белсенді түрде қатысып келе жатқан азаматтар. Алайда статистикаға жүгінсек, тағы 3,5 миллион­нан астам адам бұл жүйеден тыс қалғанын көреміз. Бұл азаматтар, өкініш­ке қарай, жоспарлы медициналық көмек­ке қол жеткізе алмайды, яғни тек шұғыл және алғашқы медициналық көмекті ғана ала алады.

Қазіргі уақытта жеңілдік берілген 15 санат сақталады және мемлекет тарапы­нан толықтай қаржыландырылып отыр. Енді келесі маңызды қадам – жұмыс­сыз­дар мен әлеуметтік жағынан осал топтағы азамат­тарды жүйеге қосу. Осы мақсатта олардың жарнасын жергілікті атқарушы органдар, яғни әкімдіктер төлеуге тиіс. Бұл – шамамен 1 миллионға жуық адам. Демек, жүйеден тыс қалған 3,5 миллион азаматтың кем дегенде үштен бірі сақтан­дырылғандар қатарына қосылуы мүмкін.

Ал қалған 2,5 миллион адам ең қа­жетті деген қызметтер – бастапқы ке­ңес беру, әлеуметтік маңызы бар аурулар бо­йынша диагностика мен ем-шаралар және шұғыл медициналық көмек ала ала­ды. Бұл да азаматтарды жүйеге қосы­луға ынталандыратын нақты қадам бо­лады деп сенеміз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Кәмила ДҮЙСЕН