Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бағалауынша, 2025 жылы әлемдегі барлық студенттің саны 150 миллионнан асты, соның ішінде жат жерде оқитыны – 8 миллионға дейін. Қазақстанда олардың саны 28 мыңға дейін азайған. Себебі неде? Шетелдік студенттерді көбейтуден елге қандай пайда бар?
Сала статистикасы неге солғын?
Жыл басында Ғылым және жоғары білім министрлігі өзге мемлекеттен келген 31 500-ден астам студент оқитыны туралы мәлімет таратты. Басым бөлігі – Азия елдерінің тумасы. «Бұл – қазақстандық білім беру жүйесінің тартымдылығы өсіп келе жатқанын паш етеді. Біз Қазақстанды Орталық Азияның білім мен ғылым алмасу жөніндегі орталығы ретінде нығайтуға тырысамыз!» – деді министр Саясат Нұрбек 7 ақпанда, өз ведомствосының кеңейтілген алқа отырысында.
Сөз іспен қабысып жатса, бір ғанибет. Алайда Ұлттық статистика бюросы жоғары білімге қатысты «су жаңа» статистикасын жария етті. Оның дерегінше, 2024-2025 оқу жылында Қазақстанның барлық ЖОО-сында жалпы саны 624 469 студент оқып жатыр. Оның 596 011-і – Қазақстан азаматы. Тиісінше, 28 458-і ғана – шетелдік студент.
Статорган мәліметінше, қазір елде жалпы саны 242 798 студент мемлекеттік білім грантымен оқыса, соның 238 642-сі – қазақстандықтар. Яғни, өзге мемлекеттің 4 156 азаматы тегін оқиды. Басым көпшілігі – шетелдегі қандастардың баласы. Басқаша айтқанда, статистика мамандары елімізде 31,5 мың шетелдік студентті таба алмады. Алдыңғы 2023-2024 оқу жылында жоғары оқу орындарын 7 158 шетелдік студент бітіріп шықты. Салыстырсақ, Өзбекстанда 2024-2025 оқу жылында шетелдік студенттердің бүкіл саны 12,5 мың адамнан ғана асты.
Алайда бірнеше көрсеткіш бойынша Қазақстанның артта қала бастағаны алаңдатады. Біріншіден, республикада кейінгі үш жылда студенттер саны кеміген. Ал Өзбекстанда Статистика агенттігінің мәліметінше, соңғы 10 жылда олардың саны керісінше, 18 есеге көбейді. Екіншіден, жан басына шаққандағы шетелдік студенттер саны жөнінен Орталық Азияның лидері өзгерді, енді ол – Қырғыз Республикасы. Оның көрсеткіші 100 мыңдық межеге жуықтады.
Бір ғажабы, қырғыз ағайын бұл көрсеткіш жөнінен әлемдік көшбасшыға айналды. Мысалы, 342 млн тұрғыны бар АҚШ-та 21,6 млн адам ЖОО-ларда білім алады. «Open Doors 2024» есебінде айтылғандай, америкалық колледждер мен университеттерде білім мен мамандық игерген шетелдік студенттер саны рекордқа – 1,126 миллионға жетті. АҚШ Сауда министрлігі өзге елдерден келген студенттер бір жылда ел экономикасына ең кемі 50 миллиард доллар құйғанын мәлімдеді. Бұған оқу, баспана жалдау ақысы, тамақтануы кіреді.
Құрама Штаттарда әрбір 303 адамға 1 шетелдік студенттен келді. 145,9 млн адам тұратын Ресейде 4,3 млн студенттің 355 мыңы – шетелдік. Тиісінше, 411 адамға – 1 шетелдік студент. Өзгелерінде жағдай ұқсас. Халқы 7,2 млн адамды құрайтын Қырғызстанда ЖОО-ларда білімнен сусындаушы жастардың жалпы саны 221 мыңнан асты. Ал шетелдік студенттердің саны шамамен 85 мыңнан астам. Сөйтіп, Қырғыз Республикасында әрбір 85 тұрғынға 1 шетелдік студенттен келеді.
Үйрену – үздік болудың кілті
Осы жайтқа алғаш назар аудартқан дипломат, ұзақ жыл жоғары білім саласында еңбек еткен ғалым, экономика бағыты бойынша PhD докторы Авазбек Атаханов шетелдік студенттер санының көбеюі бірнеше жыл қатарынан жалғасып жатқан тұрақты тренд екенін айтады. Соның ішінде көршіде ТМД, Пәкістан, Үндістан, Қытай, Бангладеш, Шри-Ланка, Непал және араб елдерінен студенттер саны тез қарқынмен өсіп келеді.
Бұған не себеп? Біріншіден, ТМД елдері арасында оқу ақысы, баспана жалдау және тамақтану шығындары жөнінен Қырғызстан ең арзан елдердің бірі. Екіншіден, дамыған елдерден оқытушыларды, профессорларды көптеп тарту, рейтинг құрушы ұйымдардың сарапшыларын шақырып, талаптарын тап-тұйнақтай орындау арқасында жаһандық рейтингтерге кірген қырғыз ЖОО-ларының саны артты.
2024 жылы Қырғызстанның 6 университеті «QS Asia University Rankings 2025» азиялық ең үздік университеттер рейтингіне енді. 10 университеті Еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік палата құрған «Үздік ЖОО-лардың еуропалық тізіміне» кірді. Қырғызстандық ҚРСУ, «Манас» қырғыз-түрік университеті, Исхак Раззаков атындағы Қырғыз мемлекеттік техникалық университеті «QS World University Rankings 2025» жаһандық ең үздік университеттер рейтингінен табылды.
– Мұның бәрі қырғыз ЖОО-ларының халықаралық беделінің өскенін, Қырғызстанда қолайлы білім ортасының түзілгенін көрсетеді. Бұған қоса, статистика қырғыз жоғары білімінің әлемдік білім жүйесіне берік кіріккенін, өзге ғылым ордаларымен байланысының нығайғанын білдіреді. Бұған септескен басты фактор, әрине, Қырғызстанда жоғары білімнің қолжетімділігі, ақысының төмендігі. Мұның сыртында біздің ЖОО-лар ағылшын тілін білетін, жеке-бірегей оқу бағдарламасын әзірлеген креативті, тәжірибелі оқытушыларды өзіне тартуда жарысады, – деп жетістіктің құпиясын бөлісті қырғыз ғалымы.
Авазбек Атахановтың айтуынша, білім берудің интернационализациялануынан мемлекет те, оқу орындары да ұтады.
– Мемлекет бұл үрдісті жан-жақты қолдауы қажет. Бұл мәдени құндылықтар алмасуға, халықтар мен елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Шетелдік студенттер – достықтың елшілері, біздің елдің «жұмсақ күшін» таратушылар. Олар елдеріне оралған соң өз естеліктері, әңгімелері, кітаптары, еңбектері арқылы еліміздің бай тарихын, дәстүрі мен тілін таратады, дәріптейді. Шетелдік студенттің көбеюімен бірге идеялар, ғылыми жетістік алмасу күшейеді. Бұл елдің әлеуеті мен білім ресурстарына жаһандық жұртшылықтың назарын аудартады, – деді қырғыз ғалымы.
Қазақстандық ғалым-экономист Земфира Алямова да шетелдік студенттерді тартудың маңыздылығын атап өтті. Сол арқылы мемлекет әлемдегі дарынды, интеллектуалды, адами ресурстарды, жаңа ойларды, инвестицияларды, технологияларды өзіне тартады. Бұл туризмнің дамуына түрткі: ұзақ жыл оқуға кеткен шәкіртті көру үшін елге ата-анасы, туған-туыстары, достары қатынайды.
– Шетелдік студенттер санын арттыру ЖОО үшін де тиімді. Халықаралық шәкірттердің басым көпшілігі ақылы бөлімде оқиды. Университет 3-4 жыл бойы оқу ақысы түрінде тұрақты табыс табады. Және тек экономикалық пайдамен шектелмейді, шетелдік студенттер ЖОО-да мультимәдени орта мен қолайлы білім атмосферасын құрады. Бұл жағдайда жергілікті жастар «өз сорпасында өзі қайнамай», халықаралық қарым-қатынас тәжірибесін игереді, коммуникативтік машығын жетілдіреді. Шетелдіктер кіретін командада жұмыс істеу біліктілігіне қол жеткізеді. Жат елден келгендермен араласу арқылы дүниетанымы кеңейеді, – деді З.Алямова.
Сондықтан үкіметтер мен университеттер арасында шетелдік студентті өзіне тарту үшін күрес күшейді. Дүниежүзілік банк сарапшыларының дерегінше, студенттік мобильділіктің өсуі 96% жағдайда елдің халықаралық саудасының және туризмінің өсуіне игі әсер етеді.
Мысалы, халықаралық қоғамдастық «жабық» ел қатарына қосатын Қытай шетелдік студенттерді мол тарту арқасында ғылымның барлық саласында технология алмасуды жолға қойды және «жұмсақ күшін» өрістетті. ҚХР университетін бітіріп, кейін өз елінде қандай да бір саланың тізгінін қолға алған, биліктегі биік лауазымға тұрған бұрынғы шәкірттер Қытайға көзі түзу болады, онымен серіктестікті жақтайды.
Жағдай жасаса, оқу «жерұйығына» айналады
Шетелдік студенттердің көбеюі елді ғылыми мақалалар мен цитаталау бағытында да ілгерілетеді. АҚШ беделді журналдардағы ғылыми ашылымдар туралы мақалалар саны жөнінен 1-орынды ешкімге бермей келеді. Алайда соның 28,5%-ын Америкадағы шетелдік білімді жастар әзірлеген немесе тең автор болған. Ұлыбританияда бұл көрсеткіш одан да жоғары: 44,4%.
Еуропада шетелдік студенттердің 12%-ы оқуын бітірген соң сонда қалады, елді дамытуға еңбек етеді. Олар реципиент елдің экономикасына елеулі үлес қосады. Ұлыбритания шетелдік студенттерден жыл сайын орта есеппен 2,8 млрд фунт стерлинг табыс табады, бұл ел ЖІӨ-сінің 0,1%-ы. Сырттан келген шәкірттерден түсетін табыстың 47%-ын – оқу ақысы, тағы 48%-ы – баспана жалдау шығыны. Шетелдік студенттер Лондондағы университеттер табысының 39%-ға дейінгісін береді. Шетелдік студенттер ашқан бизнес ұйымдары әртүрлі секторда 70 мыңнан астам жұмыс орнын құрған.
Қалауын тапса, Қазақстан да білім қуған жастар үшін «жерұйыққа» айнала алар еді. Отандық ЖОО-лар жасанды интеллект стандартын қабылдады: 20 жетекші университет 20 білім беру бағдарламасын әзірледі, бұл жасанды интеллекет саласындағы жаңа мамандарды даярлауға негіз болады. Технология саласындағы көшбасшылармен, мысалы Coursera, Google, Nvidia, Huawei Technologies Kazakhstan, 01 Edu System сияқты компанияларымен стратегиялық серіктестік орнатылды. Бұл келісімдер студенттер мен оқытушыларға ең жаңа білім беру платформалары мен курстарды қолжетімді етті.
Шетелдік университеттер Қазақстанда өз филиалын ашып жатыр. Бүгінде 12 елдің 34 жоғары оқу орнымен стратегиялық серіктестік орнатылған. Ұлыбритания, Италия, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция және Оңтүстік Кореяның 23 жетекші университетінің филиалы ашылды.
Қазақстандағы 28 мыңнан астам шетелдік студенттің үштен біріне жуығы немесе 9 345-і – Үндістаннан. Гуджарат штатының тумасы, 25 жасар Аарав медициналық университетте оқып жатыр.
– 2017 жылы анаммен бірге, Астанадағы ЕХРО көрмесіне келгенде, осында волонтер болып жүрген шетелдік жастармен танысып, Қазақстанда оқудың егжей-тегжейін білгенмін. Бізде жоғары білім қолжетімсіз. Анам Ресейдің елшілігінде істеген, мені орыс тіліне үйретті. Ресейге баруға батпадым, 2022 жылы Қазақстанға келіп, оқуға түстім. Мұнда халық қонақжай, көмек сұрасаң қасыңа еріп жүріп, мәселеңді шешіп беруге дайын, – дейді Аарав.
Ол алғаш келгенде «мәдени шокты» бастан өткергенін, елін сағынғанын айтады: үндістандық тағамдарды дүкеннен де таба алмаған. Әйткенмен, бүгінде Үндістан мейрамхана-дәмханалары ашылып жатыр. Оқуын бітірген соң еліне оралып, оқыту қызметімен айналыспақ. Аарав – Сайни армиялық қолбасшылардың ауқатты әулетінен. Сондықтан Қазақстандағы бағаларды қолжетімді санайды.
Алайда сарапшылар шетелдік студенттерді көптеп тарту үшін оларды хостел, жатақхана-кампус түріндегі қолжетімді баспанамен, арзандау асханамен қамтудың маңызды екенін айтады. Сондай-ақ ағылшын тілінде оқыту бағдарламаларын көбейту, мұны мемлекеттік қолдау керек. ЖОО-лар ағылшын тілінде дәріс оқи алатын оқытушыларды жұмысқа алғаны жөн. Бұдан бөлек, талапкерді қабылдауда тек ҰБТ-мен шектелмейтін, емтихан қабылдап таңдайтын Назарбаев университеті сияқты оқу орындарының санын арттырған абзал. Шетелдік талапкер сондай-ақ әлемдік рейтингтерге, университеттің халықаралық жобалары, ғылыми жетістіктері мен серіктестік бағыттарына да назар аударады.
Бұдан өзге, көрші Ресей сияқты тікелей ата-аналармен жұмыс жүргізу қажет. Бұл бағытта қадам жасалды. Кеше, 2025 жылғы 2 мамырда Пәкістанның Исламабад қаласында отандық 11 жоғары оқу орны қатысқан Study in Kazakhstan көрмесі және Қазақстан – Пәкістан университеттер форумы өтті. Одан кейін қазақстандық делегация жергілікті оқушылармен және ата-аналарымен кездесті.
Елдос СЕНБАЙ