Академик 1940 жылы 24 маусымда дүниеге келді. 1970-1981 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінде ғылыми хатшысы әрі «Қазақ КСР Ғылым академиясының Хабарлары» атты журналының жауапты хатшысы қызметін атқарды. 1983 жылдан Алматыдағы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға, жетекші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті шығыстану факультетінің деканы, ҚР Ұлттық ғылым академиясы Әдебиет және өнер институтының директоры қызметтерін атқарған. Сейіт Қасқабасов жалғыз әдебиет емес, ұлттың жоғын жоқтап, түгендеуде де қыруар шаруаның басында жүрді. Алаш арыстарын ақтау, қазақ прозасын зерттеу, ұлт фольклорын жан-жақты зерделеуде тындырғаны көп тұлға еді.
«Бабалар сөзін» ұрпаққа аманат еткен ғұлама
Әлемге мәшһүр ғұлама ғалымның бүкіл саналы ғұмыры халық мұрасын зерделеуге арналды. Жиырмаға жаңа толған жасында Әдебиет және өнер институтының аспирантурасына түсіп, қазақтың қиял-ғажайып ертегілерін зерттеуге кіріскен сәтте-ақ ғылымға жаңа дарын иесі келгенін бірден аңғартты.
Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың 25 жасында жазған «Қазақтың қиял-ғажайып ертегісі» («Казахская волшебная сказка») атты кандидаттық диссертациясы қазақ фольклортану ғылымына соны сүрлеу салды. Осы алғашқы еңбегімен-ақ әлемдік классикалық академиялық мектеп дәстүрін Қазақстанға жерсіндірді. Қазақ халық даналығы әлемдік фольклортану ғылымының ұлы мұхитына С.Қасқабасов салған жаңа арнамен барып құйылды.
Үздіксіз ізденістің нәтижесінде 1984 жылы «Қазақтың халық прозасы» атты әйгілі монографиясы дүниеге келді. Ол туралы берісі Ресейден бастап, арысы АҚШ ғалымдарына дейін пікір білдірді. «Қазақ мифі» жөнінде алғаш рет тың тұжырымдар қорытқан тұңғыш ғалым да С.Асқарұлы еді. Кейіннен ғалымның «Казахская несказочная проза» деген еңбегі орыс тілінде жарыққа шықты. Осы екі монографиясы үшін С.Қасқабасов 1992 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Ол Алаш арыстарының мұрасын ақтап, жариялау мен зерттеу туралы тауқыметті шаруаға да белсенді араласты. Нәтижесін қазіргі ұрпақ көріп отыр.
Сейіт Асқарұлы 1989 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде «Жанры казахской народной (несказочной) прозы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Кейіннен Ұлттық ғылым акдемиясының академигі, әлемге мәшһүр ғұламаға, өзінің қалыптастырған мектебі бар ұлағатты ұстазға айналды. Финляндиядағы Халық шығармашылығын зерттеушілердің Халықаралық қоғамына, Шыңғысхан, Ш.Айтматов академияларына құрметті мүше болып қабылданды.
1992 жылы С.Қасқабасов Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ашылған Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Жоғары аттестациялық комиссияның (ЖАК) тұңғыш төрағасы болып тағайындалып, қызметті абыроймен атқарды. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Шығыстану факультеті мен «Еуразия» ғылыми-зерттеу орталығын ашып, басшылық етті.
С.Қасқабасов өзінің ұшқан ұясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры болып қызмет еткен он жылдың ішінде өз басшылығымен «Қазақ әдебиеті тарихының» 10 томдық жаңа басылымы, 5 томдық «Қазақ музыкасының тарихы», 3 томдық «Қазақ өнерінің тарихы», 20 томдық «Әдеби жәдігерлер», 100 томдық «Бабалар сөзін» жарыққа шығарды. Бұл іргелі зерттеулер – қазақ гуманитарлық ғылымының тәуелсіздік жылдарындағы абыройлы жемісі іспетті кезеңдік еңбектер.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Мемлекеттік комиссияның белді мүшесі ретінде де Сейіт Асқарұлы қажырлы шаруалар атқарды. Тәуелсіздік жылдарында нәтижелі тиянақталған «Бабалар сөзінің» 100 томдық басылымының ұйымдастырушысы да, атқарушысы да академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасов болғанын айрықша атаған жөн. Бұл – өркениетті деген халықтардың арманына айналған тарихи, ғылыми жетістік.
Ғалымның қажырлы еңбегінің нәтижелері жыл сайын том-том болып жарық көріп келеді. Олардың қатарында, «Колыбель искуства», «Родники искусства», «Золотая жила», «Жаназық», «Елзерде», «Ойөріс» сияқты аты да, заты да кесек іргелі зерттеулерді атауға болады.
Екі тілді еркін меңгерген Сейіт Асқарұлы қазақ фольклорының біраз үлгісін орыс тіліне аударып жариялады. Шығыстанушылар В.Радлов пен Г.Потаниннің еңбектерінің ғылыми басылымдарын шығаруға да бас-көз болды. «Еуразия халықтарының эпосы» сериясы бойынша «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» лироэпосының 8 нұсқасын қамтыған академиялық басылымын, «Қыз Жібек» жинағын Мәскеуде жарыққа шығарды.
Мемлекеттік сыйлықпен қоса, Жамбыл атындағы (1996) және Махамбет атындағы (2003) сыйлықтарын алып, ғалымның мерейін тасытты.
Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың ғылыми еңбектері Анкарада, Мәскеуде, Минскіде, Кишиневте, Бакуде, Ашхабадта, Ташкентте, Бішкекте басылған. Олар жөнінде АҚШ, Түркия, Ресей, Моңғолия, Венгрия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Қарақалпақстан, Башқұртстан, Татарстан журналдары мен газеттерінде рецензиялар жарияланып, жоғары баға берілді.
Ол жас кезінен бастап-ақ тыңға түрен салуға, жаңадан жол ашуға дағдыланған өз замандастарының алды, өз ұрпағының басы екендігін дәлелдеп келе жатқан айшықты тұлға болды. Оның ғылымдағы жаңалықтарын айтпағанның өзінде, өз қолымен құрып, қалыптастырған ондаған жаңа мекемелерінің өзі бүгінге дейін нәтижелі жұмыс атқарып жатыр. Сондықтан да Сейіт Асқарұлын тек қазақ фольклортану ғылымының ғана емес, тұтас қазақ руханиятының көшін алға сүйреген айбарлы баһадүр тұлға деуге болады.
Ардақты аға, ғибратты ғалым, Сіз салған қазақ фольклортану ғылымындағы сара жолды жалғастыратын, Қасқабасов мектебінің түлектері саналатын бір шоғыр шәкірттеріңіз артыңызда аңырап қалды.
Жатқан жеріңіз жәннат болсын, қадірлі ұстаз. Сіздің еңбектеріңіз халқыңызбен бірге мәңгі жасайды. Бақұл болыңыз баһадүр тұлға!
Кенжехан МАТЫЖАНОВ,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институтының бас директоры,
ғалымның шәкірті
Іргелі зерттеулерге серпін берген академик
Қазақ әдебиеті мен мәдениеті, ғылымы мен білімі ауыр қазаға ұшырады. Өмірден қоғам қайраткері, көрнекті фольклортанушы ғалым, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, ұлағатты ұстаз Сейіт Асқарұлы Қасқабасов өтті.
1967 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер иснтитутының аспирантурасын бітірген дарынның барша саналы ғұмыры қазақ ғылымымен біте қайнасты. 1969 жылы «Қазақтың қиял-ғажайып ертегілері» тақырыбында кандидаттық, 1989 жылы Мәскеуде «Қазақ халық прозасының жанрлары» тақырыбында докторлық диссертация қорғап, қазақ фольклористикасын жаңа ғылыми деңгейге көтерді. Зерттеу нысаны аса өзекті ғылыми еңбегінің жаңалығын әлемнің жетекші фольклорист ғалымдары мойындады.
1970-1981 жылдары Қазақ ССР ҒА Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінде ғылыми хатшы, «Қазақ ССР Ғылым академиясының Хабарлары» журналының жауапты хатшысы болды. Өзіне жүктелген мемлекеттік істерді үлкен жауапкершілікпен атқарып, білікті басшы, білгір ұйымдастырушы ретінде танылды. ҚР ҰҒА М.Әуезов атындағы Әдебиет жөне өнер институтының ғылыми қызметкері, Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің ғылыми хатшысы, КСРО ҒА Әлем әдебиеті институтының аға ғылыми қызметкері, ҚР Президенті Аппаратының қызметкері болды. ҚР ҰҒА Әдебиет және өнер институтының директоры қызметін абыроймен атқарды.
1988 жылы Қазақстан КП Орталық Комитетінде еңбек етіп, Алаш арыстарын ақтау ісінің бел ортасында болды. 1990 жылы Орталық Комитетте тыңнан құрылған Саяси процестер социологиясы орталығын басқарып, оның белді де беделді басшысы ретінде әдебиет пен өнер мәселелері бойынша қабылданған партиялық қаулылардың күшін жою, қуғын-сүргін құрбаны болған ұлт қайраткерлерін ақтау жөніндегі жұмыс тобын басқарды. 1991-1992 жылдары ҚР Президенті мен Министрлер кабинеті аппаратында жауапты мемлекеттік қызметтер атқарды.
1992 жылы Министрлер кабинеті жанындағы Жоғары аттестация комиссиясының төрағасы қызметінің тізгінін ұстады. Ғалым қажыр-қайратымен Қазақ елі тарихында тұңғыш рет ЖАК жүйесін құрып, ғылыми дәрежелер мен атақтар беру, ғалымдарды аттестаттауға қажетті Ережелерін айқындады.
Қайраткер ғалым Алаштың бас қаласы Сарыарқа төсіне қоныс аударғанда, ұлт руханияты мен ғылымын, өнері мен мәдениетін дамытуға тер төкті. 1997-2001 жылдары Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Еуразия» ғылыми орталығын, Шығыстану факультетін ұйымдастыруға тыңнан ұйытқы болды. Шығыстану факультетін, 2012-2019 жылдары Қазақ әдебиеті кафедрасын абыроймен басқарды.
Тәуелсіздік рухындағы жаңа мамандықтар ашуды, білім беру бағдарламасын елдік мүддеге сай жаңғыртуды, білікті шәкірттер тәрбиелеуді қолға алды. Академик ғалымның жетекшілігімен бес докторлық, он бес кандидаттық және PhD диссертациялар қорғалды. Сол арқылы қазақ фольклортану, әдебиеттану бағытындағы ғылыми мектебін қалыптастырды. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ магистратура, докторантура деңгейіндегі «Әдебиеттану» білім беру бағдарламаларының жүзеге асуына басшы болды. Сондай-ақ білім беру бағдарламаларындағы «Фольклор теориясының негіздері», «Фольклортану тарихы мен теориясы», т.б пәндердің негізін қалады. PhD-докторантура бойынша шәкірттер дайындады.
Қашанда іргелі зерттеулер мен соны ізденістерге серпін беріп жүрген академик «Алтын сандық», «Ел қазынасы – ескі сөз» жинақтарын құрастыруды қолға алды.
Сейіт Асқарұлының басшылығымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасымен алғаш рет «Бабалар сөзі» сериясы қолға алынып, қазақ халқының сан ғасырлық асыл мұрасы қамтылған 100 томдық іргелі басылым жарық көрді.
Академик ғалым «Қазақ әдебиеті тарихының» 10 томдық жаңа басылымы, 3 томдық «Қазақ өнерінің тарихы», 10 томдық «Ержүрек», 5 томдық «Қазақ музыкасының антологиясы», 20 томдық «Әдеби жәдігерлер» сынды еңбектердің жарық көруіне бастамашы болды.
Гранттық қаржыландыру негізінде бірнеше ғылыми жобаларға жетекшілік жасады. Отандық ғылымды дамытуға сіңірген орасан зор еңбегі лайықты бағаланып, ҚР Мемлекеттік сыйлық, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлық, Жамбыл атындағы сыйлық, Махамбет атындағы сыйлық лауреаты атанды.
Топырағыңыз торқа болсын, қадірлі ұстаз! Асыл рухыңыз өзіңіз қадірлеген қазақ халқымен мәңгі жасай бермек!
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ұжымы