Басқа халықты білмеймін, қазақ халқы ой баққан халық екені анық.
Ақындықтан басталған ғалымдық
447
оқылды

Ой баққан халық, әрине, сөз өнеріне жақын болады да. Сол дәстүр әлі күнге үзілмей келеді. Біздегі қолына қалам ұстағандардың түгелге жуығы алдымен өлеңнен бастайды. Оның мысалын кез келген жазушы не ғалымның шығармашылығынан кезіктіруге болады. Бүгінде белгілі әдебиеттанушы ғалым Амантай Шәріп те әдебиетке өлеңмен келген.

Сыр бойында – Қазалы өңірінде туып-өскен, «талағында биті бар» ұрпақтың Сыр сүлейлерінен хабары болмауы мүмкін емес. Базар жырау Оңдасұлы, Қарасақал Ерімбет, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Нұртуған Кежеғұлұлы секілді даңғайыр ақын­дардың жырлары ел аузында жүретін мекенде олар туралы хабарсыз болуы қиын. Оның үстіне, бұл аймақта жыраулық өнер қатты дамыған. Күні кешеге дейін жиын-тойдың көркі солар еді ғой. Сондықтан Сыр сүлей­лерінің шығармаларын жұрт кітаптан бұ­рын жыраулардың айтуынан естіп, құ­ла­ғына құйып алатын. Міне, осындай ор­тадан шыққан Амантай Шәріптің ақын­дыққа талпынуына таңғалудың керегі жоқ.

Өлеңді мектеп оқушысы кезінен бастаған ол жоғары оқу орынына түскеннен кейін оған біржола бет бұрған-ды. Алайда тумысы­нан сөз өнеріне жақын болса да ата-ана­сының қалауымен ол Шымкенттегі Қазақ химия-технология институтына оқуға түсті. Сол білім ордасының бірінші курсында жүр­іп, өлеңдері «Пионер» (қазіргі «Ақжел­кен») журналына жарияланды. Бұл – оның қандай оқу оқыса да әдебиеттен іргесін аулақ салмайтынының нышаны еді. Атақты ақын Фариза Оңғарсынова басқарып отырған журнал жастарға арналғанымен оған мықтылар ғана шығатын ол кезде. Амантайдың республикалық деңгейдегі басылымнан көрінген сол өлеңдері оған болашағынан үміт күттіретін жас ақын деген атақ әперді. Өз қатарластарын жалт қаратып, аузы дуалы аға ақындардың назарына ілікті. Мұның бәрі оның ішіндегі отқа май құйғандай болды десек, артық болмас, себебі содан кейін – әлгі Шым­кенттегі оқудың бар болған бір семестрін ғана аяқтап бола салып, онымен ат құйрығын үзіп кетті. Сөйтіп, ҚазМУ-дің (бүгінгі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) журналистика факультетіне оқуға түсіп, білім жолын қай­та бастады. Қатарластарының кейбірі әскери қызметін бітіріп кеп оқуға енді түс­іп жатқанда Амантай журфакті қызыл дипломмен бітіріп, өзі оқыған факультетте оқытушылық қызмет атқара бастады.

Әрине, журналистерді дайындайтын жерде оқытушы болдым екен деп о бастағы ар­манынан бас тартқан Амантай жоқ, өлең­дер жазды, аудармалар жасады (Әзер­байжан ақындары Гусейн Джавид (1884-1941) пен Бақтияр Вахабзаденiң (1925-2009) шығармаларын қазақшаға түпнұсқадан аударды) және олардың бәрі баспасөзде жарияланып жатты. Солайша, ол әдебиетке 80-жылдарда келген толқынның қатарында өзін таныта білді. 

Өлеңдері «Қарлығаш», «Ұлы дала жыр­лары» секілді жинақтарға еніп, соңынан өзінің «Құбыла» атты жыр жинағы жарық көргенде оқырман да, әдеби қауым да әдебиетке Амантай Шәріп атты ақынның келгеніне күмәні болмаған. Өйткені өзімен бірге поэзияға өзгеше сарын, өзіндік ізден­ісі­мен келген қалам иесін бәрі де таниды ғой. Дегенмен ұзамай жырсүйер қауым оны ақындық алаңынан жоғалтып алғандай болды. Себебі тұңғыш жыр жинағынан соң біраз аудармалары жарық көрсе де жұрт Амантайдың қаламынан шыққан жырларын баспасөз бетінен көре алмай қалды. Соңғы жыр кітабы 2009 жылы «Сыр­дария кітапханасы» атты 200 томдыққа енді. Ал бұл кезде ол түрлі қызметтерде жүріп, әдебиеттану ғылымына біржола бет бұрып кеткен еді (Амантайдың бір ғана жыр жинағы екі рет басылып шыққанын айтып өттік, ол туралы белгілі ақындар Шаһизада Әбдікәрімов «Қағазға жұлдыз қондырған», Ахмет Өмірзақ «Ақындық қана мәңгілік», Төреғали Тәшенов «Елу өлең­мен елді алған» атты мақалаларында жеріне жеткізе айтқандықтан, біз ол жағына тоқталуды жөн көрмедік).

1988 жылы ҚазҰУ-ді қызыл дипломммен бітіргеннен соң сонда стажер-зерттеуші, ассистент, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі болып 7-8 жыл еңбек еткеннен кейін 1996–1997 жылдарда Қызылорда мемлекеттік уни­верситетінің оқу ісі жөніндегі проректоры қызметін атқарды. 1997–2000 жылдарда ҚазҰУ-дің докторантурасында оқыды. 1994 жылы «Сұлтанбек Қожанұлының Әдеби-публицистикалық мұрасы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады және сол жылы «Сұлтанбек Қо­жан­ұлы – әдебиетші», келесі жылы «Қай­рат­кердің қаламгерлігі» атты зерттеу ең­бек­терін жариялады.

2000–2004 жылдар аралығында Еуразия университетінде кафедра меңгерушісі, гуманитарлық институт директорының орынбасары, әлеуметтік жұмыстар жөнінде проректор қызметтерін атқарған. 2004 жыл­дан «Қазақстан» республикалық теле­ра­дио­корпорациясы» АҚ Қызылорда облысы филиалының директоры қызметінде болды. Сондай-ақ Түркі академиясының ғалым хатшысы, «Егемен Қазақстан» га­зеті­нің бас редакторы қызметін атқарды. Қазір Астанадағы ең үлкен университеттің оқытушысы.

Айта кету керек, соңғы ширек ғасырда ол көптеген әдеби-сын мақалаларын жар­ия­лап, «Қазақ поэзиясы және ұлттық идея» (2000), «Алтын арқау» (2009), «Сөз өнері және ұлттық рух» (2010), «Рух пен рәміз» (2013), «Егеулі қалам» (2024) секілді бірнеше кітап шығарды. Бұлардың бәрі де қазақ әдебиеттану ғылымы үшін толымды ең­бектер еді. «Қазақ поэзиясы және ұлттық идея» атты кітабы үшін 2000 жылы А.Шәріпке «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы берілді, сондай-ақ ғылымдағы жетістіктері үшін Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері атанды. Міне, осыларға қарап, оның әдебиеттану ғылымында қан­шалықты жемісті еңбек еткенін көруге болатын шығар. 

Жалпы, Амантайдың шығармашылық ғұмырын ақын, журналист, ғалым деп үшке бөліп қарауға болады. Ақындығы туралы жоғарыда аз-кем айтып өттік, журналистік алғырлығы елге белгілі. Дегенмен жоғары оқу орындарында ұстаздық ете жүріп жаса­ған зерттеулері шын мәнінде оны елге кең танытты. Сондықтан Амантайды ең ал­дымен зерделі зерттеуші, ойы терең ғалым ретінде бағалауымыз керек.

Амантай Шәріптің шығармашылығы о басында ақындықтан басталды десек, ақындықтың негізінде отан сүйгіштік жатады. Міне, осы қасиет біздің кейіп­кер­іміздің ғылымдағы бағытына ұстын болды десек, қателесе қоймаспыз. 

Тәуелсіздіктен бергі жерде қазақ әде­б­иеттану ғылымында ұлт мәселесін зерттеу кеңге қанат жая қоймаған кезде Амантайдың «Қазақ поэзиясы және ұлттық идея» атты кітабының жарық көруі аталған бағыттағы толымды еңбек болды. Кітапта әдебиеті­міздегі ұлттық мәселелердің, мемлекетшілдік идеяның қалай қалыптасқаны жөніндегі ғалымның ой-толғамдары сүйсінтеді: «Ұлт­тық идея дегеніміз – этностың мезгілдік һәм мекендік факторлар арқылы айқындала­тын тәжірибесі, танымы және талғамына бай­ланысты бірте-бірте жаңғырып-жаңа­ланып, отыратын, бірақ өзіндік ілкі белгі­лерін жуық арада жоғалта қоймайтын та­биғи-тарихи әрі тылсымдық бітім-бол­мы­сының, сана-сезімінің, мінезі мен мә­дениетінің, соған сәйкес туындайтын әлеуметтік мұрат мүдделері мен қимыл-қоз­ғалыстарының жалқылық та, жалпылық та мәнін жинақтаған ұйытқысы» (А.Шәріп, Қазақ поэзиясы және ұлттық идея, Алматы, 2000, 11-бет). Осылай деп тұжырым жасаған автор қазақ поэзиясының ұлттық пафосын: «Қазақ хандығының құрылуы мен қалып­тасуы тұсындағы көшпенді қоғамның мұрат­тары (жыраулық поэзия)»; «XVIII ғасырдағы жоңғар-қалмақ шапқыншылығы мен орыс отаршылдығы төбе көрсеткен тұстағы ұлттық бірігу идеясы»; «Қазақ халқы­ның Ресейдің қол астына қарауы бір­те бірте және аймақтар бойынша жүзеге асырылуы себепті қатаң хронологиялық жүйеге көне бермейтін, бірақ әртүрлі көз­қарас концепцияларды танытатын сар­ындары»; «ХХ ғасырдың басында жеткеші орынға шыға бастаған саяси күрескерлік тенденция мен және Алаш идеясы»; «Кең­ес­тік империя кезеңіндегі ұлттық геноцид, мәдени экспанция және ассимиляциялық саясат жүзеге асқан тоталитарлық жүйе жағ­дайында таптық ұғымдардың тасасында астыртын күн кешіре берген этностық белгі-сипаттар»; «Егемен елге айналған Қазақстан Республикасының жаңғырып-жаңару үстіндегі ұлттың көркемөнерінің барлық саласындағы бейнеленетін өтпелі кезең бедерлері мен құндылықтары» деп алты кезеңге бөліп көрсетеді және бұларға аталған кітапта осындай жүйемен зерттеу жасап, талдап, түсіндіріледі. Бұл арқылы ғалым қазақ әдебиетінде азаттыққа ұмтылу­ын бір сәтке де тоқтатпаған халықтың өр рухы мен күрескерлік қасиетінің ешқа­шан­да өшпей, әдебиетте үнемі көтеріліп отыр­­ғанын, сол арқылы қазақтың ұлттық болмысы сақталып, рухани тұрғыдан үнемі жаңарып, жетіліп отырғанын көрсетеді.

Әдебиеттен толық хабары жоқ адамдар бәрін оп-оңай жоққа шығара салады. Тіпті, кейде бізде анау жоқ, мынау жоқ деп аузын қу шөппен сүртіп, бойына сөз киесі қонған тұлғалардың қаншама ғасырдан бері ұлтты сақтау жолындағы ерен еңбегін ман­сұқтап отырғанын білмейді. Міне, сон­дайлар Амантай Шәріптің «Қазақ поэ­зиясы және ұлттық идея», «Сөз өнері және ұлттық рух» кітаптарын оқыса алты ғасырдан бері ұлтын жебеп, демеп келе жатқан қазақ әдебиетінің қадір-қасиетін ұғып, оған деген құрмет сезімі оянар еді.

Амантай Шәріптің жоғарыда аталған екі кітабында айтылған идеялары оның «Рух пен рәміз» кітабында да жалғасын тапқан. Онда ол қазақ әдебиетіндегі отаншылдық, мемлекетшілдік идеясының сонау түркілер дәуірінен бері желі тар­татынын талдай келе, Жер-Ана архетипінің мәнін ашады. Сөйтіп, ғалым оның жалғасын қазақ әдебиетінен тауып былай көрсетеді: «Идеялық тез-таразыға түскен заматтарда жекелеген топонимикалық атаулардың қасыбірі ұлттық символға ұласуы ықтимал. Мысалы, ақындар «Жиделібайсын» ұғымына жұртты утопиялық немесе антиутопиялық көңіл-күй жайлаған кездерде қайта-қайта орала соғып отырса, «Сарыарқа» сөзінің идеялық-көркемдік эволюциясы тіпті қызық; ол жай мекендік мағынаны білдіруден бастап жалпықазақтық бүтіндік пен бірлікті айғақтайтын атауға айналып үлгерген, соның сылтау-себебімен кеңес өкіметі кез­еңі­нде белгілі бір уақытқа дейін осы атауды өлеңге кіргізудің өзі ұлтшылдықтың белгісі ретінде бағаланған» (А.Шәріп. Рух пен Рәміз, Алматы, 2013, 6-7 бет).

Көріп отырғанымыздай, қазақ азаттығын жырлаудың символы болған атаулардың өзіне Амантай мәдени-философиялық тұрғыдан қарап, оның қатпарында жатқан мәнді ашады. Мұны ғылым үшін ғалым атану емес, ғылымды халыққа барынша пайдалы ету жолындағы үлкен ізденістерге барып, одан халықтық мән, философия табу десе болар. 

Жалпы, ғылым жолында жүргендердің ескере бермейтін бір кемшілігі болады, ол ғылым – ғылым үшін деген принцип. Әрине, тыңғылықты зерттеулер ғылымды дамытып, оны тереңдете түседі, бірақ екінші жағын да ескеру керек: яғни, ғылым түрлі терминдермен сіресіп, оқуға ауыр, түсінуге қиын болса ғылыми туындылар жазылған жерінде қалып, санаулы адамдар ғана пайдаланатын құралға айналуы мүмкін. Ондай әдет әдебиеттану ғылымында да жиі кездеседі. Сондықтан көп нәрсе халыққа жетпей, ғылымдағы жетістіктер бағаланбай, танылмай қалады. Ал Амантай Шәріптің кітаптары ондай қолдан жасалған ауырлық­тан ада. Жеңіл оқылады, тілі төгіліп тұрады. Сосын көптеген зерттеушілердің назарынан тыс қалып жататын халыққа ең керекті жайларды қаузап, барынша ұғынықты түсіндіріліп отырады.

«Геометрия сияқты поэзияға да шабыт керек» деп орыстың ұлы ақыны А.Пушкин айтқандай, ғылыми туындылар да шабытпен, сезіммен жазылмаса, жазушының проза­сындай, ақынның поэзиясындай сезімге әсер етіп, ойды түртпесе ғылыми туынды­лардың халық­қа жетуі, олардың сүйсінісін оятуы қиын. Ал Амантай Шәріптің ақын­дықтан бастау алған ғалымдығында ондай кемшілік жоқ. Сондықтан оның қаламынан шыққан­дардың қай-қайсысы да жарық көрген бетте жұрттың назарын аударып, көңіліне жетіп жатады. Ғалымдықтың бақыты осы болса керек.

Бегабат ҰЗАҚОВ,

жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі