7 мамыр күні – Отан қорғаушылар күніне арналған әскери шеру «Қазақ елі» монументінің жанындағы Тәуелсіздік алаңында өтеді. Оған 4500-ден астам әскери қызметші, 300-дің үстінде қару-жарақ пен әскери техника тартылады деп жоспарланып отыр.
Шерудің әуе бөлігіне майдандық, армиялық және әскери-көліктік авиацияның 70-ке жуық ұшу аппараты қосылады. 3 және 5 мамыр күндері жаяу есептоптардың, әскери техника мен авиацияның қатысуымен басты жаттығулар өткізілмек.
Ал кеше ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне әскери шерудің дайындық барысымен танысуды ұйымдастырды, – деп жазады Аikyn.kz сайты.
Бірер күнде Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа дайындық аяқталады. Индустриалды қалашықтағы бөлімшелер мен техникалық экипаждардың бір ай бойғы дайындығын тексеріп, жүргізушілердің шеберлігі мен қажетті маневрлерді орындай білуін Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов бағалады.
– Жеке құрам салтанатты шеруге қызу дайындық үстінде, қазір 90 пайызға әзір. Қалған 10 пайыз кішігірім түзетулер, уақытпен сәйкестігін келтіру қалды. Мақсатымыз – Қазақстан халқына әскеріміздің қауқары мен күш-қуатын көрсету, – деді Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары – зымыран әскерлері мен артиллерия бас басқармасының бастығы, полковник Тілек Серікбаев.
Оның айтуынша, шеруге қатысуға жиылған әскер еліміздің әр өңірінен келген. Мұнда тек әскерилер ғана емес, Ұлттық ұлан, Ішкі істер министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери құрылымдары атсалысып жатыр. Оған қоса, үш әскери оқу орнының курсанттары да қатарға қосылған.
Шеруде алдымен жаяу әскерлер жүрсе, артынан әскери техника құрылғылары мен ұшқыштардың өнерін тамашалауға мүмкіндік туады.
– Осындай әскери шеруге қатысып отырғанымызға қуаныштымыз. Физикалық тұрғыда мықты, саптағы дайындығы жоғары, бой-бітімі жағынан бекітілген талапқа сай жандар іріктелді. Бізге осында тұруға барлық қолайлы жағдай жасалған, – деді рота командирі, капитан Зульфия Шамшиева.
Оның айтуынша, әйел әскерилерді 18 гарнизонның ішінен таңдаған. Нәтижесінде 200-ге жуық қыз-келіншек іріктеп алынды. Оның ішінде көпбалалы аналар да бар.
– 1500 сарбаздың ішінен үздіктің үздігі болып 150 сарбаз ғана көзге ілікті. Соның қатарында өзіміздің табылғанымызға қуаныштымыз. Әскери борышын өтеп жатқан өңірлік қолбасшының артынан еріп, бригаданың келбеті ретінде шеруге қатысу – кез келген ата-ананың да, сарбаздың да мақтанышы, – деді Ақтаудағы теңіз жаяу әскері бригадасының сарбазы Алмас Дәулетбек.
Лагерь жиынының штаб бастығы, полковник Табылды Есалиев сарбаздардың бұл шеруге дайындалып жатқанына бір айдың жүзі болғанын айтты.
Оның айтуынша, дайындық үшін жасақталған лагерьді құруға 3 наурыздан кіріскен.
– Лагерь толық жұмысын 29 наурыздан бастады. Себебі ол кезде мұнда жан-жақтан жиналған 4500 мың әскер тұрақтап, тіршілік етті. Қазақстанның әр түкпірінен келген құрлық әскерінің бір басы Астанадан бастаса, арғы шеті Ақтаудан аяқталады. Ақтаудағы теңіз құрлығының бригадасынан сарбаздар келді, – деді Табылды Есалиев.
Бұл қалашықты жасақтау мақсатында 300-ге жуық шатыр құрылды. Негізі лагерь жиыны бірнеше блоктан тұрады. Біріншісінде – әскерилердің жатын орны. Барлығы 106 шатыр тігілген. Әр шатырдың ішінде 34 адамнан орналасқан.
Екіншісі – жуынатын блок. Сарбаздарға 17 жуынатын орын қойылса, үшінші блокта "котельня", арнайы ыдыс-аяқ жуатын 17 шатыр көтерілген.
– Әскердің ас дайындап, тамақ ішетін жерін ПХД дейміз. Бізде оның саны – 11. Байқасаңыздар, бүкіл палата бірдей екі қабатты төсектен тұрады. Сарбаз не полковник деп бөлмейміз. Олардың ішетін тамағынан бастап, жатын орынға дейін бірыңғай күйде дайындалған. Тек әйел әскерилер үйге орналастырылды, – деді полковник Табылды Есалиев.
Сарбаздар шеруге дайындығы таңғы 06.30 ұйқыдан оянғаннан кеш қарайғанға дейін жүреді. Әрқайсысы өзіне тиесілі қаруды қару-жараққа арнайы жасақталған қоймадан алады.
Лагерьдің тыл жөніндегі орынбасары полковник Ержан Есенбаевтың айтуынша, әскерилер үшін шаштараздан бастап, 7 әскери моншаға дейін жасақталған.
"Монша аптасына 2 рет, сәрсенбі мен сенбі күндері жағылады. Ал шаштараз әр сенбі сайын жұмыс істейді", – дейді ол.
Лагерь жиынының әкімшілігі де осы маңда орналасқан.
Тіпті әскерилер үшін киім-кешегін үтіктеп-реттеп алуға мүмкіндік берілген.
– Қазір әрқайсысы шеруге киетін өзінің формасын алды. Енді етек-жеңін түзетіп, үтіктеп, реттеп жатыр. Мұнда бірден он адам істеуге мүмкіндік бар. Аяқкиімді жөндейтін етікшіге дейін даярланған, – деді Лагерьдің тыл жөніндегі орынбасары полковник Ержан Есенбаев.
Жеңістің 80 жылдығына арналған ауқымды бұл шеру өткен жылғыдан өзгеше болмақ. Не десек те, осындай шаралар қазақ әскерінің әлеуетін көрсетіп қана қоймай, еліміздің қорғанысының айғағы сынды.