Судья рақымшылық танытып, бостандыққа қоя берген, бірақ пробациялық есепке қойылған сотталғандарға бақылауды күшейту, олардың қайталап қылмыс жасауына жол бермеу Президент жариялаған «Заң мен тәртіп» қағидатына сәйкес келеді.
Білезікке «байланған» бостандық
766
оқылды

Бақылауды арттыру мақсатында жаңа технологиялар енгізіліп жатыр. Мысалы, электронды браслеттер қылмыскердің қозғалысын қадағалауға ғана емес, оның қайтадан құқықбұзушылыққа баруының алдын алуға мүмкіндік береді. 

Пробация қызметі сот­тал­ған­­­дарға арналған элект­рон­­ды аяқ білезіктерін төрт жыл­дай бұрын белсенді қолдана бас­тады. Қылмыстық-атқару жү­йе­­­сін жаң­ғырту шеңберінде 2021 жыл­ғы қара­шада елордада бұл жүйе тестілік режимде іске қо­­­­сыл­ды. Алдымен жыныстық тиіс­пеу­ші­лікке қарсы баптарда көз­делген қылмыс жасаған, қа­ра­пайым тіл­мен айтқанда, педофил және адам зорлаған жеті сотталғанның бос­тандықтағы жүріс-тұрысын ба­қы­лау үшін электронды білезіктер қолданыла бастады. 

Олардың сот үкіміне сай бел­гілі бір орындарға бармауы, бала­бақ­шаға, мектепке, өзге оқу орын­дарына жақындамауы, түнгі уа­­­­­­­қыт­та үйден шықпауы, проба­ция қызметіне хабарламай, тұр­ғы­лықты жерінен тыс елді мекен­дер­ге кетіп қалмауы сияқты тыйым­­­дар­дың орындалуы осы арқылы тұрақты тексерілетіні мәлімделді.

Мамандар бұл жүйенің қо­лай­лы екенін айтады. Пробация қыз­ме­тінің инспекторы соттал­ған­дар­дың белгіленген талаптарды сақ­тауын арнайы бағдарлама ар­қылы онлайн режимде қадағалай ала­ды. Қаласа, архивті ашып, бұ­ған дейінгі «жүріс-тұрысы тари­хы­на» талдау жасай алады. Қыз­мет­кер қажетті деректерді ком­­­­пьютердің, планшеттің немесе смартфонның көмегімен жеке кабинет арқылы тек­сере алады. Егер сотталған адам белгіленген шектеулерді бұз­са немесе білезікті зақымдауға ты­рысса, бұзушылық туралы дереу да­был түседі. 

2021 жылы Ішкі істер ми­нистр­­лігі келесі 2022 жылдан бас­тап пробация қызметінің есебінде тұр­ған барлық адамға электронды бақылау құралдарын қолдану прак­тикасын кеңейту жоспар­лан­ғанын жариялады. Бір ғана елор­дада 2,5 мыңға жуық электронды білезік пен 25 мыңнан астам мо­биль­ді құрылғылар қажет бола­ты­ны айтылды.

Арада біраз уақыт өтті, бұл жүйе­­­нің әлі күнге кең өріске құ­лаш ұра алмағаны белгілі болды. Мы­салы, өңірлік ҚАЖ депар­та­мен­­тінің дерегінше, Қызылорда об­­л­ысында пробациялық қыз­мет­тің бақылауындағы 1 000 сот­талғанның 116-сы ғана элект­рон­ды браслет тағады. Өзге өңірлерде де ұқсас жағдай қалыптасты.

Сонда бұл жоба өзін ақта­ма­ға­ны ма? Қылмыстық-атқару жүйесі ма­мандарының айтуынша, бұл за­манауи құрылғылар соттал­ған­дардың тұрғылықты мекенжайын­да қалатынын, жаңа қылмыс жа­са­­­­майтынын кепілдендіреді, олар­­ға күндіз-түні, үздіксіз бақы­лау­ды қамтамасыз етеді. Брас­лет­тер «ан­тивандалдық» датчик­тер­мен жарақтандырылған, су өт­­­­­кізбейді, яғни суға түсуіне ке­дер­гі емес. 

Өзінің әр басқан ізі қада­ға­лау­да екенін білетін сотталғандар ая­­ғын тарта басады, қайта қыл­мыс­­қа баратыны сирек. Белг­і­лен­ген тыйымдарды бұзуға талап­та­н­са, электронды бақылау құралын әрі қарай қолданудан бас тартса немесе жабдықты өз бетінше алып тас­тауға тырысып, бүлдірсе, про­ба­ция қызметі жазаның түрін бас бос­­тандығынан айыруға өзгерту ту­­ралы мәселені қарау үшін ма­те­риалдарды сотқа жібереді. 

Еркіндіктің саф ауасын сіміруі сол білезікке байланысты екенін тү­сінгендіктен, қылмыскерлер заң мен тәртіпті сақтауға күш салады. Ендеше бұл жаңашылдық проба­ция қызметінің бақылау сапасын жақсартты, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге инновациялық тех­нологияларды енгізудің маңыз­ды қадамына айналды. Онда неге жүйе кең қолданысқа шыға алма­ды? Барлығы қаражаттың жетіс­пеуіне тіреліп тұрғанға ұқсайды.

Маңыздысы – ақпарат қауіпсіздігі

Электронды білезіктерді бі­рін­ші кезекте жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар үшін сотталып шыққандарға және жа­заны өтеу, пробациялық бақы­лау шарттарын үнемі бұзатындарға тағу туралы шешім қабылданыпты. Сөйтіп, қолданыс аясы амалсыз шек­телді. 

Жалпы, бұл жүйенің пайдасын мы­­на мысал да айғақтайды. 2025 жыл­ғы ақпанда сирек оқиға­лар­дың бірі болды: сотталған ақмо­ла­лық браслетті кесіп тастағаны үшін түрмеге кері оралды. Бұрын есірт­кі саудасы үшін темір қапасқа қа­малған 45 жасар еркек одан мер­зімінен бұрын шартты босап шы­ғып, ақмолалық пробация қыз­метіне есепке тұрды. 

Бірақ заң талабын пысқыр­ма­ған ол мінез-құлқына қойылған шек­теулерді ұдайы бұзатын бол­ған. Еш жерде жұмыс істемеген, жұ­мыс іздемеген. Инс­пектор бар­ған­да, үйінде болмай шығатынды шы­ғарған. Ай сайын тіркеліп ке­ту­ге келмейтіндіктен, қайда жүр­генін, не былықтырып жатқанын еш­кім білмеген. Сол себепті ау­дан­дық пробация бөлімінің қыз­мет­керлері электронды қадағалау жүйесін қолданып, оны жеке бақылауға алды. 

Бүкіл қозғалысын тоқтаусыз тіркеп, пробация бөліміне «шы­найы уақыт режимінде» жолдайтын браслет бұл еркектің қа­нын қайнатқан. Көп бас қа­тырмай білезікті кесіп тастаған ол сот залынан бір-ақ шықты. Бура­бай ауданы прокуратура­сы­ның өті­нішімен апелляциялық инс­тан­ция соты сотталғанды бас еркі­нен айырды. Электронды білезік бол­мағанда пробациядағылар есірт­кі саудалаушыдан көз жазып қалуы да мүмкін еді. 

«AMANAT» партиясы фрак­ция­­­­сының мүшесі, Мәжіліс депу­та­ты Дүйсенбай Тұрғановтың ба­ға­лауынша, пробация есебінде тұр­ған тұлғаларға электронды мо­­­­ниторинг құралдарын қолдану  жа­заны орындату саласының тиім­ді тетіктерінің бірі болды. Сон­дықтан да бұл әлемдегі да­мы­ған елдердің полицейлік және қыл­мыстық-атқару қызметтерінде табысты қолданылады. 

коллаж: Елдар ҚАБА

Депутат қазір аяқ білезіктерін мем­лекеттің тек жалға алатынын жет­кізді. 2024-2026 жылдарға ар­нал­ған үш жылдық бюджетте Рес­публикалық бюджеттік комиссия тек 2 562 электронды браслетті жал­ға алу ақысын төлеуге 1,6 млрд тең­ге бөлуді құптады.

Соның негізінде өткізілген тен­­­дер қорытындысында «Кар-Тел» ЖШС-ымен арада элект­рон­ды білезіктерді арендаға алу қыз­ме­тін көрсету туралы 3 жылға ке­­л­ісім бекітілген. Компания бі­ле­зік тағылған сотталғандардың қоз­ғалысы туралы ақпаратты ұялы бай­ланыс пен спутниктік бай­ла­ныс көмегімен алады. Бақы­лау­да­ғы­ларға телефонын сөндіруге тыйым салынатыны мәлім. 

– Салмақты бір проблема бар. Электронды браслет арендаға бе­рі­летіндіктен, оның жалдау ақысы жыл сайын өседі. Нақтылағанда, был­тырғы 2024 жылы 1 білезікті бір айға жалға алу құны 14 800 тең­ге тұрыпты. Биыл бағасы 17 800 тең­­­­геге көтерілген. Келесі 2026 жылы  21 400 теңгеге дейін күрт қым­бат­та­­мақ! Тиісінше, жалға алу келі­сімі­нің жиынтықты шығыны жыл сайын 20-25%-ға жоғарылайды. Бұл ретте тағы 23 469 электронды брас­летке деген қосымша қа­жет­тілік қалыптасты. Менің ойымша, бұл білезіктерді мемлекет мен­ші­гіне түпкілікті сатып алмай, жыл сайын, ай сайын жалдап отыру де­­ге­німіз – қылмыстық-атқару жүйе­­сі­нің бюджетін негізсіз, бос­қа рә­суа­лау, басы артық жүктеме түсіру, – деді Дүйсенбай Нұрбай­ұлы.

Мәжіліс депутаты тағы бір жайт алаңдататынын айтты: же­ке­мен­шіктегі компаниядан жалға алын­ған электронды білезіктерді қол­дану соны таққан азаматтар­дың дербес деректерінің, кей жағ­дай­да жедел, қызметтік сипаттағы мә­ліметтердің сыртқа шығып ке­ту, бөгде тұлғалардың құпия ақ­па­раттарға қол жеткізу қаупін төн­діре­ді.

Сол себепті «AMANAT» фрак­ция­сының мүшелері Д.Тұрғанов, Г.Нұрымова сияқты депутат­тар­дың пайымдауынша, қоғам мен мем­лекеттік қауіпсіздіктің негізін құрайтын ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін электронды ба­қылау құралдарын жеке секто­р­дан жалға алу тәжірибесін осымен тоқтатқан орынды. Қалау­лы­лар­дың айтуынша, жабдықтар мем­лекеттік сатып алу рәсімдері ар­қылы жеткізіліп, бүкіл жүйе, тех­нологиялары мен бағдарла­ма­лық қамтылымы мемлекеттік ме­кеменің иелігінде болғаны жөн. Дамыған елдерде солай.

Бюджетке тиімді тәсілі таңдалды

Осы саладағы ахуал туралы пар­­­ламентшілерді жазбаша хабар­дар еткен Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің мәліметінше, Ішкі іс­тер министрлігі электронды қа­да­ғалау құралдары (ЭҚҚ) жүйесін жалға алу орнына оны толыққанды сатып алу мәселесін бұған дейін де пысықтады. Ақырғы сөз ақшаға қа­тысты болған көрінеді.

– Талдау көрсеткендей, сервер жаб­дықтары мен қажетті бағ­дар­ла­малық қамтылымды сатып алу­ға, байланыс қызметінің ақысын тө­леуге, сондай-ақ жүйеге қызмет көр­сетудің жыл сайынғы шығын­да­рына елеулі қаражат қажет бо­ла­ды. Алдын ала есептеме бойын­ша мұның шығыстары жыл сайын 3,2 миллиард теңгеге түседі. Және бұл мониторинг жүйесінің шы­ғыс­тарын қоспағандағысы, – деді Премьер-Министр. 

Керекті жабдықтар мен бағ­дарламалар және басқасы бай­ланыс операторларында онсыз да бар. Нәтижесінде, оны олардан жал­ға алу бірнеше есе аз шығынды та­лап етеді. ЭҚҚ жүйесінің 3 жыл­ғы арендасының құны мемлекеттік мен­шіктегі жүйенің бір жылғы жұ­мыс шығындарынан екі есе ар­зан болып шықты. Үкімет бас­шы­сы­ның мәліметінше, 3 жылға жа­л­ға алуға  1,6 миллиард теңге бө­лінді: 2024 жылы – 455 млн, 2025 жылы – 547 млн, 2026 жылы – 658 млн тең­ге. 

Өйткені келісім бойынша жүйе­ге қызмет көрсетуге, жаб­дық­т­ы жөндеуге, жарамсыз болып қал­ған аяқ білезіктерін ауыс­тыру­ға, байланыс қызметіне, элек­тронды мониторинг жүйесін сүйе­мел­деуге қатысты барлық шығын өнім жеткізушінің мойнына жүк­телген. 

– Тағы бір ескеретін жайт, өн­діру­ші зауыттың нормаларына сәй­кес, бір браслетті пайдалану мер­зімі 3 жыл ғана. Осы мерзім өт­кен соң бюджеттен электронды қа­д­ағалау құралдарын жаңадан са­тып алуға тура келеді. Осыны ес­кере келе, «сервистік модель» деп аталатын, ЭҚҚ-ны жалға алу ар­қылы ендіру тәсілі оны сатып алып, мемлекеттік теңгерімге ал­ған­ға қарағанда қаржылық тұр­ғы­дан тиімдірек деп танылды. Бұл тә­сілдемені Президент Әкімшілігі қол­дады, – деді О.Бектенов. 

Үкімет басшысы азаматтардың дер­бес деректерін қорғау және ақ­параттық қауіпсіздікті қам­та­ма­сыз ету үшін өкілеттіктердің ара­жі­гін ажырату жүзеге асырылға­нын жеткізді. Мәселен, ҚАЖ про­­­­­бация қызметінің қыз­мет­кер­лері соттал­ғанның орнын, ме­кен­жайын анық­тап, бақылау үшін екі сервисті пай­даланады. Оның бірі – ка­ртог­рафиялық платформа немесе брас­лет­тердің ID-нөмірлерінің қоз­ға­лы­сы көрсетілетін өзекті карта бар. Екіншісі – деректерді есепке алу жүйесі: бұл тұғырнамада сот­тал­ғандардың дербес деректері, жа­засын өтеуінің шарттары және аяқ білезіктерінің есебі туралы мә­ліметтер қамтылады.

Мұнда картографиялық плат­фор­ма өнім берушінің сервер­ле­рінде орналастырылған. Премьер-Ми­нистр ол тұғырнамаға әрбір брас­леттің кімнің аяғына тағыл­ға­ны, аты-жөні және басқа дерегі бе­рі­лмейтініне сендірді. Дерек­тер­ді есепке алу жүйесі Қылмыс­тық-атқару жүйесі комитетіне бе­­ріл­ген, оған тек ҚАЖ қызмет­кер­­лері кіре алады. 

Қалай болғанда, құқық қорғау ор­гандарына енгізіліп жатқан за­манауи технологиялар құқықтық тәр­тіп пен қауіпсіздікті қамта­ма­сыз етуге, полицияның жұмыс тиім­ділігін арттыруға септеседі. Электронды браслет арқасында шарт­ты түрде мерзімінен бұрын бо­сап шыққандар, сот рақым­шы­лық танытқандар жасаған жаңа қыл­мыстарды ашу 2 есе өскен.

Елдос СЕНБАЙ