Іс-шара «КІТАП – AMANAT» партиялық жобасы аясында қала тұрғындары мен қонақтары көп шоғырланатын Арбат аллеясында өтті. Акцияның басты мақсаты – кітап оқуға қызығушылықты арттыру, халық арасында оқу мәдениетін дәріптеу және әдебиет арқылы рухани байлықты насихаттау.
Акцияға партияның қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, қалалық мәслихат депутаты Лазиз Сулайманов, партия қызметкерлері, қалалық кітапхана мамандары, жоғары оқу орындарының студенттері мен кітапсүйер қауым қатысты. Жалпы қатысушылар саны 150-ге жуықтады.
Іс-шара аясында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері мен олардың шығармаларына байланысты сұрақтар дайындалып, қатысушылар сол сұрақтарға жауап беру арқылы сыйлыққа кітап алды. Әдеби сауаттылығын дәлелдеген әрбір қатысушыға бір кітап тегін табысталды. Нәтижесінде, 100 кітап өз иесін тапты. Оқырмандарға ұсынылған шығармалар қатарында Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Алмас Ахметбекұлы, Қуандық Түменбай, Фариза Оңғарсынова, Сапарғали Бегалин сынды қазақ қаламгерлерімен қатар, Трейси Уэст секілді шетел жазушыларының еңбектері де болды.
Акция барысында сөз алған Ербол Байқонысов шараның маңыздылығын ерекше атап өтті:
«Кітап – рухани азық. Біз бүгінгі ұрпақтың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыруға, оқу арқылы тұлғалық дамуына жағдай жасауымыз керек. Осындай акциялар – тек танымдық шара емес, бұл – қоғамды білім мен мәдениетке үндейтін маңызды қадам», – деді ол.
Іс-шараға қатысқан жастар мен қала тұрғындарының белсенділігі жоғары болды. Қатысушылардың көпшілігі қазақ әдебиетін сүйіп оқитынын, әсіресе қазіргі жастар арасында Абай мен Әуезовтің шығармаларына деген қызығушылық артқанын жеткізді.
«Бүгінгі шара маған ерекше әсер қалдырды. Сұрақтар қызықты әрі терең мазмұнды. Адам бір кітап алу үшін терең ойланып жауап беруге тырысады. Осындай танымдық форматтағы акциялар жиі болса екен деймін», – студент Айсұлу Қасым.
Бұл жоба – тек кітап тарату емес, оқу мәдениетін қалыптастыру, қоғамды рухани жаңғырту жолындағы жүйелі жұмыс. «AMANAT» партиясы алдағы уақытта осы бағыттағы іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастыруды көздеп отыр.
«Кітап – адамды тәрбиелейтін құрал. Бүгінгі жастардың белсенділігіне қарап, риза болып тұрмыз. Олар өздерінің білімге деген ынтасын көрсетті. Бұл – қуантарлық жайт», – деді қалалық кітапхана маманы.
Айта кетсек, партия филиалы «КІТАП – AMANAT» жобасы аясында былтыр 50-ге жуық іс-шара ұйымдастырды. Оған 3 мыңнан аса азамат қатысып, оқырман мен кітап арасында алтын көпір орнатылды.
Елнар ЕЛТАЙ