«Астана балет» театрының ұжымы «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» балетін сахналады. Балетті тамашалауға келген көрерменнің көптігінен залда ине шаншар орын болмады.
«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» – қазақтың болмысын, музыкалық мұрасын би арқылы жеткізген ұлттық балет
Фото: "Астана балет" театрының баспасөз қызметінен алынды
241
оқылды

«Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» – халық ауыз әдебиеті арқылы біздің заманымызға жеткен жыр. Аңыздың көптеген нұсқасы бар. Алайда айтар ойы бір. Махаббат болмаса, бұл өмірде тіршіліктің жібі үзілетінін ұғындырады. 

Әйгілі балетмейстер Георгий Ковтун «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» балетіне композитор Ақтоты Райымқұлованың музыкасын таңдаған. Классикалық оркестр мен «Тұран» фольклорлы-этнографиялық ансамблі ұлттық аспаптармен музыканы үндестірген. Балеттің бас дирижері Арман Оразғалиев бірлескен еңбек балет өнеріне соны серпіліс әкелгенін айтты. Қазақтың романтикалық эпосын арқау еткен туындының ерекшелігі халықтың асыл қазынасын жаңа бір өнер туындысымен толықтырды. Лиро-эпостық жыр заманауи ұлттық балетке айналды.  Қарама-қайшылық, жақсылық пен жамандықтың итжығыс текетіресі, махаббат пен зұлымдық, адалдық пен опасыздықтың бітіспес айқасы суреттелген.

«Қазақтың жан дүниесін түсіну үшін ұзақ іздендім» – қоюшы-балетмейстер Георгий Ковтун

Фото: Aikyn.kz

Заманауи балеттің ерекшелігі, шығармашылық ұжымның еңбегі жайында қоюшы-балетмейстер Георгий Ковтунмен тілдестік.   

«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» балетінің менің шығармашылығымда алатын орны ерекше. Бұл – аңыз-әпсана негізінде жазылған махаббат дастаны. Әр суретшінің өзіндік көзқарасы, өзіндік бояуы болады. Мен үшін аңыздың тарихы өте қызықты болды. Көп нұсқаның ішінен таңдау да оңай болмады. Сондықтан қойылымға сан түрлі қырынан қарауға да ерекше ден қойдым. Көрермен үшін ерекше балет ұсынсам деген арманым болды. Балет – музыка мен биді біртұтас дүниеге айналдыратын ғажап дүние. Әртүрлі кейіпкердің барлығын бір арнаға тоғыстыру үшін ұзақ іздендім. Қазақтың жан дүниесін түсінуге, терең ұғуға тырыстым», – дейді Георгий Ковтун. 

– Бұған дейін «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» кинода, операда, тіпті спектаклі де сахналанды. Балеттің басты ерекшелігі неде? 

– Расында да, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуды» бұған дейін сан түрлі жанрда сахналады. Сондықтан балетте бидің тілімен жырдың болмысын жеткізу үшін көп іздендім. Маған өнерде көп дүниені сөзбен айтқаннан гөрі нақты іспен сахнада көрсеткен ұнайды. Олай дейтін себебім, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының бірнеше нұсқасы бар. Әрқайсысында оқиға желісі әрқилы сипатталады. Балетте соның ізгілікті насихаттайтын нұсқасын арқау етіп алдым. Жырдың нұсқасы көп болған сайын шығармашылық еркіндікке жол ашылады. Алайда ішінен таңдап алу да оңай емес. Махаббаттың құпия сырын бимен көрерменге жеткізгім келді. Әр рөлді сомдап шығу актерлерге оңай болмасын түсіндім. Сахнадағы күрделі трюктерді орындау да қауіпті әрі асқан шеберлікті қажет етеді. Оның үстіне, музыканың ырғағымен үйлестіре отырып билеу ерлікпен пара-пар. Музыкасы әртүрлі күйді сипаттайды. Әрқайсысы бөлек бір тарих. Өмірдің бір кезеңін жеке-жеке қарастырады. Дүниеде адамзат сұрапыл соғыс, аласапыран кезеңдерді басынан өткерген. Махаббатсыз жер бетінде тіршілік жалғаспайды. Ізгіліктің дәні махаббат екенін көрермен сезінсе екен деп барымды салдым. Өзім бұрын каскадер, цирк артисі болғанмын. Сондықтан бар күш-жігерімді, осыған дейін жинаған тәжірибемді осы балетті сахналауда актерлерге көмектесуге жұмсадым. Қыруар еңбектің нәтижесінде, үмітім ақталғанына қатты қуандым.

– Сахнаның техникалық мүмкіндіктерін толық пайдалана алдыңыз ба?

– Қазақ халқының кең даланы еркін жайлаған ел екенін, оның тұрмыс-салтын сахнаға сыйғызуға тырыстым. Ұлттық болмыс, жырдағы махаббат пен зұлым күштердің мәңгілік айқасы – балеттің бойына қан жүгіртетін күре тамыры. Сахнадағы тау мен тас, арқанмен көкке ұшып кеткен қос ғашықтың биі, жәрмеңкедегі күрделі трюктерде актерлік шеберлікпен қатар биші физикалық тұрғыдан мықты болуы керек. Сахнада жәрмеңкеде жаппай той-думанға атсалысқан кішкентай биші балалардың қауіпсіздігіне де ерекше назар аудардық. Алай-дүлей табиғат құбылысын жарықпен жеткіздік. Әрбір жарқыл-жұрқұл сәтіне дейін музыкамен үндестіру үшін көп еңбектендік. Актерлердің оқыс қимылы, қас-қағым сәтте қоян-қолтық ұрысты билейтін сәттерінде өзімнің каскадер болғанымның пайдасы тиді. Көздің жауын алатын сахналық костюмдер, қаруды билеп жүріп кезену, құз-жартасқа өрмелеу барысында мүлт кетпеуге ұзақ дайындалдық. Шығармашылық ұжымның қажырлы еңбегінің арқасында осындай туындыны көрерменге ұсындық. 

Балетті сахналауда заманауи әдіс-тәсілдер қолданылды. Оқиға желісі бойынша шиеленіске толы сахналық трюктер көрерменді еріксіз сол заманға жетелеп алып кетеді. Кейіпкерлердің жан тебіренісі, қуаныш мен қайғысы көрерменді бейжай қалдырмайды. Басты ерекшелігі сахнада көшпелі елдің мәдениеті, тұрмысы әдемі бейнеленген. Аңыз-әпсана тылсым күштің ажырамас бөлігі екенін бидің тілімен жеткізеді. 

Ақтоты Райымқұлова: «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» балетінің әр кейіпкеріне арнап музыка жаздым 

Фото: Aikyn.kz

– Бұл – толыққанды симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен сахналанған екі бөлімнен тұратын балет. Бүгінде өте сирек кездесетін бірегей шығармашылық еңбек. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» балетінде музыка ежелден келе жатқан ұлттық музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен орындалады. Балетмейтер Георгий Ковтун осы балетті сахналайтын кезде көп ізденген. Қаншама музыканы тыңдап шығып, таңдауы менің музыкама түскен. «Авторы кім болды екен?» – деп музыкатанушылардан сұрастырған. Өмірден озған болса, дайын музыкасын қолданайын, көзі тірі композитор болса, кездесейін, балетті бірге дайындайық деген екен. Балетті төрт ай дайындадық. Музыкасын жазғанда артистердің жанында жүрдім. Әр кейіпкердің мінез-құлқы мен болмысын ашатындай етіп жеке-жеке музыка жаздым. 

Тағы бір ерекшелігі – шығарма аңыз болғандықтан, музыка ежелден келе жатқан көне музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен орындалды. «Тұран» ұлттық ансамблінің музыкасын Ковтунға тыңдаттым. Балеттегі әрбір кейіпкердің образына сай музыкалық сарыны ерекше болса екен деп іздендім. Қобыз, домбыра, сырнайдың сазы классикалық оркестрдегі мың сан музыкалық аспаптың әуенімен үйлесім тапты. Әрбір кейіпкердің болмысын, мінезін музыка тілімен сөйлетіп, бимен үйлестірдік. Композитор ретінде жүрегімнен шыққан ерекше туынды.

Жырдағы аңыз бойынша қасқырды өлтіреді. Бөлтірік аман қалады. Аңыз бойынша жартылай қасқыр, жартылай адам есейгенде анасын өлтіргендерден кек алмақ болады. Бірақ Баянды жақсы көреді. Бізге мәлім аңызда Қодар бар. Балетте Қодардың кейпіне өзгеше қырынан қарайды. Бұл бір жағынан балет өнерінің ерекшелігі болар.

Махаббаттың ұлылығын дәріптеп, ізгілікке, мейірімге үндейді. Қазақ халқының тұрмысы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпын көз алдыңызға айна-қатесіз алып келеді.

Ауылдың тіршілігі, жәрмеңке, қазақтың тұрмыс-тіршілігін сипаттайтын кейіпкерлерге жеке арнайы би дайындалған. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» – әлемдік балеттің талабын ескере отырып жасалған ұлттық балет. 

Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» балеті қайта сахналанғаны  туралы хабарлаған болатынбыз.