Мұндай істер бойынша сот орындаушысы борышкерді іздеуге асықпайды, әңгімелесуге шақырмайды.
Борышкерлердің 2,6 миллиард қарызы бола тұра, олар онлайн‑казиноға 5,8 миллиард теңге жұмсаған
1,660
оқылды

Бұл туралы  Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы баяндама жасап, депутаттық корпусқа келетін шағымдар легін рет‑ретімен тарқатты. Ең күрделі мәселе  сот орындаушыларының әрекетсіз екені. Жалақы, алимент немесе мемлекет пайдасына өндіріп алу сияқты «әлеуметтік сипаттағы» істер табыс әкелмейтіндіктен, көбіне қатарда кейінгі орындарға жылжып, борышкерді іздестіру кешігіп жатады.

Тең емес жүктеме және 700 кешіктірілген аударым

Бір орындаушы 30 мың істі арқалап жүрсе, екіншісі 500‑ден аспайды. Осындай диспропорция сапаға да, сыбайластық тәуекеліне де әсер етіп тұр. Бас прокуратура бірқатар ЖСО‑ның коллекторлық агенттікке «алғыс» ретінде табысының 50 %-на дейін бөліп отырғанын анықтаған. Бұған қоса, алты өңірде өндіріп алушыларға тиесілі қаражат дер кезінде аударылмаған 700‑ге жуық дерек тіркелген.

Сот орындаушылар «қайда жүрген?»

Мәжіліс депутаты сонымен қатар сот орындаушылардың қажет кезде өз жұмысын дұрыс істемейтінін айтып, қатаң сынға алды. Оның сөзінше, 236 миллион қарызы бар 117 борышкер өз шоттарынан 2 млрд теңгені еш кедергісіз шешіп алып, ал 210 млн берешегі бар 300 борышкер 55 миллионға бағалы заттарды ломбардқа тапсырған кезде сот орындаушылар ешқандай әрекет етпеген. 

Сот орындаушысының әрекетсіздігіне тиісті шағым Әділет департаменттеріне, палаталар мен соттарға азаматтар мен заңды тұлғалардан келіп түсетін ең көп шағымдардың бірі. Көптеген жылдар бойы сот орындаушысы ең алдымен өзіне пайда әкелетін құжаттарды орындауға тырысып, басқа құжаттарға, әсіресе «әлеуметтік сипаттағы» құжаттарға аз уақыт пен күш жұмсайтын үрдіс әлі де жалғасып келеді. Мұндай істер бойынша сот орындаушысы борышкерді іздеуге асықпайды, әңгімелесуге шақырмайды, мүлік пен ақшаны өндіріп алу үшін тексеру және іздеу бойынша шаралар қабылдамайды, тыйым салуды уақытылы қолданбайды. 2024 жылы прокурорлар борышкерлердің алименттерді, жалақыны және мемлекет пайдасына сомаларды орындаудан жалтаруының 6 210 фактісін анықтады. Айталық:

- 2,6 млрд теңге қарызы бар 1 761 борышкер онлайн-казино мен букмекерлік кеңселерде 5,8 млрд теңгеге ставкалар жасаған;

- 325 миллион қарызы бар 484 борышкер Қонаев пен Щучинск казиносында 147 миллион жұмсаған;

- 3,3 млрд қарызы бар 2 536 борышкер электронды  әмияндардағы 5,1 млрд теңге кірістерін жасырған;

- 130 миллион қарызы бар 72 адам 4 жылжымайтын мүлік объектісі мен 84 автокөлікті әдейі иеліктен шығарған.

236 миллион қарызы бар 117 борышкер өз шоттарынан 2 млрд теңге еш кедергісіз шешіп алған, 210 млн берешегі бар 300 борышкер 55 миллионға бағалы заттарды ломбардқа тапсырған. Осы кезде неге сот орындаушы әрекетсіздік танытты, қайда болды, неге дереу шаралар қабылдамады? – деді депутат С. Имашева.

Цифрлық «көмекші» мен жаңа заңнан күткен нәтиже

Министрлік ұсынған «цифрлық көмекші» платформасы азаматтарға шағымды дәлелмен бірге жолдап, қарау мерзімін қысқартпақ. Сонда мобильді қосымша арқылы тыйым мен шектеулерді  көру мүмкіндігі туады. Ал депутаттар заң жаңартылмай, жүктеме тең бөлінбей, біліктілік талаптары қатайтылмай, жүйе толық оңалмайды деп санайды.

Тараптар өз құқықтарын қорғау үшін әдетте сотқа жүгінеді. Жыл сайын сот орындаушыларына қойылатын талап қою саны артып келеді. Әдетте, олар сот орындаушысының әрекетсіздігіне немесе оның заңсыз әрекеттеріне шағымданады.

8 782 шағым және 41 % қанағаттандырылған талап

Депутаттың сөзінше, 2024 жылы сот орындаушыларының әрекетіне қатысты 8 782 арыз түсіп, оның 41,8 %-ы талапкердің пайдасына шешілген. Бұл әрбір екінші жағдайда ЖСО процестік норманы бұзып отырғанын көрсетеді. Комитет жетекшісі «Сот орындаушылары туралы» заңды жаңадан жазу қажеттігін айта отырып, қайталанатын, бытысқан нормалар саланы түсініксіз етіп жібергенін ескертті.

Жоғарғы соттың ақпараты бойынша, 2024 жылы ЖСО әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту бойынша соттарға 8 782 әкімшілік арыз келіп түсті, оның ішінде 5 932 арыз қайтарылды. Соттар барлығы 2 531 шешім шығарды (2023 ж.  2 364), оның ішінде:

- 1 059 немесе 41,8% (2023 ж. 1 003 немесе 42,4%) талап қою толық және ішінара қанағаттандырылған;

- 1 472 немесе 58,2% талап қоюдан бас тартылған (2023 ж.  1 361 немесе 57,6%);

- 1 833 іс тараптардың татуласуымен аяқталған (2023 ж. – 1 937 іс).

Бұл сандар көптеген жағдайда сот орындаушылары мәселені сотқа жеткізбеуі мүмкін екенін көрсетеді және шығарылған шешімдердің 41%-ы борышкердің немесе өндіріп алушының құқықтары әрбір екінші жағдайда бұзылғанын растайды, –  дейді «АМАNАT» фракциясының мүшесі Светлана Имашева.