Елдегі газдандыру деңгейі өсіп жатса да, өңірлер арасындағы теңсіздік, инфрақұрылымның тозуы және ресурстық базаның шектеулілігі сынды мәселелер әлі де өзекті. Геологиялық барлау мен өңдеу ісі жеткіліксіз болғандықтан, ішкі нарықты толық қамту қиынға соғып отыр. Осы және өзге де маңызды мәселелер Астанада өткен Energy Trends форумында талқыланды.
Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында: «Саланы табысты дамыту үшін инвестицияның қайтарымын қамтамасыз ететін пәрменді ынталандыру шараларын қысқа мерзімде қабылдау, соның ішінде ақылға сыйымды тарифтер мен көтерме бағаларды белгілеу керек. Газ кеніштеріне геологиялық барлау жасау үшін жаңа инвестиция тарту тұрғысынан алғанда бұл шаралар өте маңызды. Әйтпесе, экономиканы қажетті көлемде газбен қамтамасыз ету мүмкін емес», – деп атап өткен болатын.
Президент тапсырмасы орынды ескерту. Бұл – тек энергетика саласына ғана емес, жалпы ұлттық экономиканың тұрақтылығы мен дамуына тікелей қатысты мәселе. Газ – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, коммуналдық сектор мен халық тұрмысының негізгі энергия көзі. Егер ел ішінде газ тапшылығы туындаса, бұл біріншіден, өндірістің баяулауына, екіншіден, сырттан газ сатып алуға тәуелділікке, ал үшіншіден, тарифтердің өсуіне әкеледі. Мұның бәрі түптеп келгенде, халықтың өмір сүру сапасына және мемлекеттің экономикалық егемендігіне әсер етеді.
Газбен қамтылған халық қатары көбейді
Сондықтан Жолдауда айтылған мәселелер нақты әрекетке үндейтін саяси сигнал деуге болады. Нәтижесінде, қазір Қазақстандағы газбен қамту деңгейі 2022 жылдың басында 53 пайыздан 2025 жылға қарай 62,4 пайызға дейін өсті. Тек 2024 жылдың өзінде еліміздің 9 өңіріндегі 107 елді мекенге газ тартылды. Бұл шамамен 300 мың адамның үйіне жылу барды деген сөз. Сонымен қатар Астана, Алматы және Шымкент агломерацияларын газдандыру бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізілді.
Сарапшылардың мәліметінше, соңғы үш жылда 2 миллионнан астам қазақстандық көмірден бас тартып, газға көшті. Бұл пеш жағумен байланысты қиындықтардан арылуға мүмкіндік берді. Елде газдандыруды кеңейту үшін ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр.
– Бүгінгі таңда еліміздегі газдандыру деңгейі 62%-ға жетті, бұл – 12 миллион 600 мыңнан астам адам деген сөз. Биыл бұл көрсеткішті одан әрі арттыру жоспарлануда. Мемлекет 65 миллиард теңге бөл-ді – бұл қаражат 7-8 өңірде жаңа газ құбырларын салуға және халықтың газға қолжетімділігін кеңейтуге бағытталады, – деді Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов.
Сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстан газдың тұрақты жеткізілуін қамтамасыз етіп, газ жүйесінің сенімділігін арттыра алды. Өйткені президенттің тапсырмасы бойынша елде геологиялық барлау жұмыстары белсенді жүргізілуде, алғашқы нәтижелер де бар – жаңа газ кен орындары табылды. Бұл жобаларға қазақстандық және шетелдік инвесторлар қатысуда. Сонымен қатар салаға цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект енгізілуде, бұл газ саласының заманауи, технологиялық деңгейге көтеріліп келе жатқанын көрсетеді.
Энергетикалық қауіпсіздікке қадам
Сонымен қатар алдағы уақытта газ саласында ауқымды өзгерістер күтілуде. Мысалы, Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытының құрылысы кестеге сәйкес жүріп жатыр. 2025 жыл бұл жобаның жүзеге асырылуындағы маңызды кезең болмақ. Ал форумда сөз алған Энергетика вице-министрі Әлібек Жаңауов газ өңдеу зауыты мен газ құбырларын салу елді мекендерді газдандырумен және мұнай-газ химиясында жаңа өндірістер құрумен қатар жүретінін айтты. Атап айтар болсақ, жақында Маңғыстау облысында құны 1,35 миллиард доллар болатын карбамид зауытының құрылысы басталып, жобаға инвесторлар тартылған. Бұл жоба елдің азық-түлік қауіпсіздігі үшін маңызды және ауыл шаруашылығы үшін азот тыңайтқыштарын өндіру көлемін арттыруға көмектеседі. Мұндай газ-химиялық жобаларды дамыту – болашағы зор бағыттардың бірі. Бұл салаға шикізаттан өңдеуші экономикаға көшуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда газ қорының шектеулілігі мен жаңа кен орындарының игерілмеуі саланың дамуын тежеуде. Егер тиімді тарифтік саясат пен көтерме бағалар реттелмесе, шетелдік те, отандық инвесторлар геологиялық барлауға қаражат құюға құлықсыз болады. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, газ саласына инвестициялық тартымдылықты арттыру – елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарты.
Президенттің газ ресурстарын арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында форумда QazaqGaz және «ҚазАзот» компаниясы арасында Ақтөбе облысындағы Солтүстік-2 учаскесі бойынша келісімге қол қойылды. «ҚазАзот» геологиялық барлау кезеңін толық қаржыландырады. Бұл – жаңа серіктестерді тартуға және тауарлық газ қорын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
«Қазіргі таңда нарықта қолайлы жағдайлар жасалған. Біздің компания сияқты инвесторлар газ кен орындарын игеруге қаржы салып, өз инвестициялары үшін жеткілікті өтемақы алуда. Соңғы жеті жылда компаниямыз геологиялық барлауға шамамен 32 миллиард теңге жұмсады және енді бұл бағытпен көбірек отандық компания айналысатынына қуаныштымыз», – деді форумда сөз алған «ҚазАзот» компаниясының бас директоры Арман Мәулешев.
Сала жүйелі геологиялық барлау және цифрлық шешімдерді енгізу арқылы дамып келеді. Жаңа газ кен орындарында алғашқы газ ағындары тіркелді. Жобаларға қазақстандық және шетелдік инвесторлар тартылды. Алдағы басым бағыттар – жаңа газ құбырларын, өңдеу зауыттарын салу және жасанды интеллект негізіндегі технологияларға көшу.
QazaqGaz ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жәркешовтың айтуынша, бүгінде геологиялық барлау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.
– Газ өңдеу және газ-химия саласы бойынша Қашаған кен орнында QazaqGaz екі газ өңдеу зауытын іске асыруда. Оның бірі – жылына 1 мрлд текше метр газ өндіретін зауыт. Ал жаңа зауыт – жылына 2,5 млрд текше метр газ өңдеуге арналған, – деді ол.
Бағаны реттеуден бас тарту қажет
Сонымен қатар жиынға қатысушылар газ саласындағы бағаны мемлекеттік реттеуден бас тартып, нарықтық бағаға көшуге шақырды. Argus агенттігінің консалтинг жөніндегі вице-президенті Сергей Агибаловтың айтуынша, қазір ТМД елдерінің барлығы дерлік бағаны ұстап тұру және халықты қолдау үшін газ бағасын реттейді. Қазақстанда және Орталық Азия елдерінде газға ішкі сұраныстың өсуі баға белгілеу және ресурстарды бөлу саласында жаңа шешімдерді талап етеді.
– Біз Қазақстанда сұраныстың белсенді өсуін көріп отырмыз және бұл ретте ішкі ресурсты қамтамасыз етуде біршама шиеленіс бар. Бұл әсіресе Өзбекстанда байқалады, ол 5-6 жыл бұрын өзін-өзі қамтамасыз ете алатын, қазір газды белсенді түрде импорттайды, – деді Сергей Агибалов.
Мысалы, Қазақстанда 2030 жылға қарай тауарлық газды тұтыну 44 млрд текше метрге дейін өседі, ал оны өндіру көлемі 39 млрд текше метр болмақ. Өзбекстанда бұл көрсеткіш біршама артық. Көрші елде газды тұтыну 2030 жылға қарай 63 млрд текше метр, ал өндіріс 45 млрд текше метр деңгейінде қалады.
Сұраныс күн санапы артып келе жатқандықтан, сарапшылар ендігі кезекте бағаны да нарыққа сай белгілейтін уақыт жетті деген пікірлерін алға тартты. С.Агибаловтың пікірінше, бүгінде Қазақстанда газдың бағасы төмен және бұл жағдай саланың тұрақты дамуына кедергі келтіреді.
– Төмен баға тамаша секілді болып көрінгенімен, іс жүзінде бұл саланы дамытуға ұзақмерзімді қызығушылық тудырмайды. Тіпті, көп төлеуге дайын тұтынушылар да нарықтан қажетті көлемде газ таба алмайтын сәттер туындауы мүмкін, – деп түсіндірді ол.
Сарапшы сөзіне сүйенсек, газ бағасы өзіндік құнынан төмен болса, ұзақмерзімді перспективада инфрақұрылымның нашарлауына, инвесторлардың кетуіне әсер етуі мүмкін. Бұл – сала үшін өте үлкен тәуекел. Қазір Қазақстанда газ бағасы өңірдегі ең төмен баға деңгейінде қалып отыр. Көптеген көрші елдерде тариф бірнеше есе жоғары, ал табиғи газға бай Ресейдің өзінде баға Қазақстанмен салыстырғанда 1,5 есе жоғары.
Сондай-ақ Сергей Агибалов қазіргі таңда көптеген мемлекеттердің газ бағасын түпкілікті өнімнің құнымен байланыстыратын тетіктерді қолдана бастағанын атап өтті.
Қысқаша айтқанда, бұл – газ бағасын нақты экономикалық өніммен байланыстыру арқылы болжамды, тұрақты баға құру тетігі. Мұндай әдіс жеткізуші мен тұтынушы арасындағы мүдде тепе-теңдігін сақтауға мүмкіндік береді. Осындай жүйе, әсіресе валюта нарығындағы тұрақсыздық кезеңінде, алдын ала болжам жасауға, тұрақтылық пен сенімділікке жол ашады.
«Бұл – қос тараптың да мүддесін ескеретін бірден-бір әдіс. Ол ұзақмерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етіп, есепке негізделген экономикалық жүйені қалыптастырады. Бұл тәсіл өз тиімділігін талай елдерде дәлелдеп үлгерді», – дейді сарапшы Сергей Агибалов.
Ол сонымен қатар Ресей мен Өзбекстаннан газ импорттау – болашағы бар бағыттардың бірі екенін атап өтті. Бұл елдерде газ бағасы біртіндеп нарықтық деңгейге жақындап келеді, қазіргі таңда мың текше метр үшін шамамен 90 доллар көлемінде.
«2027 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақ аясында бірыңғай газ нарығын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл бастама сала үшін жаңа серпін беріп, өсудің жаңа белесіне жол ашады. Сонымен қатар Ресейде газбен жұмыс істейтін электр стансалары қарқынды дамып келеді – бұл бағытта да бірлесіп жұмыс істеуге кең мүмкіндіктер бар», – деп түйіндеді ол.
Кәмила ДҮЙСЕН