Және «қатардағы» бұзау емес, шетінен асылтұқымдысы. Бұл әрине, әлдебір сандыраққа ұқсайды. Жылына жүз бұзау туса, сиырдан не қалады? «Мың долларыңды бір жылда жүз мың долларға айналдырып беремін!» дейтін алаяқтық схемасы емес пе? Жоқ, бұл – ғылым! Дамыған елдер бұзау емес, ұрық жасушасын экспорттап, байып жатыр. Бір сиырдан жылына оның жүзін алады.
Ауылдықтар асыл малдың – сиыры мен бұқасының ұрығын қатар сатып та мол табыс таба алады. Ол үшін Үкімет республикада қолдан ұрықтандыру шаруашылығын дамытуға дем мен мән беруге тиіс.
Жалпы, Қазақстанда бұл маңызды сала бұрыннан құрылған. Асылтұқымды малдан ұрық алып, оны көбейтіп, сақтап, фермерлерге ұсынуға 2 мекеме қызмет етеді. Оның біріншісі – мемлекетке қарасты «Асыл түлік» акционерлік қоғамы болса, екіншісі – Талдықорғандағы «Асыл» жекеменшік орталығы. Осыдан 10 жыл бұрын «Ақсанат Инжиниринг» атты үшінші орталық та болған-тын. Мемлекет тарапынан тиісті қолдау таба алмай, қалталы инвестор тарта алмай, ақыры жабылып тынды.
Мәжіліс депутаты, бұған дейін Республикалық асылтұқымды мал шаруашылығы орталығын басқарған Анас Баққожаевтың айтуынша, бүгінде «Асыл түлік» пен «Асылдың» да жағдайы мәз емес. Бірі ешқандай инвестиция болмаған соң мекемені банкроттыққа жеткізбеу үшін әртүрлі сан-сапалы ғылыми жобаларға қатысып, «өлместің» күнін көріп жүр. «Асыл» болса, ұрық өндірісін тоқтатпас үшін өзінің жеке қаражатымен мекемені ұстап тұр.
Ал өркениетті әлемде ұрық бизнесі – ауыл шаруашылығының ең бір кірісті әрі келешегінен мол үміт күттіретін сегменті саналады. Мысалы, қарапайым фермер бір сиырдан бір жылда ең көп дегенде 2 асылтұқымды бұзау алып, оларды торпаққа не тана-тайыншаға дейін өсіріп, әрқайсысын әрі кетсе 1 мың доллардан сата алады.
Сонымен бірге асылтұқымды 1 эмбрион 200 доллар ғана тұрады. Есесіне, мамандар бір ғана сиырдан сол бір жылда 500-ге дейін аналық ұрық ала алады, егер оның 30%-ын ұрықтандыра алса, онда 100-200 эмбрион шығады. Демек, қос бұзауды сатудан табатын 2 мың доллар орнына, бір сиырдың ұрықтандырылған эмбриондарынан 20 000-40 000 долларға дейін (21 миллион теңгедей) табыс таба алады.
Бұл фермерге де ыңғайлы. Ол асылтұқымды бұқаны «арендаға» алып, табынына түсіргенімен, ақырында сиырының қаншасы буаз болатынын, қаншасы қысыр қалатынын болжап біле алмайды. Экономика мен инвестиция тұрғысынан бұл онша тиімді емес, тәуекелді тәсіл.
Ұрықтандырылған эмбриондарды енгізсе, мамандандырылған Vytelle компаниясының дерегінше, оның 48-55%-ға дейінгісі реципиент сиырдың бойына бұзау болып бітеді. Бұл жағдайда жүз сиыр генетикалық тұрғыдан құнды 50-100 бұзау туады. Сондай-ақ 1 мың долларға асылтұқымды баспақты сатып алғаннан оның жарты ақысына дайын эмбриондарды сатып алған арзандау.
Жаңа бизнеске қатысты бес ұсыныс
Ауыл шаруашылығының басқа бағыттарында, тіпті қазаққа жеуге болмайтын шошқа шаруашылығында кез келген жаңа технологияларды игеруге қыруар демеуқаржы беріледі. Үкімет оларға жеке назар аударып, әртүрлі жеңілдіктермен жарылқайды. Ал мал шаруашылығының ең перспективалы, қарқынды дамушы индустриясы – ұрық өндірісіне тірек беруден аяқ тартып отыр. «Өз күніңді өзің көр» деген саясат жоғарғы ғылымға құрылған саланы жарға жығады.
– Министрлік айналдырған екі мекемені дамыта алмады. Қолдан ұрықтандыру ісі мамандарының саны жылдан жылға азайып барады, олар шетелге, Ресейге кетіп жатыр. Жылдар бойы тірнектеп жинақтаған тәжірибе мен әлеуетімізден айырылып қалдық. Сенат пен Мәжілістен талай рет осы мәселені шешу бойынша ұсыныстар берілді, қоймай-қоймай мәселе көтерілді. Оның ішінде асылтұқымды бұқалардан алынатын ұрықтардан тек ұрғашы жынысты бөліп алу технологиясын кеңінен зерттеп, ендіру бойынша ғылыми ұсыныстар бар. Бірақ ешқайсысы қолға алынып, орындалған емес, – дейді Анас Ахатұлы.
Депутат соғыс жүргізген Ресейдің өзі санкция аясында импортқа тәуелділіктен кету үшін бір жынысты ұрық алу технологиясының лицензиясын сатып алып, оны толығымен жолға қойғанын еске салды.
«Бізде ше? Бүгінде біздің фермерлер ұрықтың көп бөлігін шетелден әкеледі. Содан жыл сайын сыртқа кететін қаржының көлемі 10 миллиард теңгеден асып жығылады. Себебі «Асыл түлікте» де, «Асылда» да бәсекеге қабілетті бұқалар мен қошқарлар жоқ! Өйткені оларды сатып алатын қаражаты жоқ. Осылай жалғаса берсе6 бұл екі мекеме де жақын арада жабылады», – деді Анас Баққожаев.
Парламент депутаттары, біріншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігінен ұрықтандыру саласын дамытуға арналған жеке бағдарлама қабылдауды сұрады. Екіншіден, шетелден әкелетін ұрыққа субсидия төлеуді тоқтатуды талап етті. Оның орнына сол ұрықты өз шаруашылықтарымыз, ауылдықтардың өзі өндіруі керек. Мысалы, Америкада әрбір ферма асылтұқымды айғыр, бұқа, қошқарларын «сауып», алғанын грамдап сатып, мол пайдаға кенеліп отыр.
Үшіншіден, қолдан ұрықтандыру бойынша мамандардың санын ұлғайту қажет. Олар ауылдарды, жеке шаруашылықтарды аралап, «шеберлік сабағын» өткізіп, елге жаңа бизнестің қыр-сырын үйреткені жөн. Ауылда қолдан ұрықтандыруды игеріп, жұмыс істей алатын жастар көп. Оларды осы екі орталық арқылы оқыту және дайындау қажет.
Төртіншіден, депутаттар сырттан келетін ұрықтардың сапасы зертханада тексерілгеннен кейін ғана қолданысқа жіберілуге тиістігін нықтады. Өйткені шынында құтыда не барын ешкім білмей, тек сертификатына сенуге мәжбүр. Бесіншіден, «Асыл түлік» АҚ мен ғылыми зерттеу институтары асылтұқымды бұқалардан алынатын ұрықтардан ұрғашы жынысты ұрықты бөліп алу технологиясының лицензиясын шетелден алуы және оны меңгеруі үшін бюджеттен тиісті қаражат берілгені абзал.
Министр сонда бүй деді...
Бір қызығы, ұрықтандыру саласын дамытуға Саясат Нұрбек те жауапты. Бірақ ол шабандық танытты. Ғылым және жоғары білім министрі тек былтыр, 2024 жылғы 29 қазандағы №502 бұйрығымен ғана «Асыл түлік» АҚ-ын базалық қаржыландыру субъектілерінің тізбесіне енгізді.
Осыдан кейін, 2025 жылғы 6 қаңтарда Ауыл шаруашылығы министрлігі Қаржы, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне «Асыл түлік» АҚ-ын базалық қаржыландыру үшін 2025-2027 жылдары ең құрығанда 134 миллион теңге беруді сұрап, бюджеттік өтінім жолдады. Салыстыра кетсек, іргелі-теориялық емес, қолданбалы ғылымды қаржыландыру 2025-2027 жылдары 531,1 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылды!
Оның аясында айналдырған 134 миллион теңге ұрықтандырудың жаңа технологияларын енгізуге, тіпті қолдан ұрықтандыру индустриясы мен бизнесін дамытуға жетпейді. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, бұл ақша «Асыл түліктің» ғылыми инфрақұрылымы мен мүлкін, оның ішінде ғимараттарын ұстап тұруға, ғалымдардың, әкімшілік және қызмет көрсетуші персоналдың еңбекақысын төлеуге ғана жетеді. Бұл азын-аулақ қаражат та берілмеген: оны бөлу мәселесін 2025 жылғы республикалық бюджетті қайта қарап, нақтылау кезінде пысықтау жоспарланыпты.
Өз кезегінде АШМ басшысы протекционизм саясатын қолданып, шетелдік ұрыққа субсидия төлеуді тоқтатудан бас тартты. Себебі белгілі – Қазақстанда ұрықтандыру саласы жете дамымаған. Ал шетелдік ұрықты ел бюджетінен демеуқаржымен қолдау тоқтамаса, отандық ұрықтандыру секторы ары қарай да өркендемейді. Тығырыққа тірейтін «тұйықталған шеңбер» шығады.
– Асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына сәйкес, сүтті және сүтті-етті бағыттағы асыл тұқымды бұқаның ұрығын шетелден сатып алуды субсидиялау қарастырылған. Сатып алынған бір жынысты дозаға – 10 мың теңге, екі жынысты дозаға – 5 мың теңгеден субсидия беріледі, – деді Айдарбек Сапаров.
Оның айтуынша, республикалық бюджеттен 11 облыстың 65 тауарлық сүт фермасына кредит беруге 100 миллиард теңге бағытталды. Осы 65 ферманы малмен қамтамасыз ету үшін 30 мыңға жуық асыл тұқымды сиыр сатып алу жоспарланыпты. Бұған сиырларды қолдан ұрықтандыру тәсілімен де қол жеткізілмек.
– Бүгінгі таңда отандық нарық жоғары өнімді бұқашықтар мен қашарларға деген қажеттілікті өтей алмайды. Сол себепті малды қауіпсіз және тиімді көбейту әдісі ретінде сүтті мал шаруашылығында қолдан ұрықтандыру кеңінен қолданылады. Ал депутат айтқан «Асыл түлік» АҚ-ы мен «Асыл» АТО-да бір жынысты дозаны шығаратын қажетті құрал-жабдықтар жоқ. Осыған байланысты шетелдерден әкелетін ұрыққа субсидия төлеуді тоқтатуды орынсыз санаймыз, – деді Ауыл шаруашылығы министрі.
Ол егер осы бизнесті игеремін деген жастар, ауылдықтар болса, жол ашық деді. «Асылтұқымды мал шаруашылығы туралы» заңына сәйкес, аталған қос мекеме техник-ұрықтандырушы даярлауға немесе біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыруға құқылы.
АШМ сырттан келетін ұрықтардың сапасын отандық зертханаларда тексермей қолданысқа жібермеу туралы депутаттық ұсынысты да қабылдамай тастады. Заң бойынша елге ұрық импорттап, өткізуді асылтұқымдық және дистрибьюторлық орталықтар жүзеге асырады. Бүгінде республика бойынша 13 асылтұқымдық және 50 дистрибьюторлық орталық Асылтұқымды мал шаруашылығы саласындағы рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінде тіркелген.
«Асылтұқымды материал импорты өндіруші елдің уәкiлеттi органы берген ветеринариялық сертификат және асылтұқымдық куәлiк болған кезде жүзеге асырылады. Ендеше әкелінген ұрықтардың сапасы бойынша мәліметтер – асылтұқымдық куәлікте, ал ветеринариялық талаптар бойынша мәліметтер ветсертификатта көрсетіледі. Шетелдік ұрықтарға қолжетімділікті шектеу Қазақстандағы малдың генетикалық сапасына кері әсерін тигізуі, өнімділікті төмендетуі және мал ауруларының артуына әкелуі мүмкін», – деді министр А.Сапаров.
Жалпы, құлық пен қаржы болса, қазақ ауылы ұрықтандыруды кең жолға қоя алады. Заң бойынша кез келген адам жануарларды қолдан ұрықтандыру қызметін бастағаны туралы уәкілетті органға хабарлама жіберсе болды, техник-ұрықтандырушы кәсібін бастай береді.
Жуырда бір топ қазақстандық фермер Техас штатындағы америкалық Vytelle компаниясының осы технологиясымен танысты. Ферма маманы Эдвин Сэмбрэно асылтұқымды сиырдан аналық ұрық жасушасын алып, оны асылтұқымды бұқаның ұрығымен ұрықтандырып, эмбрион өсірудің қалай жасалатынын, бүкіл биологиялық циклін түсіндірді. Манипуляциялардың бәрі сол жерде, жиынтығы шамамен 50 мың доллар тұратын арнайы жабдықта орындалады.
Бұған дейін әлемдегі фермерлер сиырларға асылтұқымды бұқаның ұрығын енгізу арқылы малды асылдандырумен айналысып келді. Бірақ бұл жағдайда фермер индекстік бағалауға сәйкес, өзіне қажетті сипаттамаларға сай бұқа ұрығын ғана таңдай алады. Сонымен бірге сиырдың сапасы белгісіз қалады.
Сондықтан бұл ескі тәсілді «эмбрионалды көбейту» ығыстырып жатыр. Онда сиырдың да, бұқаның да генетикалық тазалығы, асыл тегі ескеріледі. Сол дайын эмбрион енгізілетін сиыр олардың бұзауын туып беретін «суррогат аналық» қызметін атқарады. Мемлекеттен тиісті қолдау болса, ғылым министрлігі жүздеген миллиардынан қаржы бөлсе, бұл технологияны біздің ғалымдар да еш қиындықсыз игере алар еді.
Айхан ШӘРІП