Педагогтің ізденісі мен оқуы диплом алып, маман атанғаннан кейін де аяқталмайды. Біліктілік үшін жанталас жұмысқа орналасқаннан соң да жалғасады.
Алданған «ағартушы», арбаған алаяқ көп
2,219
оқылды

Қазір әлеуметтік желіде «мұғалімдерге портфолио жасаймыз», «аттестацияға жарамды сертификат береміз», «шетелдік конференцияға апарамыз» сияқты жарнамалар саңырауқұлақша қаптап жүр. «Министрлікпен тығыз байланыстамыз» деген кейбір компания оқытушылардың ақшасын алып, сан соқтырып та кеткен. Жалпы, ұстаздар неге осындай аты бар, заты жоқ ұйымдарға жиі алданады? Алаяқтықтың артында кімдер тұр?

Осыдан екі жыл бұрын Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мұғалімдерді аттестаттау, портфолио жинау мәселесі қайта қаралатынын айтқан еді. Себебі аттестацияның бірінші кезеңі, тестілеу­ден өткен ұстаз портфолио жинауға кел­генде сүрінеді. Ондаған жыл еңбек өтілі бар мұғалімдер үшін біліктілігін бір жапырақ сертификатпен дәлелдеу бір­шама пікірталас тудырды. 

­– Бұдан былай мұғалімдерді тестілеу, аттестаттау, әуреге салып портфолио жинату мәселесі қайта қарастырылады. Биылдан бастап мұғалімдер бірінші кезекте өзінің санатын дәлелдеу үшін ешқандай портфолио жинаумен айнал­ыспайтын болады. Өйткені бұл да – жем­қорлыққа итермелейтін дүниелер. Ананың туыстары барып жалған серти­фикат алып алады екен, мынаның туыс­тары барып орден, медаль барып алады екен. Сөйтіп, ақша төлеп оларды жи­най­ды. Ал ол ешкімге керек емес, – деді Ғани Бейсембаев.

Министрдің айтуынша, аттес­тация – мұғалімнің жетістігі емес, мұ­ғалімнің табысы оқушының жетістігі арқылы бағалануы керек. Екіншіден, мұғалім қалай сертификат аламын демей, оқу­шы­ның білімімен айналысуы қажет. Ал министрлік оқушысы жетіс­тікке жеткен мұғалімдерді сырт­тай бақылау арқылы автоматты түрде оның кат­е­гориясын өзі әкеп беруге тиіс еді. 

Ал­айда екі жыл өтсе де, аттестациялауда оң өзгеріс болған жоқ. «Баяғы жартас» сол күйінде. Білім беру саласында қызмет ететін 500 мың­нан астам педаг­ог біліктілік арттыру курстарына қаты­сып, сертификатын түгендеп әлек бол­ып жүр. 

АҚШ-қа барамыз деп алданған

Жақында Qazsaq media group атымен танымал компания Америкада конфер­ен­ция өткіземіз деп ұстаздардың ақша­сын алып, алдап кеткен. Әлеуметтік желіде бұл компанияның жарнамасы жер жарып тұр. Астаналық оқытушы Қар­лығаш Дюсупбаева осыдан 8 ай бұрын инстаграмдағы жарнаманың құрығына түскен. 

– «Білімдегі жасанды ителлект пен инновациялық әдістер» деген конфер­енцияға қатысуға шақырды. Тіл маманы болсам да оңбай алдандым. Себебі жұ­мыс істеу жүйелері керемет жасалған. Тақыры­бымды қарап, екі-үш күннен кейін жауап берді. Бірінші тақырып бойынша абстракт сұрады, одан кейін пре­зентация талаптарын жіберді. Бәрі академиялық жазылымға сай. Содан «сіздің тақыры­быңыз қабылданды, тез­детіп құжат­тарыңыз бен ақшаңызды жіберіңіз» деді. Сондай-ақ «біз оқыту­шы­лар мен мұғалім­дерден құралған бір­лестікпіз, бізге семинар өткізе аласыз ба?» деп те сұрады. Содан парақшаларын қа­ра­дым, көптеген таныс әріптестер тір­келіпті. Телефонмен сөйлесіп, ақшаны 100% төлеп, визаны күттім, – деп жазды Қар­лы­­ғаш Дюсупбаева Facebook-тағы парақшасында. 

Алайда алаяқ компания оқытушыларға қырық өтірік айтып, уақыт соза береді. Тіпті, оқытушының құжаттарын визаға да өткізбеген. Оның айтуынша, конфе­рен­ция 28 шілде мен 4 тамыз аралығында болуы керек еді. Бірақ ондай конференция атымен жоқ болып шыққан. Содан алдан­ғанын сезіп ақшасын талап етеді. Алайда компания директоры Диана Абдукадирова «Qazsaq Media Ғылым және жоғары білім министрі және Оқу-ағарту министр­лігімен тығыз байланыста» деп сендірген. 

Біз атышулы компанияның ресми сайтына кіріп көрдік. Портфолио толық­тыру прайсын 2020 жылы ашық жария­лапты. Стандарт пакет 5 500 теңге, ультра пакет 16 600 теңге деп көрсетілген. Мұ­ның ішіне сертификат, халықаралық диплом, алғысхат, сайтқа сабақ жариялау кіреді екен. «Оқу-ағарту министрі және Qazsaq басшыларының кездесуі өтті» деп министр Ғани Бейсембаевпен түскен суреттерін де сайттарының басты бетіне жариялапты. Дегенмен суреттің фото­шоп­пен жасалғанын бірден байқауға бол­ады. Компанияның қитұрқылықтары мұнымен таусылған жоқ. Qazsaq Media Group ЖШС мен Еуразиялық Педагогтер одағының негізін қалаушы Медина Рей мен Диана Абдукаримова фамилиясын әртүрлі көрсеткенімен екеуі де Нимад­жан­қызы. Яғни, бір үйдің балалары. Ми­чиг­ан университетіне конференцияға барамыз деп алданған оқытушылар саны қазір – 13. Олар –  әр өңірден. Бірі Ал­ма­тыда болса, енді бірі – Шымкентте. Ақ­ша­сын қайтара алмаған ұстаздар ортақ чат та ашыпты. 

– Мен инстаграмдағы жарнамадан Нью Йоркта Халықаралық конференция өтетінін көріп, Qazsaq Media Group-қа байланысқа шықтым. Басында бағасы бір адамға 900 мың теңге еді. Кейін екі адам баратындықтан 2 миллионнан астам теңге­ні несиеге алып, конференцияға төледім. Бұл қаржыға виза қызметі, конференцияға қатысу, халықаралық деңгейдегі серти­фикат, екі жаққа авиабилеттер, қонақүй, меди­циналық сақтандыру кірді, – дейді алданған ұстаз Айгүл Есен ( аты өзгертіліп алынды – ред).

Оның айтуынша, конференция был­тыр шілде, тамыз, қазан айларында өтуі керек еді. Бірақ тек шілде айындағы топ қана барыпты. Барғандардың да шағымы көп. Ұйымдастырушылар уәде берген талаптарды орындамаған. Мұғалімдер тіпті ондай конференцияға қатыспапты. 

– Бастапқыда төлемді толық жасатып алды. Кейін біз визадан өтпей қалғаны­мыз­ды естідік. Сонда да олар визаның, салықтың, конференция шақыруының ақшасы деп менен 600 мың ұстап қалып, қалғанын бес айда қайтарамыз деген. Бірақ олар екі айын қайтарды да, қалған айларды қайтармай отыр. Кейбір ұстаздар бір тиынын да қайтара алмады. Мені маза­лайтыны –  біздің визамыз шықпай тұрып, неге ұйымдастырушылар берген ақшамызды ұстап тастайды? Қолымызда сөйлескен жазбаларымыз, тікелей Диа­наға жіберген ақшаның чегі бар, – дей­ді мұғалім. 

Біз Медина Рейге де хабарласып, мәселенің анығын білуге тырыстық. 

Ал­айда ол нарықта 8 жыл бойы жұмыс іс­теп келе жатқандарын, бүгінге дейін әлемнің әртүрлі елдерінде 20-дан астам конферен­ция ұйымдастырып, 1 000 мұғалімді зама­науи технологияларға үйреткендерін алға тартты.

– Мұның бәрі мемлекет тарапынан ешқандай қолдаусыз жүзеге асты. 2024 жылы компаниямыз кейбір сенімсіз қыз­меткерлердің кесірінен қиын жағдайға тап болды. Сату бөлімінің басшысы өз тобымен бірге біздің конференцияларды негізсіз мұғалімдерге сатқан. Нәтиже­сінде, ақша үшінші тарапқа түсіп отырған. Осының салдарынан біздің компания үлкен шығынға ұшырады. Ал конфе­ренци­яға ақша төлеген мұғалімдер біз тіпті көрмеген қаражатты қайтаруды та­лап етіп отыр, – деді Медина Рей Instagram-ға жариялаған бейне үндеуінде.

Сондай-ақ оның айтуынша, АҚШ конференциясына шілде айында мұғалім­дерді алып барғанда, Нью-Йоркте ешқан­дай конференция жоспарланбағаны бе­лгі­лі болған. Осылайша, олар алаяқ сер­іктестеріне алданып қалыпты-мыс.

Алаяқтар заңды аттап үйренген

Заңгер Әлімжан Жұбатқановтың айту­ынша, алданған мұғалімдер ақшасын сот­пен қайтарып ала алады. Ол үшін ол­ардың қолында жауапкердің ЖСН нөмірі, мекен­жайы, байланыс нөмірі болуы керек. Бірақ ондай алаяқтар өз аттарына үй де, машина да тіркемейді. Сот шешімі шық­са, олардың банктегі есепшоттары бұғатталып, шетелге шығуына тыйым салынады. 

Алаяқтың қылмыстық кодекстің 190-бабы деп көрсетілген, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімге теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемдену ірі мөлшерде, адамдар тобының алдын ала сөз байланысуымен, ақпараттық жүйені пайдаланушының алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен жасалса мүлкі тәркіленіп, белгілі бір қызметпен айналысу құқығы­нан айырыла отырып, 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Егер де қылмыстық топ әрі аса ірі мөлшерде жасалса, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

– Білім саласындағыларға арналған байқаулар мен конференциялардың жарнамасына мұғалімдердің алданып қалып жатқаны рас. Оқу семинардың бағдарламасын, келісімшартын ұстаздар­ға жіберіп, «сертификат береміз» деп сен­імдеріне кіреді. Ондай ұйымдар өз мекенжайларын ірі қалалардың картасы­нан көрсетіп қояды. Бірақ мұғалімдер ол жерге барып қараса, ондай ұйымды тап­пайды. Ал байқауды ұйымдастырғандар телефондарын өшіріп, қашып жүреді. Міне, осындай оқиға алаяқтық белгілеріне жатады, – дейді заңгер. 

Ал мұғалімдер құқық қорғау орган­дарына арыз жазса, бұл азаматтық тәртіп бойынша қаралады. Себебі оқытушы мен ұйым арасында келісімшарт, ақша аудару туралы анықтама бар. Бірақ көп жағдайда тергеу органдары «мына істі қарауға негіз жоқ. Ортада келісімшарттары бар» деп басын ауыртпай, істі қайтарып жібереді. 

– Мұндай оқиға көп. Мұғалімдерді шетелде оқытамыз, біліктілігін арттыра­мыз дейтін алаяқтар жалған келісімшарт жасаса, сот тергеушілерінің қабылда­майтынын, мекенжайларын таба алмай­тынын біліп алған. Сыпайы түрде, мұндай адамдарды сот процесінің барлық қыр-сырын біліп алған алаяқтар деп айтсақ болады. Басында сөйлескенде мұғалім­дердің сеніміне кіріп алады да, соңында ақшасын да қайтармай, сертификатын да бермей кетеді. Тергеу ісінің тоқтағанын білгеннен кейін жәбірленуші заңгер жалдап, сотқа беріп, оның нәтижесін бірнеше ай күтуге ерінеді де көп істі аяқ­сыз қалдырады, – дейді адвокат. 

Әлімжан Жұбатқановтың пікірінше, Ішкі істер министрлігі, Прокуратура мұндай іске мән беріп қарауы керек. Егер алаяқ­тар бір рет болсын заң алдында жазаланса, білім саласында күмәнді байқаулар мен семинарлар болмаушы еді. Азаматтық тәртіппен қаралғаннан кейін осындай алаяқтық істер соңына дейін тергелмей жатыр. Алаяқтар оқытушы­ларды алдауды басынан бастап жоспар­лаған, ниеттері де алдауға бағытталған. Сондықтан қылмысқа алдын ала дайын­далғандықтан мұндай істі Азаматтық тәртіппен қарау жеткіліксіз. Алданған мұғалімдер арыз жазса, алаяқ ұйымдарды жалған жарнамасы үшін, алаяқтығы үшін бірнеше баппен жазалауға болар еді. Айта кету керек, «Жарнама туралы» заңның 20-бабына сәйкес жарнама таратушы заң талаптарын сақтамағаны үшін әкімшілік, қылмыстық жауапкершіліктер көзделген.

Бекітілген тізімге мән бермейді

Педагогтер тарапынан сертификат алып, портфолио жинауға сұраныс көп болғандықтан, ұсыныстар да толас­тамайтыны анық. Сертификат сатып, курс өткізуді бизнеске айналдырғалы да ұзақ жыл болды. 2020 жылы Оқу ағарту министрлігі жемқорлықтың алдын алу үшін сенімді курс тізімін №95 бұйрықта бекітті. Тіпті, сертификаттың жарамды яки жарамсыз екенін Ұлттық білім беру деректер базасынан да тексеруге бола­ды. 

 – Мұғалімдердің уатсап группа­ларында жеке ұйымдардың байқауға, конференцияларға шақырған жарна­малары толып жүр. Олардың заңсыз екенін біле тұра құзырлы органдардың ондай жарнамаға неге тыйым салмай­тынын түсінбеймін. Тіпті, 2020 жылы квалификацияға жарамды алғысхаттар мен сертификаттардың тізімі министр­лікпен арнайы бекітілген, – дейді білім сарапшысы Өмір Шыныбекұлы. 

Сонда да бұл тізімде жоқ байқауларға мұғалімдер қатысуын қояр емес. Бұл – ең бірінші, ұстаздардың сауатсыздығы. 

– Мен – Шымкент қаласында аш­ыл­ған жайлы мектептің бірінде маман қабылдау комиссиясының төрағасы­мын. Сол оқу орнына құжат тапсыр­ғандар арасында жарамсыз сертифи­каттар мен алғысхат өткізгендер өте көп. Тіпті, директордың орынбас­арлығына өзін ұсынған педагогтер де осы қателікті қайталап, комиссия мүше­лерінің уақытын алып отыр. Бұл мә­селені құзырлы органдар қолға алмаса үлкен мәселеге айналатыны анық, – дейді Өмір Шыныбекұлы. 

Айта кету керек, бірнеше жыл бұрын «Ұлт ұстазы» деген атақты бар болғаны 10 мың теңгеге сатып алған мұғалім­дердің сертификаты ғаламтор бетін шарлап кеткен еді. Арзан атақ тарататын алаяқ ұйымдардың аяғына тұсау салат­ын, сертификат алу мұғалім үшін ар мен ұяттан биік тұртатын күннің қашан туары бәрімізге белгісіз.

Көктем ҚАРҚЫН