Президент «Жаңа адамдар» жастар форумында сөз сөйледі.
«Еңбек культін қалыптастыру – аса маңызды міндет» – Мемлекет басшысы
Фото: Ақорда
798
оқылды

Мемлекет басшысының айтуынша, елімізде заман талабына сай білікті мамандар: мұғалімдер, дәрігерлер, ғалымдар, инженерлер, өнеркәсіптегі жұмысшылар және басқа да мамандар жетерлік, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

«Сондай дарынды азаматтардың арқасында бүкіл әлем жұртшылығы Қазақстанды талантты әрі еңбекқор адамдардың елі деп танитын болды. Мемлекет креативті индустрияның дамуына барынша ықпал етеді. Қазір арнайы қор құрылып жатыр. Ол әдебиет, музыка, кино, сериал және компьютер ойындарына қатысты жобаларды жүйелі түрде қолдаумен айналысады. Жастардың қарым-қабілетін көрсетуіне бұл да бір керемет мүмкіндік. Ең бастысы, адал еңбек етіп, адал табыс табу, яғни адал азамат болу. Биыл – «Жұмысшы мамандықтары жылы». Біз қоғамда еңбек адамының абырой-беделін көтеріп жатырмыз. Еңбек культін қалыптастыру – аса маңызды міндет. Кез келген жұмыс – қадірлі. Әсіресе, жұмысшы мамандықтарын игерген жастарымыз зор құрметке лайық», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Қазақстанды көркейту қастерлі парыз екенін атап өтті. Берекелі бірлік пен жастардың жасампаздық қуатының арқасында Әділетті Қазақстанды бірге құратынымызға сенім білдірді.