Форд бір сұхбатында: «Бостандыққа шыққанда жұрттың бәрі ФТБ сияқты құлағына бірдеңе салып алған, неге бұлай істеп жүр деп таңғалғаным есімде. Сөйтсем, бұл құлаққап екен, олар жай ғана әуен тыңдап жүрген» дейтіні бар. Расында, о баста тек қызметтік мақсатта қолданылған құлаққаптар бүгінде әркімнің қалтасында бар. Әрі бастапқыда тыңдауға ғана жараған құрылғы бүгінде тілдесуге мүмкіндік беріп отыр. Ал оның даму тарихы тіптен қызық…
Динамикті «жекешелендіру»
Техносарапшылар құлаққаптың шығу тарихын адамзаттың тыңдау талғамымен тығыз байланыстырады. Яғни, біреуге ұнаған дыбыс-дауыс енді біріне жақпайды. Осы «қолайсыздық» динамикті жеке мақсатта қолдану технологиясын туғызды және 1878 жылы электродинамикалық түрлендіргішке (динамик) алғашқы патент алынды, бұл акустикалық жүйені әзірлеудің бастамасы болды.

Динамикті «жекешелендіру», яғни оны бір адам ғана естуіне жағдай жасау алғаш кәсіби мақсатта жүзеге асты. 1880 жылдың басында телефон операторлары жеке құлаққаптарды қолдана бастайды. Бұл бір бөлмеде бірнеше адамның бір-біріне кедергі жасамай телефонмен сөйлесуіне мүмкіндік берді. Бұл уақытта 1890 жылдары Англияда Electrophone System компаниясы құрылды, олар концерт залдарына микрофондар орнатып, абоненттерге телефон арқылы симфониялар мен театрлық пьесалар тыңдауды ұсынды. Бұл қызмет түрі ақылы еді – жылына 5 фунт. Ал тағы бір фунт қоссаңыз, екінші динамик қосуға болатын, бұл құлаққаптарды сұранысқа ие етті.
Ол кездегі құрылғылардың пішіні қазіргі құлаққаптарға ұқсаған жоқ. Алғашқы жеке тыңдау жүйелері ауыр болды. Телефон операторлары пайдаланатын құлаққаптардың салмағы төрт келідей, тыңдаушының иығына тіреліп тұратын. Ал Electrophone ұсынған құрылғы дәрігердің стетоскопына ұқсайтын. 1891 жылы француз инженері Эрнест Меркадье bi-telephone құрылғысын патенттеді. Бұл қазіргі құлақішілік құлаққаптардың прототипі еді, ол 130 жылдан астам уақыт бұрын ұсынылған. Дәл осы прототипте өнертапқыш құрылғыны ыңғайлы ету үшін амбушюрлерді пайдалануды ұсынды.

Сапа мен дизайн
Қазіргі бізге таныс пішіндегі алғашқы құлаққаптардың бірі – америкалық Натаниэль Болдуиннің Radio Head-Set өнертабысы болды. 1910 жылы жылы қолданысқа енген құрылғы адамның басына ыңғайлы киілетін – дәл мұндай құрылымды әлі күнге дейін кездестіреміз. Ол уақытта дыбыс әлі моноформатта болғанымен, қолданушылар бұл жаңашылдыққа ерекше қуанды. Болдуин бұл өнімін өз үйінің асханасында жасайды және бұл жаңалығын қарапайым әрі қымбат патентке тұрарлық деп санамайды. Осылайша, жас инженердің идеясын басқа өндірушілер көшіріп, сәтті өнімдер жасап шығарды.
1924 жылы құлаққаптар тарихындағы келесі үлкен жаңалық Ойген Бейер жасайды. Ол Берлинде Elektrotechnische Fabrik Eugen Beyer атты дыбыс зорайтқыштар шығаратын зауыт құрды. 1937 жылға қарай Beyerdynamic атауымен танымал болған компания әлемдегі алғашқы динамикалық құлаққаптар – DT 48 үлгісін шығарды. Бұл құлаққаптар Болдуиннің радиогарнитурасына қарағанда әлдеқайда жоғары дыбыс сапасын ұсынды.

1950 жылдары жеке тыңдау мәдениетінің жаңа кезеңі басталды. Бұған бірнеше маңызды фактор әсер етті: халық табысының өсуі, стереожүйенің пайда болуы және винил пластинкалардың кең таралуы. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, 1958 жылы америкалық джаз музыканты Джон К. Косс әлемдегі алғашқы стереоқұлаққаптар – SP/3 үлгісін ұсынды. 1960 жылдары басты музыка көзі радио болды, сондықтан нарықта AM және FM толқынын қабылдайтын радиоқабылдағышы бар құлаққаптар пайда болды. Бір қызығы, нарықта әлі күнге дейін радиоқұлаққаптар бар.
Жаңашылдық жылдары
90-жылдарға дейін құлаққаптарды сапалы әрі ыңғайлы ету мақсатында түрлі жаңашылдық жасалды. 1968 жыл Sennheiser алғашқы HD 414 ашық құлаққаптарын шығарды. Бұған дейінгілері ауыр, басқа киілетін тұсы жабық болды. Бұл ұшқыштар мен әскерилердің талаптарына сай болғанымен, қарапайым тұтынушыға қолайсыз еді. 1979 жылы Sony компаниясы портативті дыбыс дәуірін жасай алды. Олар Walkman плееріне MDL-3L2 құлаққаптарын қосып сатты. Сәйкесінше, тыңдаушы кез келген жерде – жолда, көлікте, табиғат аясында музыка тыңдай алатын болды. 1979 жылы Bose компаниясы шу басатын құлаққаптарды ойлап тапты. Бұл технология сыртқы шуды жоюға көмектесіп, тыңдаушыларға музыка мен дыбысты таза әрі кедергісіз тыңдауға мүмкіндік берді.

2005 жылы Bluetake компаниясы алғашқы Bluetooth технологиясының көмегімен i-Phono BT420EX үлгісін шығарды. Бұл модель сымсыз байланыс технологиясын пайдаланатын алғашқы құлаққаптардың бірі болды. 2000 жылдардың басында құлаққаптар жай ғана қолданбалы құрылғыдан стильді дизайнмен ерекшеленетін аксессуарға айналды. Бұл өзгеріс үшін Apple, Bose және Beats by Dr. Dre компанияларын ерекше атап өтуге болады, олар құлаққаптың дизайнымен еркін эксперимент жасап, өз өніміне Bluetooth, дауыстық басқару және ақылды қызметтер сынды жаңа технологияларды енгізуде батыл болды.
Асыл ТҰМАР