«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы жанынан құрылған мониторинг топ мүшелері өңірдегі көктемгі су тасқынының алдын алу бағытындағы жұмыстарға партиялық бақылау жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Мониторинг жұмысына партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, облыстық және қалалық партиялық бақылау комиссиясы төрағалары мен орынбасарлары, депутаттық фракция мүшелері мен жауапты сала мамандары қатысты.
Жалпы, облыс аумағынан өтетін Сырдария өзенінің ұзындығы 1 274 шақырымды құрайды. Ондағы қорғаныс бөгеті 625,12 шақырым. Осыған орай, су тасқынына бейім 29 елді мекен белгіленген. Онда 70 мыңнан аса тұрғын, 14 мыңға жуық тұрғын үй орналасқан. Бүгінде ықтимал су тасқынының алдын алу бойынша кешенді шаралар жүргізілуде. Мәселен, облыс әкімдігімен қысқы-көктемгі кезеңде Сырдария өзенінде үлкен көлемдегі суды қауіпсіз өткізу жоспары бекітіліп, су тасқынына қарсы жасалатын инженерлік жоспардағы іс-шаралар, 87,5 пайызға орындалған.
Облыстық жұмылдыру дайындығы аумақтық және Азаматтық қорғаныс басқармасының бөлім басшысы Бақытжан Жүндабековтің айтуынша, су басу қаупі бар аймақтарға арнайы техника, күш-құралдары бар жауапты мекемелер бекітілген.
«Бұл 29 су басу қауіпі бар аймаққа 135 мекеме бекітілген. Оларда 410 арнайы техника және 1 234 адам күші бар. Су тасқынына қарсы материалдық-техникалық қорлар қажетті көлемде қалыптастырылды. Су тасқыны кезеңінде халықты көшіру пункттері де дайын. Тиісті сала мамандарымен Сырдария өзені арнасындағы 10 су бекеті мен 4 су торапында су деңгейіне күнделікті мониторинг жүргізілуде», – дейді Б.Жүндабеков.
Атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов халықтың қауіпсіздігі бәрінен маңызды екенін тілге тиек етіп, азаматтық қорғау қызметінің басшыларына тәуліктің кез келген уақытында, кез келген нәрсеге дайын болу керегін жеткізді.
Жалпы, қазіргі таңда Сырдария өзенімен облысқа келіп жатқан судың көлемі 463 м3/сек. Жетікөл каналының сағасынан 5 шақырым төмен, Қызылорда су торабынан 75 шақырым жоғары мұз ұстасқан. Жөлек елді мекені тұсында 10-15%, Тартоғай елді мекені тұсында 30% Сырдария өзенінде сең жүруде. Барлық қауіпті учаскелерде кезекшілік жұмысы ұйымдастырылуда.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.