Жеті өзеннің тоғысында жатқан Жетісу облысында да ауызсу мәселесі толықтай шешімін таппай отыр. Дерек бойынша, облыс тұрғындарының 91,3 пайызы ғана орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Яғни, аймақтағы 358 елді мекеннің 327-сі ғана тазартылған ауызсу құбырына қосылған.
Айқай-шуға арқау болған ауызсу
333
оқылды

Өкінішке қарай, облыстағы елді ме­кендерді орталықтандырылған сумен қам­тамасыз ету жұмысы баяу жүруде. Же­ті­су облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасы­ның мәліметтері бойынша, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тапса, биыл сапалы ауыз­сумен қамту деңгейі 92,5 пайызға жетуі мүмкін екен. Ал өңірдегі су құбыры желілері­нің жалпы ұзындығы 3 935 шақ­ырым­ды құрайды.

– Былтыр сумен жабдықтау жүйелерін салу және қайта жаңарту бойынша 9 жаңа және 13 өтпелі жо­ба­ны қоса алғанда, 22 жоба аяқталды. Мұны іске асыруға рес­публикалық және жергілікті бюджеттен 7,7 млрд теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде, 267 шақырым су құбыры желісі салынып, 14 елді мекенде ауызсудың сапасы жақсарды. Атап айтқанда, Алакөл ауданындағы 2 ауыл орталық­тандырылған су жүйесіне қосылды. Бұл ретте 6 елді мекендегі жобалар өтпелі жоба санатында, – дейді Жетісу облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Бекетаев.

Жалпы, аймақтағы ауыл тұрғын­дары сапалы ауызсуға қол жеткізуден биыл да үмітті. Есеп бойынша, биыл  Алакөл ауданы Теректі, Қоңыр, Лепсі, Ескелді ауданы Жал­ғызағаш, Қаратал ауданы Ұмтыл, Кербұлақ ауданы Ақбастау, Тастыөзек, Панфилов ауданы Қырыққұдық, Шолақай, Керімағаш ауылдарында және Көксу ауданы Көксу стансасында, сондай-ақ Талдықорған және Текелі қала­ларында рес­публикалық бюджеттен 14 жобаны іске асыру үшін 3,4 млрд теңге қарастырылған. Нәтижесінде, 2 604 адам тұратын Алакөл, Қаратал, Ақсу, Панфилов аудандарының 4 ауылы орталықтандырылған сумен қам­тама­сыз етілмек. Бұйырса 267 шақырым сумен жабдықтау желілері салынып, қайта жаңартылады екен.

Айтпақшы, жақында Алакөл ауданына қарасты Лепсі ауылының тұрғындары ауызсумен қамтуға қатысты мәселе көтеріп, журналис­терге шағымданған болатын. Мыңнан аса тұрғыны бар Лепсі ауылы шы­ғыс шекараға жақын орналасқан. Қазір ауылда 330 үй бар екен. Ал ауылда ауызсу құбыры жоқ. Жұрт тұтынатын ауызсуды тау етегіндегі өзеннен тасып ішетін көрінеді. Ауылдағы ағайын орталықтандырылған су құбырын күткелі он бес жыл уақыт бол­ыпты. Есепті кездесулер кезінде жер­гілікті шенеу­ніктер бұл мәселені шешуге уәде берсе де, елді мекенге 50 жыл бұрын тартылған су құбырының бар екендігіне сілтеп келіпті.

Қазір облыс билігі бұл жағдайдан ха­бар­дар. Бірақ Лепсі ауылындағы айқай шуға арқау болған ауызсудың мәселесін толқытай шешуге әлі екі жылдай уақыт керек екен. Ауыл әкімі Берік Әукеновтің журналистерге берген мәліметі бойынша, Лепсі ауылына орталықтандырылған су жүйесін жүргізу үшін 2 млрд 900 млн тең­ге қажет екен. Былтыр сметалық құжаттар әзірленіп, тендер өтіпті. 800 млн теңгеге жуық қаражат игеріле бастаған. 

Жалпы, Алакөл ауданын ауызсуға қа­тысты айқай шу жиі шығатын ай­мақ деуге болады. Бұған дейін аудан­дағы Екпінді ауыл­ының тұр­ғындары да уәж айтқан еді. Мәлімет бойынша, 2008 жылы Екпіндіге ор­та­лықтандырылған ауызсу жүйесі салынған. Алайда ол құбыр ауылдағы бар­лық көшеге тартылмаған екен, соның кесірінен ауылдың жартысы ауызсуды өзеннен тасып ішуге мәжбүр болып отыр. Яғни, бір ауыл ғана емес, аудандағы 56 елді мекеннің көбінде сапалы ауызсуға сұраныс жоғары деген сөз. Ал аудан бойынша орталық су құбырына қосылған ауылдардың үлесі 85 пайызға енді жетпек. Онда да қаржысы бөлініп, құрылысы қызу жүріп жатқан Бибақан, Екпінді, Көктұма және Тоқжайлау ауылдарындағы орталық­тандырылған су құбыры жүйесі дер кезінде іске қосылса...

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

Жетісу облысы