Тараптар серіктестікті одан әрі нығайту бойынша талқылау жүргізді.
Қазақстан мен Ұлыбританияның СІМ өкілдері стратегиялық серіктестік мәселелерін талқылады
Фото: СІМ баспасөз қызметі
479
оқылды

Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Елшісі Кэти Личпен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Кездесу барысында тараптар екі елдің 2024 жылғы өзара іс-қимыл қорытындыларын талқылап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармердің Бакуде өткен СОР29 алаңындағы кездесуі ерекше аталып өтті.

Сұхбаттастар Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы Стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қою нәтижелері бойынша ынтымақтастықты кеңейту жоспарларын, сондай-ақ алдағы іс-шаралар кестесін қарастырды.

Екі ел өкілдері саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларда, ғылым және білім бағытында, оның ішінде Ұлыбританияның академиялық институттары мен университеттерін Қазақстанға тарту бойынша қарқынды өзара іс-қимылды құптады. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін жаңа қолайлы жағдайлар жасау мен екіжақты белсенді байланыстарды қолдау бойынша ортақ мүдделілік танытты. 

Тараптар серіктестікті одан әрі нығайту бойынша келесі қадамдар аясында қазақ-британ Стратегиялық диалогі мен Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы сияқты екіжақты тетіктердің жұмысын жалғастыруға ерекше назар аударды.

Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы сирек жер металдары саласындағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.