Елена Рыбакина төртінші айналымға өту үшін әлемнің 33-ракеткасы, украиналық, 24 жастағы Даяна Ястремскаямен кездеседі.
Елена Рыбакина және Юлия Путинцева Australian Open-2025 турнирінің үшінші айналымына өтті
Фото: ҚТФ
430
оқылды

Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева Аустралия ашық чемпионатында сәтті ойнап жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина екінші кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 191-орындағы америкалық, 17 жастағы Ива Йовичпен бетпе-бет келді.

Қазақстан теннис федерациясы баспасөз қызметінің мәліметінше, Рыбакина бірінші партияда бет қаратпады – 6:0. Екінші сетте Йович ұзаққа созылған геймде есепті теңестірді – 1:1. Сосын тіпті брейк жасап кетті – 2:1. Дегенмен Елена алысқа ұзатпады – 3:3. Содан кейін өзі алға шықты – 5:3. Матчқа доп бергенде, қиналған жоқ – 6:3.

Бір сағат 20 минутқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 4 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. 

Елена Рыбакина төртінші айналымға өту үшін әлемнің 33-ракеткасы, украиналық, 24 жастағы Даяна Ястремскаямен кездеседі. Ол небәрі 52-минутта черногориялық Данка Ковиничті ойсырата ұтты – 6:0, 6:1.

Әлемнің 23-ракеткасы Юлия Путинцева екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 204-орында тұрған қытайлық Чжан Шуайды сынап көрді. Путинцева бірінші партияны 6:2 есебімен аяқтады. Екінші сетте де сол қарқынынан жаңылған жоқ – 6:1.

Бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған бәсеке барысында Юлия 3 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың бесеуін өз пайдасына жазды. Юлия Путинцева төртінші айналымға өту үшін әлемнің 10-ракеткасы, ресейлік Дарья Касаткинамен кездеседі.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.