2025 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде онлайн микроқарызды ресімдеу кезінде биометриялық сәйкестендіруді де, электрондық цифрлық қолтаңбаны да міндетті түрде бір мезгілде қолдану енгізіледі.
Онлайн несиені реттеу – алаяқтыққа шектеу
458
оқылды

Сонымен қатар микроқаржы ұйымдары клиентке ақша аударғанға дейін банктік шоттың немесе төлем картасының оған тиесілігін анықтауы қажет. Қазір банктер төлемдер мен аударымдарды жүзеге асыру кезінде клиентке тексеру кодын оның ұялы нөміріне жібереді. Ендігі кезекте қаржы ұйымдарына кем дегенде екі әдіс арқылы – биометрия және ЭЦҚ қолдану қажеттілігі туралы талаптар қойылмақ. 

Жуырда Мәжілісте бүгінде әрбір екінші қазақстандыққа банк қызметкерімін деп алаяқтардың қоңырау шалатыны жайында мәселе көтерілген. Депутаттар онлайн несие беруге тыйым салу арқылы интернет-алаяқтарға тосқауыл қоюға болады деп есептейді. Сондай-ақ Парламент өкілдері есірткіге тәуелді және психикалық денсаулығы нашар адамдарды несиелеу құқығымен шектеу керек деп санайды.

«AMANAT» фракциясының депутаты Никита Шаталов: «Мұндай алаяқ­тық схемалар онлайн несиелеудің қолжетімділігі мен қарапайымдылығына байланысты деген пікір бар. Бір топ қоғам қайраткерлері Қазақстанда онлайн кредиттерге тыйым салу туралы петиция да жариялаған болатын. Жұмыс тобы депутаттардың онлайн кредиттер беруге тыйым салу туралы ұсыныстарын да қарайды. Біз осы түзету бойынша Үкіметтің қорытындысын күтеміз», – деген болатын. 

Депутаттық сауалға жауап ретінде Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов банктерге онлайн-кредиттерді ресімдеу кезінде өтінім берілгеннен кейін 1 күн ішінде жауап беру тәсілін ұсынды. Бұл клиентке алаяқтық себебінен өзіне жүктелген несиеден бас тартуына мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде азаматтардың қарыз алудан ерікті түрде бас тартуға құқығы бар. Ұлттық Банк мәліметіне сүйенсек, бұл мүмкіндікті 700 мыңға жуық азамат пайдаланған.

Ал толықтай тыйым салу мәселесіне қатысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мұндай түбегейлі шараларды қолдану мүмкін емес деген пікірімен бөлісіп отыр.

«Қазір қаржылық, банктік қызметтер қосымшалар арқылы онлайн режимінде көрсетіледі. Барлық қызметтерді цифрландыру жүргізілді. Бұл көптеген қазақстандықтардың мүддесін қозғайды. Сондықтан оған тікелей тыйым салу туралы шешім шығаруға әлі ерте деп есептейміз», – деді ол.

Өз кезегінде Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин онлайн-кредиттерге тыйым салуды «кері қадам» деп атады. «Электрондық банктік қызмет көрсетуге толық тыйым салу, әсіресе банктік қызметтерді ғана емес, басқа да мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жағдайында кері қадам. Банктік қызметтерді электрондық тәсілмен ұсыну­ды бақылауды қатаңдату қажет. Былтырғы жылдың шілде айының соңында антифрод-орталық іске қосылды, іске қосылған сәттен бастап 600 млн теңгеге дейінгі сомаға 5,5 мыңнан астам оқиға өңделді. Оның 17 млн теңгесі өз еркімен қайтарылды. Бұл орталықтың одан әрі жұмысы алаяқтық деңгейін төмендетуге ықпал етеді. ҰҚК антифрод-Орталығына, оның жұмысына әлі қатыспайтын ұялы операторларға қосылу пысықталуда», – деді ол

Ал Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Ирина Кушнарева онлайн-несиеге тыйым салуға және «салқындату кезеңін» енгізуге қатысты шешім қабылдауға неге асықпау керектігін алға тартты. 

«Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заңын қарау кезінде алған тәжірибемізді, жұбайының (зайыбының) келісімінсіз несие алуға тыйым салу үшін заңнамаға өзгерістер енгізуді және осыған ұқсас бастамаларды ескере отырып, қаржы қызметі және қаржы қыз­меттерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында ұсынылатын барлық өзгерістер бейінді мемлекеттік органдардың, яғни Ұлттық Банк мен ҚНРДА, қаржы ұйымдары және Парламент депутаттарымен егжей-тегжейлі сындарлы талқылаудан өтуі қажет», – деген пікірде.

Одан бөлек, заңнамада «онлайн-­кредит» немесе «онлайн-кредит беру» туралы анықтама жоқ. Сондықтан қа­шықтықтан несие беруден бас тарту мәселесі қарыз алушылар тарапынан рәсімнің ыңғайлылығына, жылдамдығына және қарапайымдылығына үйренген миллиондаған қаржы қызметтерін тұтынушылардың мүдделерін қозғайтын одан да күрделі процесс дейді сарапшы. ЕДБ тарапынан бұл оңай болып көрінгенімен, шын мәнісінде әрбір шағын несие беру, соның ішінде тауарды бөліп төлеуге сатудың артында ішкі шектеулер мен тәуекелді бағалау бойынша технологиялық күрделі процедуралар бар.

Сонымен қатар қаржы мамандары алаяқтардың әсерінен клиенттердің ақша жоғалтуы немесе несие алуына қатысты депутаттардың мәселе көтеруі орынды екенін айтуда. Дегенмен «статистика бойынша мұндай жағдайлардың жиілігі оннан бір пайыздан аз, ал тыйым барлығына әсер етеді» дейді ол.

Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, «салқындату кезеңі», мысалы, Ресей Федерациясында кездеседі. Бірақ клиент белгілі бір алаяқтық шоттарға аударғысы келген жағдайларда ғана қаражатты аудару мерзіміне шектеу қойылады. Ал мұндай шоттардың тізімін РФ Орталық Банкі жүргізеді және ол барлық банктерге қолжетімді болады. Мұндай шоттардың базасы жаңартылып отырады, сондай-ақ банктер клиенттің төлемін екі күнге дейін тоқтатуға және оған ескертуге міндетті. 

Десе де, соңғы кезде еліміздегі тұтынушылық несиелердің үлесінің жыл сайын артуы қалыпты үрдіске айналып отыр. Оған қаржы нарығындағы инновациялық технологиялардың әсері бары анық. Салыстыра айтқанда, 2024 жылдың басынан бастап банктердің жалпы несие портфеліндегі бұл қарыздардың үлесі 34,6%-дан 38,3%-ға дейін ұлғайып, 12,85 трлн теңгеге дейін өскен. Сонымен қатар Ұлттық Банк статистикасына сүйен­сек, қыркүйек айының қорытындысы бойынша бизнеске берілген несиелердің үлесі жыл басындағы 44%-дан 42%-ға дейін төмендеді. 

Естеріңізге сала кетейік, былтыр Мемлекет басшысы «экономиканың нақты секторына кредит беруді кеңейту және халықтың кредиттелуін төмендету» жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойған еді. 2024 жылдың маусымында осы Жарлық аясында қолданыстағы банктік нормативтерге үлкен түзетулер қабылданды. Алайда Halyk Finance сарапшыларының пікірінше, несие беруді реттеу саласындағы теңсіздіктерге жоғары базалық мөлшерлеме, жеңілдетілген кредит беру бағдарламалары арқылы мемлекеттің қаржы секторына араласуы және ШОБ секторының жалпы дамы­мауы тікелей әсер етеді деп есептейді.

Қазір банктік несие қоржынының жалпы көлемі – 33,5 трлн теңге. Бұл көр­­сеткіш соңғы бір жылда 21,2%-ға ұл­­ғайған. Ал халыққа берілетін кредиттер портфелі жылына 24,5%-ға (айына 1,5%-ға) артып, 19,4 трлн теңгеге жеткен.

Кәмила ЕРКІН